Вернуться к списку статей

“Атлетикоға” гол соға алмаған “Астана” және Ақтөбе әкімі

Футбол
2K
Қазақстан премьер-лигасының ХІІ-туры қарсаңында ендігі дәстүрге айналған әзіл-оспақ рейтингімізді ұсынамыз.

1-орын. Астана

Неге екенін, «Астанаға» тек «Ордабасы» командасының қақпасына гол соғу оңай болып шықты. Түзде де, үйде де үш доптан тоғытты. Биылғы маусымда басқа командаға үш гол соғып көрген емес. Біреу, әрі кетсе екеу соғады. Бірақ “ақырын жүріп, анық бас” дегендей, 31 ұпаймен көш бастап келеді. Жиі шабуылдап, қарсыласының қақпасына қауіп төндіреді-ақ. Бірақ әрбір жеңісіне оңайшылықпен қол жеткізіп жүрген жоқ.

Әлде голдарын Чемпиондар лигасына “сақтап” жүр ме? Бірақ түнде ғана Чемпиондар лигасының финалында өрнекті ойын үлгісін көрсеткен «Атлетиконың» қақпасына да гол соға алмаған (0:4 және 0:0). Мұны әдейі еске түсіріп отырмыз. Биыл да «Астананың» қарсыласы Чемпиондар лигасының финалына шығатын команда болса екен дейміз.

2-орын. Ақтөбе

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кеше команда басшыларымен, бапкерлерімен және футболшыларымен кездесті. «Ақтөбе» футболшыларына “сырттарыңнан бәріді де танимын, кімнің қалай ойнап және қайда демалып жүргенін бақылап отырамын” депті. Әрі “қандай экономикалық қиындықтарды бастан өткерсек те, футболға көңіл бөле береміз” деген. Маусым басында команда “достары” 11-12 орындарда жүретін ұжым деп болжаса да, әзірше алғашқы алтылықта сенімді тұрғанына көңілі толатындығын сездірген.


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың "Ақтөбе" футболшыларымен кездесуі

3-орын. Шахтер (Қарағанды)

Көш соңынан жоғары көтеріле алмай, әзірше 10-орында тұрған «Шахтер» жасыл алаңнан тыс өмірде игілікті істерімен көзге түсіп келеді. Жас балалар арасында бәйге жариялап, таланттарды іріктеп алып жатыр. Сонымен қатар стадионға футболшылармен қол ұстасып шығатын жеткіншектер арасында да бәйге ұйымдастырып отыр. Голландиядан келген Деслей Уббниктің ата-анасына Қарағандының тарихи және қызықты орындарын көрсетіп, қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсетті.

4-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

«Оқжетпес» өткен турда «Қайраттан» күйрей жеңілді. Есеп – 0:6. Дәл қазіргі жағдайы рингте нокаутқа түсіп қалған боксшыны еске түсіреді. Осы психологиялық соққыдан тез оңала ала ма? Белгісіз. ХІІ-турдан бері ел кубогының ширек финалы аясындағы ойынын өткізіп, «Ертіске» 1:2 есебімен есе жіберіп алды. Тезірек “есін жинау” үшін бір ірі жеңіс керек-ақ.

5-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» те, «Қайраттан» ұтылып қалғалы “есін жия” алмай жүрген сияқты. Өткен турда, өз алаңында «Ақжайықпен» тең түсіп, екі ұпай жоғалтты. Бірақ ел кубогының ширек финалында жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Осы жеңістері ойыншыларын жігерлендіре түсуі керек. Бірақ кейбір ойыншылары жарақаттарынан айығып кете алмай жүр. Оның үстіне қорғаушысы Е.Ахметов те ескертулерінің санына байланысты алаңға шыға алмайды. Команданың сұрмергені Р.Мұртазаев ел кубогының ширек финалында пенальтиден мүлт кетіп, қапаланып жүр.

6-орын.Атырау

Бас бапкердің міндетін уақытша атқарып жүрген Юрий Коньков «Атырауды» түлетті. Команда тізгіні осы маманға ұстатылғалы атыраулықтар соңғы екі ойында жеңіске жетті. Тіпті ел кубогы аясында одыр мінез «Ордабасының» өзін жолынан тайдырды. ХІІІ-турда екпінді «Ертісті» қабылдайды. Нағыз сын енді болмақ. Егер бұл ойында да жеңіске жетсе, онда үздік алтылыққа ілігетін шығар...

7-орын. Ордабасы (Шымкент)

Үшінші турдан бастап төртінші орынды “меншіктеп” алған «Ордабасы» бір саты төмен сырғыды. Негізі, «Қайрат», «Оқжетпес» үшеуінің ұпайлары – бірдей (20 ұпайдан). Бірақ оңтүстікқазақстандықтар биыл қақпаларына допты көп жіберіп жүр. 12 ойында 17 гол жіберіп алды. Шымкент командасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов айтқандай, қақпашылары “тосын сый” жасауды әлі де доғарар емес.

8-орын. Тараз

«Тараз» өткен турда Ақтөбеден бір ұпай олжалап қайтты. Жақында тағайындалған бас бапкері, украин Юрий Максимов Қазақстан чемпионатын тең ойынмен бастады. Әрі «ең бастысы – ұтылып қалмау» деп, бұған көңілі толатындығын білдірді. ХІІІ-турда да түзде ойнайды. Бұл жолы «Оқжетпеспен» кездеседі. Ал келесі турда Таразда азулы «Астананы» қабылдайды. Жаңа бас бапкер үшін күнтізбе ыңғайлы болмай тұр. Әйтсе де, ұпай алып, «Таразды» соңғы орыннан жоғары өрлетуі керек.

9-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» жоғары өрлеп келеді. ХІІ-турдан кейін үш саты жоғары көтеріліп, үшінші орынға орналасты. Бұған дейін жазғанымыздай, өз алаңында гол жіберер емес. Тимощук пен Тесак өз елдерінің (Украина және Словакия) ұлттық құрамаларының сапына кеткен. Аталған екеуі келе алмаса да немесе шаршап жетсе де, оларды алмастыра алатын футболшылары бар. Соңғы бес ойында (біреуі ел кубогы аясындағы матч) жеңіске жетті. Екпін алды, қарқыны – адам қызығарлықтай. Маусым басындағы сәтсіздіктерін ұмыта бастағандай ма?..

10-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайық» өткен турда Павлодарда «Ертіспен» ұпай бөлісіп, көпшілікті таң қалдырған. Бұл жолғы қарсыласы – тым қарымды. Өз алаңында құйындай ұйытқып соғып, допты қарша борататын – «Қайрат». Алматы клубының дүлей шабуылына төтеп бере ала ма, жоқ па? Екіталай. Белді ойыншыларының бірі Предраг Говедарица да алаңға шықпайды екен (ескертулеріне байланысты). Оның үстіне, бірінші айналымдағы Оралда өткен ойында «Ақжайық» «Қайратты» сүріндіріп, жеңіп кеткен. Алматылықтардың есе қайтаруға тырысары анық. Талғат Байсуфинов алаң иелерінің толассыз шабуылдарына төтеп беру үшін қандай амал-айла ойластырады екен?..

11-орын. Жетісу (Талдықорған)

«Жетісудың» қақпасына «Шахтер» ғана гол соға алмай қойды. Бірінші айналымда екеуі Теміртауда 0:0 есебімен тең түскен. Екінші айналымдағы Талдықорғанда өткен матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қалған командалардың бәрі де жетісулықтардың қақпасына доп соқпай кеткен емес. 12 ойында 20 гол жіберіп, премьер-лигадағы қорғанысы ең осал команда болып отыр. Шымкентте қалай болар екен? Әлде «Ордабасы» қанша гол соғар екен деуіміз керек па?

12-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» толқындай тербеліп, бірде аласұрып айдынға ұрады, бірде ұйытқып жағаға соғады. Үздік алтылыққа ілігу мүмкіндігі көмескі тартып барады. Қазір 12 ұпаймен сегізінші орында тұр. Уақытты соза бермей, тәжірибелі бас бапкер тағайындағандары дұрыс па еді?.. Егер осы турда сүрінсе, онда сағымдай бұлдыраған 6-орыннан үміттерін үзетін де шығар.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика