Вернуться к списку статей

Билет емес жазбахат және жалбыраған жабыстырма

Футбол
2K
Көптен күткен футбол маусымы басталды. Демалыс күндері бірінші турдың ойындары өтіп, тартысты додаларымен және кездейсоқ нәтижелерімен қызықты болды. Ауызекі тілмен айтқанда, қызығы да, шыжығы да көп болды.

Билет орнына – жазбахат...

«Астана» футбол клубы бірінші тур басталмай тұрып билет сатудың инновацилық жүйесін енгізетіндерін жарнамалаған болатын. Аталған команда «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубымен бірлесіп, өз алаңындағы ойындардың билеттерін сатудың қолайлы жүйесін әзірлегендігін жариялаған болатын. Бұл жүйе бойынша жанкүйерлер билеттерді тәуілік бойы (күні-түні), әлемнің кез-келген нүктесінен ғаламтор, мобильдік қосымшалар және бүкіл республика аумағына орнатылған терминалдар арқылы сатып ала алады екен...

Алайда «Астананың» бірінші турдағы ойынынан кейін Әлеуметтік желілерде елорда клубының замануи «инновациялық жүйесі» күлкіге айналды. Себебі стадионға кейбір жанкүйерлер билет емес, ақ қағазға қол қойылып жазылған жазбахаттар (запискалар) арқылы кірген сияқты.


Фото – vk.com/aktobe_fans

Стадионға осындай жазбахаттармен кірген жанкүйерлер әлгі «билеттерін» суретке түсіріп, Әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынған...

Осы келеңсіз жағдайға байланысты кеше «Астана» клубы өзінің ресми сайтында түсініктеме жариялап, жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

Өйткені жанкүйерлердің көбісі билетті тура ойын басталар кезде сатып алмақшы болған. Ал сол мезетте Жергілікті тораптта техникалық ақау пайда болып, қиындық туғызған. Шұғыл шешім қабылдау керек болып, жанкүйерлерді стадионға іркіліссіз кіргізу үшін клуб әкімшілігі билет орнына жазбахат берген. Осылай бірінші турда стадионға келген 5000 жанкүйердің 56-сы осындай жай ғана қағаз жыртындысымен ішке кіргізілген...

«Ақтөбенің» жабыстырма нөмірлері сыдырыла бастады

Бірінші турда «Ақтөбе» футбол клубын қырсық шыр айналдырғандай. Шымкенте екі доп айырмасымен ұтылды. Әрі бір ойыншысының шолақ шалбарындағы жабыстырма нөмірі жалбырарып түсе бастаған...


Фото – vk.com/aktobe_fans

Аймақтық diapazon.kz басылымы мұны егжей-тегжей жазды. «Ақтөбе» өткен маусымдары «Адидас» фирмасының жейделерін (спорттық киімдерін) киіп келген. Биыл клуб басшылары қаржы үнемдеу мақсатында неміс компаниясының спортық киімдерінен бас тартып, «Lotto» фирмасымен келіскен.

Алайда «Ақтөбе» клубының ойыншылары аталған фирманың киімдерімен ел чемпионатының басталуына бір апта қалғанда ғана қамтамасыз етілген. Жейделері жаман емес сияқты, бірақ «Ордабасы» клубымен өткен алғашқы матчтың бірінші таймында-ақ жабыстырма нөмірлері жалбырап түсе бастаған.

Атап айтқанда, «19» нөмірлі футболшының шолақ шалбарындағы «9» саны сыдырылып қалған.

Бұл да футбол жанкүйерлерінің назарынан тыс қалмай, Әлеуметтік желілерге тез тарап кетті. Мысқылдаушылар да аз болған жоқ. Түркиядан тапсырыспен алынған жейделердің сапасына күмән келтірушілер де болды.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика