Вернуться к списку статей

Қазақстан футболының ресми сайты Men's Health жорналының мұқабасы емес

Футбол
1K
Жаңа Бас хатшы жайлы мақалалар
«Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, өз ойымызды ашық білдіруді жөн көрдік... Қазақстан футбол федерациясының жаңа Бас хатшысы өз қызметіне кіріскелі ҚФФ ресми сайтында суреттері жыпырлап шыға бастады...

2017 жылдың аяғында, 22 желтоқсан күні ҚФФ-ның бұрынғы Бас хатшысы Қуаныш Әубәкіров қызметінен кеткен болатын. Дәл сол күні оның Бас хатшылық міндетін, ҚФФ Атқару комитетінің басқосуына дейін, Азамат Айтқожиннің атқара тұратындығы да жарияланды.

ҚФФ Атқару комитетінің басқосуы 10 қаңтар күні өтіп, онда А.С.Айтқожин бірінші вице-президент және Бас хатшы қызметтеріне ресми түрде бекітілді. Содан бастап, арысы бір айдан сәл ғана асатын уақыт, берісі жарты-ақ ай өтті, жаңа басшы өз қызметіне белсене кірісіп кетті...

Бір қызығы, 23 желтоқсаннан бастап, ҚФФ ресми сайтында жаңа Бас хатшының суреттері көбейіп кетті. Жаңа басшыны әр қырынан суретке түсіріп, жариялау толастар емес. Жаңа Бас хатшы дулығамен (каскамен), жастар құрамасының аға жаттықтырушысымен, Білім және ғылым министрімен, ректормен, бұрынғы ҚФФ президентімен, УЕФА Бас хатшысымен, тағысын тағы...

Кеше UEFA Ұлттар лигасының жеребесі тартылды. Барлық елдердің футбол федерациялары өздерінің бас бапкерлерінің, білікті мамандарының пікірлерін жариялай бастады. Қазақстан құрамасымен бір топқа түскен елдердің де ұлттық федерациялары да қалыс қалған жоқ. Грузия футбол федерациясының ресми сайты Владимир Вайсстың, Латвия футбол федерациясының сайты Александр Старковтың ой-пікірлерін жариялады.

Ал Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты тағы да Бас хатшының ой-пікірне жүгінді... Иә, білеміз, қазір ұлттық құрамамыздың бас бапкері жоқ. Александр Бородюк қызметінен босатылған. Бірақ бізде Жаттықтырушылар кеңесі бар емес пе? Құрама командалар департаменті және оның директоры қайда? Тіпті Бородюкке көмекші болған өз мамандарымыз да бар еді ғой...

Сонда қалай? Тек Бас хатшыға ғана сөз беруіміз керек пе? Мұның бәрі Бас хатшының саясаты, ой-жоспары, ынта-ниеті емес те болар. Жаңа басшыға жалбақтап жүргендердің істері болуы да мүмкін. Егер солай болса, олар басшыларының карьерасына кесірлерін тигізіп жүргендерін біле ме екен?!

Біртүрлі екен, федерацияның ресми сайтына Бас хатшының суреттерін тықпалай бері жөнсіздеу, қисынсыздау сияқты. Бұл енді сән жорналы емес қой... Әлде «басшының суретінің көптігі, оның іскерлігі мен жұмысбастылығын білдіреді» деген ереже-қағида бар ма?! Өкінішке қарай, ондай аксиоманы кезіктірмеппіз...

Осы мақаланы оқып отырып, ғаламтордың көмегіне сүйенбей, іштей екі сұраққа жауап беріп көріңіздерші. Біріншісі, Англия футбол қауымдастығының президенті кім? Екіншісі, Неміс (Германия) футбол одағының президенті кім? Мен екеуін де бірден есіме түсіре алмадым. Аты-жөндері аузыма түспеді. Ал түрлерін мүлде көз алдыма елестете алмадым...

Айтпағым, олардың өздері көрінбейді, ал атқарған жұмыстары мен тындырған істері – өте жоғары деңгейде! Нәтижелері мен жетістіктері қандай десеңізші! Жоғарыда аталған екі елдің де футболдарының ресми сайттарын ашып көрдім. Басшыларының суреттері самсап, жарқырап-жайнап тұрған жоқ...

Ал Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтындағы соңғы бір айдағы жаңалықтарын сүзіп шықсаңыз, Бас хатшының суретінен көп ештеңе жоқ (қанша екенін өздеріңіз санап шықсаңыздар да болады). Соңғы айда Ресейді, әсіресе Башқұртстанды сүйсіндіріп, тамсандырып жүрген өрімдей жас талантымыз жайлы бір ақпарат (сурет) жоқ, ал жаңа Бас хатшының әр қадамы назарда...

2014 жылдың аяғынан 2016 жылдың қараша айына дейін Қазақстан футболын басқарған басшының да, былтыр ҚФФ Бас хатшысы болған спорт қайраткерінің де аты-жөндері мен суреттері Баспасөз бетінен түспеп еді. Биыл да солай болатын сияқты ма?! «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала бермек пе? «Қосылғыштардың» орны ауысқанмен қосынды өзгермей ме?..

Жалпы, бізге, яғни қазақ футболы жанкүйерлеріне, басшылардың «жарнамасы» емес, жұмыстарының нәтижесі мен қол жеткізген жетістіктері керек. Біздің де басшылар өздерінің атын шығаруды ғана емес, ел футболын дамытуды ойласа дейміз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика