Вернуться к списку статей

“Ертіс-2001” халықаралық турнирдің финалына шықты

Футбол
1K
«Ертіс-2001» Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің финалына шықты. Фото: fcirtysh.kz
«Ертіс-2001» Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің финалына шықты.

Ресейде өтетін FIFA-2017 Конфедерация кубогының құрметіне арналып ұйымдастырылған халықаралық турнирдің көмбесі көріне бастады. Кеше үшінші турдың ойындары өтіп, «Ертіс-2001» өрендері Тәжікстан-U16 құрамасымен кездесіп, тең түсті. Есеп – 2:2.

Ойын басталған бетте Тәжікстан таланттары шабуылды үдетіп, екі гол соғып, алға шыққан. Бірақ «Ертістің» ізбасарлары қарсыластарының аптығын басып, ойын аяғына дейін таразы басын теңестірді. Бұл ойында екі голды да Рахат Тұрсынханов соқты.

Негізі, «Ертіс-2001» командасы бұл ойында көп күш жұмсамауға тырысқандай. Тең түссе де, финалға шығатындарын біледі. Ең бастысы, бүгін кешке өтетін финалдық ойында жеңіске жету керек. Қарсыласы – Армения-U16 құрамасы.

Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс-2001» Сочидегі халықаралық турнирде әуелі Краснодар өлкесі құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін Армения-U16 құрамасын 2:1 есебімен жеңген болатын. Сөйтіп, топтық кезеңде жеті ұпаймен бірінші орынға ие болды.

Халықаралық турнир. Сочи-2017

1-тур

«Ертіс-2001» – Краснодар өлкесі-U16 – 3:1
Армения-U16 – Тәжікстан-U16 – 3:1

2-тур

«Ертіс-2001» – Армения-U16 – 2:1
Тәжікстан-U16 – Краснодар өлкесі-U16 – 5:0

3-тур

«Ертіс-2001» – Тәжікстан-U16 – 2:2
Армения-U16 – Краснодар өлкесі-U16 – 6:1


Финалдық ойындар:

3-орын үшін: Тәжікстан-U16 – Краснодар өлкесі-U16
Финал: «Ертіс-2001» – Армения-U16

P.S.:
Өкінішке қарай, Қазақстан командасы финалда Армения бозбалаларынан 2:4 есебімен ұтылып қалды. Бұл құраманы топтық кезеңде жеңгендерімен (2:1), шешуші ойында есе жіберіп алды... Бұйырғаны екінші орын болды.
Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика