Вернуться к списку статей

“Қайраттың” тізесінің дірілі мен “Оқжетпестің” шыны-аяғы...

Футбол
1K
Фото fckairat.kz сайтынан
Қазақстан премьер-лигасында бірінші айналым аяқталуға айналды. 9-10 мамыр күндері Х-турдың ойындары өтеді. Яғни біздің әрбір тур қарсаңындағы әзіл-оспақ рейтингіміздің де жарыққа шығар мерзімі келді.

1-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» қазір 7-орында. Тоғыз ойыннан 11 ұпай еншіледі. Әзірше үздік алтылықтан да – тыс. Көш басындағы «Астанадан» – 14 ұпайы кем. Алматының мақтаулы клубы биыл қалай чемпион болсын, көш соңындағы «Жетісу» командасының алдында тізелері «дірілдеп» жүрсе?! Ресейдің ардагер жұлдызы Андрей Аршавин «Жетісу» командасымен өткен матчтан соң отандық басылымдардың біріне тура осылай дегендей. Ол ойын туралы өз ойын білдіріп, «өкінішке қарай, екінші таймның басында тағы да «дірілдей» бастадық (мандраж ұстап)» деп қапаланған екен.

2-орын. Жетісу (Талдықорған)

«Жетісу» қақпасына гол жібергенді әлі қоятын емес... Әйтсе де, тоғызыншы турда Алматыда «Қайраттан» 0:2 есебімен «ғана» ұтылғанын атап өткіміз келеді. Өйткені әлгі Аршавин деген жұлдыз «біз “Жетісу” сияқты командаларды 3:0 немесе 4:0 есебімен жеңуіміз керек» депті. Ресей ардагерінің сөзіне мән берсек, Қазақстан чемпионатында ең көп гол жіберген командадан «алға жылжу» байқалатындай...

3-орын. Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» командасында «шыны-аяқ сылдыраған» ба, түсініксіз... Әйтеуір сегізінші турда Атырауға екі бірдей белді ойыншысын апармай, тастап кетті. Эдин Юнузович пен Бранислав Трайковичтің не үшін команда сапынан тыс қалғаны жөнінде, тіс жарып айтқан ешкім жоқ. Бәлкім, шабуылшы Юнузовичті біраз дамылдатып алғандары, дұрыс та болған шығар. Хорват шабуылшысы негізгі құрамдағы орнынан айырылып қалмас үшін, енді бар күш-жігерін салар. Ал серб қорғаушысы Трайковичтің орнына шыққан өз қорғаушымыз жаза басып, өрескел қателік жіберіп алды. Соның кесірінен «Атырау» шабуылшысы гол соғып кетті. Жалпы, Шымкент командасы Атырауға аталған екі легионерінсіз барып, 2:2 есебімен тең түсті. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс – белгісіз. Мұнда да әлі – «итжығыс».

4-орын. Тараз

Сегізінші турдан бері соңғы орынды «меншіктеп» алған «Тараздың» бас бапкеріне тықыр таянған секілді. Басқасы басқа, бірақ Жамбыл облысы командасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында да осындай ақпарат жарияланды. Онда «алдағы ойында “Тараз” қоржынына ұпай сала алмаса, Нұрмат Мырзабаев қызметінен босатылып, оның орнына өзбек М.Қасымов келуі мүмкін» деген соңғы хабар көшіріліп басылған. Ал Нұрмат Мырзабаев өз алаңында «Шахтерден» ұтылып қалған ойыннан кейінгі баспасөз жиынында «Менің орныма келген адамның осы құрамдағы футболшылармен ойын жүйесін басқа арнаға бұруы екіталай, қысқа ғана уақыт ішінде барлық мәселені шешіп тастайтынына күмәндімін» деген болатын.

5-орын. Ақтөбе

«Ақтөбе» тағы да ши шығарды. Тоғызыншы турдан соң ресми мәлімдеме жариялап, Оралдағы стадионың қосалқы алаңын сынап-мінеді. «Футболшылардың жарақат алып қалуы мүмкін, өте қауіпті алаң» деген баға берді. Өздерінің капитаны Самат Смақовтың осы алаңда жарақат алып қалғандығын алға тартты. Бұған тіпті Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасын да кінәлап, мұны «Қазақстан футболының дамуына жасалып отырған зиянкестік» деп түсінетіндіктерін де айтып салды.

6-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайықтың» бас бапкері Талғат Байсуфинов «Ақтөбе» командасын жаттықтыратын әріптесімен келіспейді. «Біз әр түрлі алаңда ойнадық, мысалы, жақында Атырауда жаңбырдан кейінгі шалшық суы көлкіген алаңда да додаға түстік, ұтылып қалдық, сонда да тырнақ астынан кір іздеп, шағымданған жоқпыз» деп, екі команданың бір алаңда, яғни бірдей жағдайда ойнағандығын атап өтті. Бір қызығы, Оралға «Ертіс» те барды, «Оқжетпес» пен «Шахтер» де барды. Үшеуі де жеңіске жетіп, үш ұпай олжалап қайтты. Оралға барып ұтылған – «Қайрат» қана. Ал «Ақтөбе» тең түсті. Сонда Оралдағы сапасы нашар алаң Аршавин мен «Ақтөбеге» ғана жақпаған ба?..

7-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» командасының ресми сайтында «“Қайрат”, яғни Қарлыбаев» деген ақпарат жарияланды. Онда Х-турдағы «Тобыл» мен «Қайрат» арасындағы матчқа оралдық Болат Қарлыбаевтың бас төреші бөліп тағайындалғаны жазылған. Әрі былтырда осы екі команда арасындағы ойынға аталған төрешінің қазылық етіп, қостанайлықтардың 1:3 есебімен ұтылып қалғандығы баяндалған. Жалпы, бас бапкерсіз қалған «Тобылға» азулы командалармен кездесетін ойындары тап келіп отыр. Өткен турда ерке Ертіс жағасына барып емтихан тапсырды, енді «Қайратты» қабылдайды. Содан соң Көкшетауда «Оқжетпеспен» додаға түсуі керек.

8-орын. Атырау

«Атырау» әзірше «бейбітшіліктің» үлгісі болып тұр. Сегіз ойын өткізіп, тең жартысында ұпай бөлісті. Яғни төрт рет тең түсті. Бір-ақ рет жеңіске жетіп, үш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Әрі гол соғуға – шорқақтау. Бұған дейін жеті ойында үш-ақ доп соғып, бақандай алты ойында гол соға алмай пұшайман болған.

9-орын. Шахтер (Қарағанды)

Кеншілер клубы да алты ойында гол соға алмай, ауыздарын қу шөппен сүрткен. Өткен турда, биылғы маусымда бірінші рет екі гол соқты. Бір қызығы, Финонченко гол соққан ойындарда жеңіске жетіп жүр. Өткен турда «Таразды» түзде тізе бүктіріп, чемпионат кестесіндегі жағдайын біршама түзеп алды. Қазір тоғыз ұпаймен 8-орында тұр.

10-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

«Оқжетпес» – Қазақстан премьер-лигасындағы қақпасына «доп жетпес» командалардың бірі. Тоғыз ойында бес-ақ гол жіберді. Бұл көрсеткіш жағынан тек «Ертістен» кем, «Астанамен» тең түсіп тұр. Алайда соңғы екі ойында 0:1 есебімен ұтылып, өздері гол соғуды «ұмытты». Оныншы турда Талдықорғанға барады. Ал «Жетісудың» жағдайын жоғарыда айттық. Қалай болар екен, Көкше клубы соңғы екі ойындағы олқылығының орнын толтырып, қайтар ма екен...

11-орын. Ертіс (Павлодар)

Қазақстан премьер-лигасында екі-ақ команда алаңнан гол соқпай, кетпей жүр. Әр ойында, кем дегенде, бір доп соғады. Олар – көш басында үзеңгі қағыстырып келе жатқан «Ертіс» пен «Астана». Павлодар командасы тіпті ҚПЛ-да ең көп (20) гол соққан және өз қақпасына ең аз (4) доп жіберген – команда. Мұны аз десеңіз, Димитар Димитровтың шәкірттері төрт ойында үш голдан топырлатты. Кім біледі, ендігі бір ойында төрт-бес гол соғатын сәті де түсіп тұрған шығар...

12-орын. Астана

Ал «Астана» болса, әлі бір ойында үш гол да соққан жоқ. Рас, ІІ-турда «Ордабасыны» 1:3 есебімен Шымкентте омақастырған. Бірақ ол ойында бір голды қорғаушы Симчевич пен қақпашы Бойченконың өздері соғып берген. Қалған ойындарда қарсыласынан бір гол ғана артық соғып, жеңіске жетіп жүр. Тек VІІ-турда «Ертістен» бір доп артық соға алмай, ұпай бөлісуге мәжбүр болған. Станимир Стойловтың «мәселе – қарсыласты күйрете жеңіп, үстемдік тантуда емес, мәселе – қоржынға үш ұпай салуда» деген қағидасы жемісін беріп келеді.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика