Вернуться к списку статей

Қарсыласыңды құрметтеуді қашан үйренесің, "Қайрат"?

Футбол
1K
«Қайрат» футбол клубы қарсыластарын сыйламай ма, әлде қызметкерлері өз жұмыстарына немқұрайлықпен қарай ма? Клуб тағы да қонақ команданы автобуссыз қалдырып, әуежайдан қонақүйге таксимен жетулеріне мәжбүрлеп қойды.

Бүгін сағат 19:30-да оңтүстік астанамыздың Орталық стадионында ел кубогы жартылай финалының бірінші матчы аясында Алматының "Қайраты" "Атырауды" қабылдайды. Кешегі жағдай үшін қонақтардың қаны қайнап тұр.  

«Атырау» футболшылары Алматы әуежайында автобусты бір сағаттай күткен. Бір қызығы, «Қайраттың» әкімшілігі де «жоқ» демеген. Телефонмен «қазір келеді, 5-10 минутта жетеді» деп құрғақ уәдемен құлақтарын көтеріп қана отырған. Алайда, автобус сол күйі келмегендіктен «атыраулықтар» әуежайдан қонақүйге такси ұстап кетуге мәжбүр болды.

Жалпы, «Қайраттың» қарсыластарын автобуспен «лақтырып» кетуі бірінші рет емес. Өткен маусымда Павлодардың «Ертісі» Алматыға келіп, жаттығуға автобуспен емес, таксимен жеткен. Кейбір футболшылар таксидің жүксалғышына отырып, оны суретке түсіріп әлеуметтік желілерге салған. Сөйтіп, алматылық клубтың әкімшілігі Қазақстан футболының алдында күлкіге қалып еді. Дегенмен, жаттығудан кейін «Қайрат» әкімшілігі ақыры автобус жіберген-ді.


Одан кейін биыл да «қайраттықтар» «Ертіс» футболшыларын жаяу қалдырды. Команда қонақүйде алаң иелері жіберуі тиіс автобусты ұзақ күтіп, ақыры матчқа кешігіп жеткен.

Иә, «Қайрат» қазір еліміздегі ең үлгілі екі клубтың бірі. «Астана» еурокубоктағы ойындары арқылы халықтың махаббатына бөленсе, «Қайратты» жанкүйерлер ғаламат инфраструктурасы үшін жақсы көреді. Еліміздегі ең керемет академия да осы клубтың еншісінде. Жалпы, «Қайрат» басшылығы ел футболының болашағы үшін бар жағдайды жасауда. Дегенмен, қасықтап жинаған абыройын осылай шелектеп-ақ төгіп тастайтыны жаман.

Әлде, бұл өзінен өзгенің бәрін төмен санап, қарсылас команданы құрметтемеу ме? Әлбетте, түсінеміз, Алматының әр көшесі көлікке кептеліп жатады. Кейде баратын жағыңа уақытында жете алмай, ұятқа қалып жатасың. Алайда, бұл «Қайрат» қой. Тарихы тереңде жатқан, қазақ футболының барлық аңыздары доп тепкен клуб. Бүгінде еліміздегі ең бай клубтардың бірі. Шыны керек, қонақтарды күтіп алуды ұмытып кете беретін алматылық команда өзінің Аршавиндері мен Тимощуктерін далада қалдырыпты дегенді естіген жоқпыз. Ендеше, бұдан бір ғана қорытынды шығаруға болатын сияқты.

Қазақстан Премьер-лигасының регламенті

5.25.1. бап

Клуб қожайын қонақ команданы вокзалдан (әуежай) қонақүйге, жаттығу жүргізетін күндері – қонақүйден стадионға, ойын күні – қонақүйден стадионға және керісінше, стадионнан қонақүйге жету үшін сиымдылығы 50 адамнан кем болмайтын жайлы люкс-автобуспен қамтамасыз етуі тиіс; 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика