Вернуться к списку статей

“Ордабасы” қақпашылары от басып жүр және Тавамбаның табаны

Футбол
1K
Өкшесімен гол соққан Тавамба. Фото: fckairat.kz
Ертең Қазақстан премьер-лигасында ХІV-турдың ойындары өтеді. Біз әдеттегідей әр тур қарсаңында әзіл-оспақ рейтингімізді жариялаймыз.

1-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайық» соңғы екі турда “сойқанды салды”. Әуелі Павлодарда «Ертіспен» итжығыс түсті. Содан соң Алматыда «Қайраттың» жанын “мұрнының ұшына” келтірді. Аршавиннің туған күнінде анасы Мәскеуден жіберген тәтті торт желінбей қала да жаздағандай...

Дәл қазір «Ақжайық» тек «Қайраттың» ғана түсіне кірмейтін шығар. Былтыр ғана І-лигада ойнаған, Оралдың орамды жігіттері премьер-лиганың дүлей додасына бейімделіп, ысылып келе жатқандай.

Ең бастысы, Қазақстан ұлттық құрамасы үшін Талғат Байсуфиновтың құрамы осалдау, қалтасы жұқалау команданың бас бапкері болғаны қандай “жақсы” болды. Ол премьер-лигадағы әрбір командаға қарсы әр түрлі тактикамен ойнауға тырысады. Қайсысымен қалай ойнау керек екеніне ойланады, бәрін де жан-жақты таразылайды.

Мұның бәрі Қазақстан құрамасы үшін керек болады ғой. Тек Талғат Маруанұлына құрама тізгіні ресми түрде ұстатылса, 2018 жылғы әлем чемпионатының електік тобындағы қарсыластарымыздың біразы «Қайраттың» кебін киер еді-ау.

2-орын. Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» командасына жанкүйерлерінің көбісі өкпелі сияқты. Өкпелі болмаса да, дәл қазіргі ойын өрнектеріне көңілдері толмайды. Соңғы екі турда ұтылды. Әсіресе, «Жетісудан» жеңілгені жанашыр жанкүйерлерінің жандарына батты. Мұндай ойынмен Еуропа лигасының топтық кезеңіне қалай шығайын деп жүр?

Бас бапкер Бақтияр Байсейітов маусым басында тура солай деген жоқ па еді? Иә, «биылғы мақсатымыз – Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету» деген. Қазақстан премьер-лигасындағы 13 ойында өз қақпасына 18 гол жіберіп алған команда Еурододада батыстың жылдамдығы жоғары клубтарына қалай төтеп береді?

Содан соң... Осы «Ордабасыға» келген қақпашыларға не болатыны немесе көрінетіні түсініксіз. Бойченко мен Бекбаев қателесуден бір-бірімен маусым басынан бері “жарысып” келеді. Былтыр Шымкентте болған Сидельниковтің сиқы анау. «Қайрат» та аң-таң, туған күні болған Аршавин де аң-таң...

3-орын. Жетісу (Талдықорған)

Ертең «Жетісу» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Қонақтары соңғы екі турды өз алаңында өткізсе де, жалқы ұпайды қанағат тұтты. Ал талдықорғандықтар соңғы үш турда жеңіске жетіп, 7-орынға көтерілді. Екеуінің арасын төрт ұпай ғана бөліп тұр.

«Жетісу» өз алаңында ұтылса, онда үздік алтылықтан үмітін үзетін де шығар. Өйткені ұпай айырмасы жетеуге жетеді. Қалған сегіз турда қуып жетіп, басып озу, мүмкін емес те сияқты. «Жетісу» тұрмақ, одан кейінгі орындардағы командаларға да 6-орын сағымдай бұдырайтын болады.

Дәл қазір отандық журналистер мен мамандарды, көптеген жанкүйерлер мен кейбір клубтарды елегізіп, алаңдатып отырған да – осы ойын. «Ақтөбенің» бас директоры былтыр «Жетісуда» да басшы болған. Осы қызметтерге Қазақстан футбол федерациясының президенті ұсынғаны да жасырын емес. Қысқасы, «Ақтөбе» түзде жеңе ме, пенальти бола ма деген сұрақтар мен болжамдар отқа май құя түсуде...

4-орын. Ақтөбе

Өткен турда «Ақтөбенің» жанкүйерлері Юрий Логвиненконың көңіліне кірбің түсіргендей. Юра өзі түлеп ұшқан “ұясына” келгенде, кейбір қызу қанды жанкүйерлер ысқырып, гуілдеп-шуылдап, айқайлап, жүйкесіне тиюге тырысқандай болды. Ақтөбе футболы үшін 10 жыл аянбай тер төккендігін, айналасы 3-4 айдың ішінде ұмытқандай...

Бірақ матч аяқталған соң Логвиненко мен Тағыберген бәрібір көрермендер отырған трибуналарға жақындап, ізет көрсетті. Зерек жанкүйерлер екеуіне клубтың мойынорғышын сыйлады. Іле-шала Самат Смақов әлеуметтік желідегі жеке парақшасына «Ақтөбе» жанкүйерлерінің бұл қылықтары үшін ұялатындығын жазды.

5-орын. Астана

«Астананың» үздік ойыншылары Еуропада көзге іліге бастады. Неманья Максимович төрт күннің ішінде алып құрлықтың екі бөлігінде өз шеберлігін паш етті. Әуелі Сербия құрамасы сапында Кипр футболшыларымен өткен жолдастық  кездесуде бастан-аяқ ойнап шықты.

Содан соң Еуропадан Орта Азияға ұшып келіп, «Астана» клубына жеңіске жетеледі. «Ақтөбе» қақпасына жалқы голды басымен соғып, елордалықтардың қоржынына үш ұпай салды.

Ал Патрик Твумаси Гана құрамасы сапына алғаш рет шақыртылып, оқу-жаттығу жиынын өтуде. Осы елдің ұлттық құрамасының бас бапкері Авраам Грант оны мақтап, көңілі толатындығын білдіріпті. Мұның бәрі «Астана» клубының абыройын асқақтатып тұрғандай.

6-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» жаңа бас бапкер тағайындап тынды-ау, әйтеуір. Омари Тетрадзе «үздік алтылыққа ілігуге болады, мүмкіндік әлі де бар, тек әрбір ойында жеңіске жетуіміз керек» депті. Сондай-ақ команда құрамында тәжірибелі ойыншылардың көп екендігін де тілге тиек еткен.

Тағы бір көңіл аударарлығы, «Тобыл» премьер-лига кестесінде өз әлеуеті мен шама-шарқына сай орында тұрмағындығын баса айтқан. Орны үздік алтылық қатарында екендігін меңзеген. Енді тек айтқандарының бәрін жүзеге асыру ғана қалды. Бәрі сөз жүзінде қалып қоймаса болды.

«Тобыл» жақсы ойнаса, жанкүйерлер де стадионға ағылар. Онда команда басшылығы мен маркетингтік қызметі көрермендерді тарту үшін әрбір үйдегі ойынына қармақ, кофе және т.б. ойнатып, жар салмас та еді.

7-орын. Тараз

«Тараздың» жаңа бас бапкері команда құрамын күшейткісі келеді. Оны Астанаға келгенінде де айтты. Максимовтың талай талант түлеп ұшқан Тараз топырағына әкелгісі келетін ойыншыларының алғашқысы Александр Алиев сияқты.

Кезінде Киевтің «Динамосы» мен Украина құрамасы сапында ойнаған Алиевтің айып соққыларын қалай орындайтынын білеміз. Чемпиондар лигасында соққан әдемі голдарын да көргенбіз. 2004 жылы Алматыда өткен екі елдің жастары арасындағы ресми матчта Қазақстан жастар құрамасының қақпасына да гол соққан.

Бірақ өте талантты адамдардың мінездері қиын болатыны бар ғой. Алиев те момын емес. Қалай болар екен? Түнгі клуб, журналистермен сөзге келіп қалу қайталана қоймайтын шығар?

8-орын. Қайрат (Алматы)

Өткен турда «Қайрат» өз алаңында алғаш рет гол жіберіп алды. Бұл жерде біз биылғы маусымдағы премьер-лига ойындары жайлы айтып отырмыз. ХІІІ-турға дейін өз қақпасына шаң жуытпай, доп жолатпай келген алматылықтарды «Ақжайық» екі мәрте қапы қалдырды.

Бұған дейінгі Алатау бөктерінде өткен бес ойында «Шахтер» де, «Ақтөбе» де, «Жетісу» да, «Оқжетпес» те, тіпті «Ертіс» те «Қайраттың» қақпасының құлыпын аша алмай кеткен. Ал «Ақжайық» алматылықтардың қақпасына үйде де, түзде де екі голдан соқты.

«Қайрат» енді «оралдықтар алағашқы алтылыққа шыға алмаса екен» деп, тілейтін шығар. Әйтпесе «көресіні» дәл осы (көш соңындағы) «Ақжайықтан» көретін болды. Түзде ұтылып (1:2), Алматыда әупіріммен әзер ұтты (3:2).

Камеруншабуылшысының соңғы секундтарда соққан голының арқасында «Ақжайықпен» бөліспей, үш ұпайды мұртын да бұзбай қоржынына салды. Ал Тавамбаның табанымен (әлде өкшесімен) салған голына еуропалықтар да тәнті болып отыр.     

9-орын. Шахтер (Қарағанды)

«Шахтер» болса, керісінше, өз алаңында алғаш рет гол соқты. Әрі өз алаңында биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Әйтсе де, кеншілер клубына гол соғу қиямет-қайым болып тұр. Бұл сөзімізге 13 ойында бес-ақ гол соққандары дәлел бола алар.

Қарағанды командасының бас бапкері Йозеф Вукушич те бесаспап шабуылшы іздеп жүргендігін жасырмайды. Әрі жеңіске жетелейтін сұрмергенді сырттан қарастырып жүрген де секілді. Алайда Ертіс жағасында барымен базар болуына тура келеді. Өйткені жазғы трансфер 8 маусымда ғана ашылады.     

10-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» көктемгі қарқынны бәсеңдетіп алды. ХІ-турда «Қайраттан» ұтылғанымен қоймай, ХІІ-турда өз алаңында «Ақжайықпен» тең түсіп, көпшілікті таңдандырды.

Дегенмен, өткен турда Жайық жағасынан үш ұпай олжалап, «Атырауды» биылғы маусымда екінші рет тізе бүктірді. Негізгі құрамдағы кейбір футболшылары алаңға шыға алмай қалса, сол шебінің жігін жабу оңай болмай тұр.

Ертең «Шахтерді» қабылдайды. Қазақстан премьер-лигасындағы ХІІ турда ең көп (23) гол соққан команда ең аз (5) доп соққан ұжыммен кездеседі.

11-орын.Атырау

Өткен турда төрешілер жаза басып, бір ұпайдан қағылған «Атырау» ертең Алматыда додаға түседі. Кеше ел кубогының жеребесі тартылғанда, екеуі бір жұпқа түсіп, жартылай финалда кездесетін болды. Яғни екеуара дода сонау қоңыр күзге дейін созылады.

Бір қызығы, «Қайрат» еліміздің батыс өңіріндегі клубтармен ойнағанда, қара терге түсіп жүр. Былтырғы ел чемпионатының соңында «Атырау» Алматыда тең түсіп, «Қайрат» алақанын ысқылап, қоржынын салуға әзірленіп отырған үш ұпайдың екеуінен қағылған.

«Атырау» ертең де аянып қалмас. Цхададзе «Қайратқа» бас бапкер болып тағайындалған бетте, Атырауға барып, үш ұпай олжалап қайтқан. Енді Коньковтың кезегі келген сияқты.

12-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

Бірінші айналмды аса жоғары деңгейде өткізген «Оқжетпес» кібіртіктеп қалды. Соңғы үш турда екі-ақ ұпай олжалады. Өз алаңында «Тобыл» және «Тараз» командаларымен тең түсіп, төрт ұпай жоғалтты. Бірақ үйдегі ойындарын әлі түзде (Астана мен Щучеде) өткізіп жүр. Осы екі ойындарының арасында Алматыда оңбай ұтылған.

Көкше клубы ертең «Ақжайықпен» кездеседі. Орталық қорғаушыларының бірі өткен турда алаңнан қуылған. Яғни алаңға шыға алмайды. Ал «Оқжетпесте» онсыз да қорғаушылар – аз. Команданың нағыз қайсарлық, төзімділік және сабырлық танытатын кезеңі сияқты.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика