Вернуться к списку статей

Батыста балаларды баптайтын бапкер

Футбол
2K
Батыс Қазақстанда балаларды баптайтын – Сергей Любавин
Өмірін спортпен байланыстырған, спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Сергей Любавин.

Кіріспе

Біздің сайт тек қана Астана футболының тыныс-тірлігін ғана емес, жалпы Қазақстан футболының да ерен жетістіктері мен күрмеуі күрделі мәселелерін де қамтып жүр. Жақында редакциямызға Батыс Қазақстан облысындағы тұрақты оқырманымыздан хат келді. Ол өз өңірінде ізгілікті де, ұлағатты іспен айналысып жүрген жерлесі жайлы мақала жазыпты.

Жарияламауға дәтіміз бармады. Өйткені, біздің ұранымыз – «Футболды бізбен бастаңыз!». Аз ғана жалақы алса да, Біз жас ұрпақты тәрбилепе, балаларға футбол әліппесін үйретіп жүрген жас бапкерлерді жоғары бағалаймыз. Әр өңірде осындай бапкерлер көбейе берсе дейміз.

Футболға әкесімен еріп келген

Өмірін спортпен байланыстырған, спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Сергей Любавин.

Өткен ғасырдың 90 жылы аудан орталығы Переметный ауылында дүниеге келген Сергей аяқдопқа 10 жасында келеді. Алғаш рет алаңға әкесімен бірге келген баланың футболға деген қызығушылығы бірден ояныпты.

«Әкем сияқты футболшы болсам» деп армандаған Сергейге аяқдоп әліппесін облыс біріншілігінің 3 дүркін жеңімпазы, түрлі халықаралық, республикалық турнирлерде бақ сынаған Алексей Терехов үйретеді.

«Алексей бапкерім допты тоқтатуды, қалай тебуді және футболдың түрлі тактикасын үйретті. Бұл бапкердің үйреткендері әлі есімде», – деп өзінің алғашқы бапкерін есіне алады Сергей.

«Былғары доп» турниріндегі жетістік

Ол 13 жасында өңірімізге танымал Александр Субботин мен Айдос Қарсақовтың қол астына өтеді. Өз ісінің шебері Александр Субботин баптаған ауданымыздың командасы облыста ғана емес республика көлемінде де көңілге қонымды нәтиже көрсете бастайды.

Дәл осы уақытта елімізде футболды дамытуға көңіл бөлініп, балаларға арналған «Былғары доп» турнирі ұйымдастырылады. Рауан Сариев, Сергей Хижниченко сияқты танымал футболшыларды сыйлаған турнирде Суботин мен Қарсақов баптаған біздің футболшылар да қатысады.

Аталмыш турнирдің алдымен аудандық, кейін облыстық кезеңінде жеңіске жеткен аудан футболшылары республикалық доп додасының Тараз қаласында өткен финалдық кезеңінде бақтарын сынайды. Жай ғана ойнап қоймай, финалға да шығады.


2005 жылы Тараз қаласында өткен республикалық «Былғары доп» турнирінің күміс жүлдегері атанған аудан командасы

Сол финалдық ойында Тараз футболшыларына жол бергенімен елге жеңімпаз ретінде оралған жас футболшыларды жерлестерінің қалай қарсы алғандығы жайында Сергей: «Әр футболшының өмірінде өзі сағына еске алатын жеңістері болады. Біз Тараз жерінде өте салиқалы ойын өрнегін көрсеттік. Еліміздің Қарағанды, Алматы, Ақтөбе сияқты алпауыт қалаларынан келген ұжымдардан асып түстік. Финалда жеңілгеніміздің өзі, біз сияқты ауылдан барған балалар үшін – үлкен жетістік. Ауданымызды Қазақ еліне танытқан сол бір топ балалардың ешқайсы да өзінің өмірін футболмен байланыстырмағаны болмаса, біздің команда ойыншылары ешкімнен кем емес болатын», – деп еске алады.

Бапкерлікке бет бұру

Осы бір жеңістен соң мамандар көзіне іліккен Сергей қала, облыс құрамасына шақыртулар ала бастайды. Бірақ ауыл баласына одан әрі үлкен футболға апарар «даңғыл жол» табылмайды...

Әйтсе де, ол жасымай, өзінің сүйікті ойынынан алыстап кеткен емес. Футболдан ажырамай келе жатқан жігіт ағасы бүгінгі таңда бапкерлік жолды таңдаған. Ол мұны «әкесінің жолын жалғастырғысы келгендігімен» байланыстырады.

Жалпы, Сергей Александровичтің футболда жеткен жетістіктері аз емес. Аудандық түрлі додаларды былай қойғанда, облыс біріншілігінің екі дүркін чемпионы, республикалық жарыстың күміс жүлдегері деген атағы бар.

Бұл күндері оның қол астында жаттыққан балалардың алды мектеп бітіріп, түрлі оқу орындарына түскен. Қазір балалармен түрлі доп додаларына шығып жүрген жас бапкердің тырнақалды жетістіктері аз емес. Оның шәкірттері – облыстық деңгейдегі «Былғары доп» турнирінің үш дүркін жүлдегерлері, П.Атоян кубогінің жеңімпаздары.

Сондай-ақ Орал қаласында өткен республикалық турнирде 3-орыннан көрінсе, Ресей Федерциясында жыл сайын өтіп тұратын Саратов облысы губернаторының кубогі турнирінде де тамаша жеңістерге жетіп жүр. Жақында «С» санатты жаттықтырушы дәрежесін алған жас бапкер: «шахмат спорт, боксты өнер, футбол өмірімнің мәні»,- дейді.

 

Түгелбай Бисенов

БҚО, Зеленов ауданы

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика