Көбекбай – біртоға, тұйық жігіт. Еңгерзедей, денелі. Жасы орда бұзар отыздан біршама асып кеткен. Көп сөйлемейді, сөйлесе сөздің түбін түсіреді. Білдей бір басшының жүргізушісі. Техниканың тілін жақсы біледі. Кез келген машинаны өзі жөндеп алады.
Еркек атаулысынан бір ерекшелігі, футболды суқаны сүймейді. Жігіттер «Барселона» немесе «Реал» деп, қызыл кеңірдек болып жатса, ол телефонын шұқылап отыра береді. Әйтпесе, көлігіне барып, бір жерін шұқылап немесе сүртіп, сылап-сипап жүргені. Бірде бәріміз жабылып, Көбекбайды ортаға алдық.
– Көбеке, – дейміз қағытып. – Сіз осы ауылдан шыққан жоқсыз ба?
– Иә, ауылдан шықтым, – деді ол мақтанышпен.
– Сонда қалай, кешқұрым қара жерде доп қуып, футбол ойнаған жоқсыз ба? – дейміз жарыса.
– Ойнайтынмын. Анда-санда футбол ойнап жатқан балаларға қосылып, шаң-шаң болып қайтатынмын. Әскерге кеткенше ойнадым ғой...
Ал керек болса! Бәріміз Көбекбайдың аузына қарап, аңтарылдық та қалдық. Ол бізге жағалай бір қарап алды да, кекетіп тұрмағанымызды біліп, әңгіменің тиегін ағытты. Біз ұйып тыңдап қалдық.
– Әскерде жүрген кезім. Кеңес Одағы дәуірі ғой. Әскери борышымды өтеп жүргеніме бір жылдан асып кеткен. Бір мерекеге қарсы старшинамыз доп алып келді. Көрші ротамен жолдастық кездесу өткізеді екенбіз. Соған біздің ротадан құрама жасақтап шығармақ жоспары бар екен. Әуелі үш взвод арасында кішігірім турнир өткізбекші. Аға прапорщиктің осы турнирдің қорытындысы бойынша бір команда шығармақ ойы бар екенін де білдік.
Бәріміз алаңға бардық. Біздің взводтан мен де алаңға шығатын болдым. Енді «духтар» мен «молодойлар» қарсы бола алмайды ғой. «Қай шепте ойнайсың» деп сұрайды взвод командирі. «Қай шебің не, маған гол соғу керек» деймін. «Бізде шабуылшы көп екен» деп күмілжіді, ол. Бір айналып келіп, «қай аяқпен тебесіз, әлде екі аяқпен де ұра бересіз бе» дейді, балағымды қайырып жатсам. «Әй, екі аяғың не? Адам оң аяқпен теппей ме, допты. Солақай емеспін» деп шала бүліндім. Ол үндемей кетіп қалды...
Содан қойшы, 11 сарбазды алаңға шығарды. Маған «оң қанатта полузащитник боласыз» деді. Оны тыңдап тұрған мен жоқ. Екі көзім – ортадағы допта. Ойынды 2-взводтың сарбаздары бастады. Тұра ұмтылдым. Доп қайда – мен сонда! Алаң жиегінде взвод командирі аттандап жатыр. Басында мән бермегенмін. Сөйтсем, маған айғайлап жатыр. Доптың соңынан жүгіріп, сол қапталға барғанымда, «орныңа бар» дейді. Әкем-ау, қайдағы орын?! Не айтып тұр, мынау? Футболда орын деген болушы ма еді?
Байқаймын, біздің взводтың сарбаздары да мені жақтырмай жүрген сияқты. Бірақ ешқайсысы батып айта алмайды. Мұрындарының астынан міңгірлейді. Ал өзіме біздің командада ең жақсы ойнап жүрген мен сияқтымын. Доптың соңынан қалмаймын. Бәрімен таласып жүрмін. Қалғандары тұрады. Алдыда жүрген ойыншылар артқа қайтпайды. Қақпаның алдында төртеуі бірдей жүр. Алдыға шықпайды. Жалқау шетінен. Екі қақпаның арасында тыным таппай, зыр қағып жүрген мен ғана...
Арлы-берлі жүгіріп шаршай бастадым. Қарсы командадағы бір «молодой» мені алдап кетті. Ызаға булығып, оны теуіп құлаттым. Төрешіміз старшинаның өзі болатын. Сөйлеп жатыр. «Неге орныңа бармайсың» дейді, ол да. Оны тыңдайтын мен бар ма?! Ойынның қызығына әбден түсіп алғанмын. Доп қайда – мен сонда! Меннен жақсы ойнайтын ешкім жоқ сияқты. Меннен асып бара жатқан ешқайсысы жоқ секілді. Басқалары тұрады...
Қойшы, сонымен бірінші тайм бітті. Біз ұтылып жатырмыз. Нақты есеп есімде жоқ. Бірақ үш-төрт доп айырмасымен ұтылып жатқанымызды білемін. Үзіліс кезінде взвод командирі мен старшина екінші таймда менің орныма басқа ойыншы шығатынын айтты. Оларға бой бермес едім, сырттай бәрін бақылап тұрған «замполит» келіп араласты. Сөйтіп, мен футболды қойдым. Содан бері футбол ойнаған емеспін, – деді, ішек-сілесі қатқанша күліп.
Әзер шыдап отырған біз күлкіге баттық. Қыран-топан болдық. Көзімізден жас аққанша күлген шығармыз. Содан бастап, Көбекеңді сырттай «Атаман футболшы» деп атап кеттік...