Вернуться к списку статей

“Тобыл” да болгар бапкерлеріне “ғашық” болды

Футбол
1K
Қазақстан премьер-лигасының тоғызыншы турының ойындары ертең, бейсенбі күні өтеді. Ал біз әдеттегідей, әрбір тур қарсаңындағы әзіл-оспақ рейтингімізді жариялаймыз.

1-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» қазір бас бапкер іздеп жүр. Дмитрий Огайды «рахмет» айтып шығарып салған соң, команда тізгінін қосалқы құрамның жаттықтырушысы Олег Лотовқа ұстатқан. Жас бапкер өз мүмкіндігін пайдаланып, өткен турда «Таразды» тізе бүктірді. Әйтсе де, команда басшылары сырттан тәжірибелі маман іздестіріп жүргендей. Ұзынқұлаққа сенсек, «Тобылдың» есіл-дерті болгар бапкерлеріне ауған секілді. Енді ше, осы елдің екі бапкері біздің елде жұмыс істейді. Екеуінің де командасы – көш басында. Стойлов пен Димитров бір-бірімен үзеңгі қағыстырып келеді. «Тобыл» да болгар бапкерімен «Астана» және «Ертіске» қосылғысы келетіндей. Қостанай клубының негізгі көздегені Петар Хубчев сияқты. Сондай-ақ Александр Станков, Стойчо Младенов сынды бапкерлердің де аты-жөндері аталып жүр...

2-орын. Астана

«Астана» мен «Қайраттың» команда жасақтау саясатының қайсысы тиімдірек екендігін сегізінші турда елорда клубының жас «перісі» айқындап берді. «Қайрат» кешегі күнгі жұлдыздарға, шеберліктері шау тартқан ардагерлерге сенім артқанды теріс көрмейді. Ал «Астана» болашағы бар, әлеуеті зор жас таланттарды іздейді. «Астана» мен «Қайрат» додаға түскенде, ойын тағдырын Неманья Максимович шешті. Ал Андрей Аршавин 73-минутта орнын Исламбек Қуатқа босатуға мәжбүр болды. Сонымен команда үшін қандай ойыншы тиімді? Матчтан соң фанаттармен суретке түсетін жұлдыз ба? Әлде табан тірескен дүлей додада ойын тағдырын бір қана оқыс қимылымен шешіп, команда қоржынына үш ұпай салатын жас қыран ба?

3-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» әлі бір ұтылып, бір ұтып, толқындай тербеліп жүр. Дәл қазіргі қарқынымен үздік үштік тұрмақ, алғашқы алтылыққа іліге алмай қалмаса етті... Ел чемпионатының алтын жүлдесі әр тур сайын сағымдай бұлдырап, алыстап барады. Цхададзе де Вайсс емес екен. Бәлкім, командаға тәртіп орнатқан да болар. Бірақ үш ұпай тек темірдей қатаң тәртіппен ғана келмейді...

4-орын. Тараз

«Тараз» сегіз ойында 23 футболшысын алаңға шығарды. Бұл көрсеткіш жағынан премьер-лига клубтары ішінде бәрінен асып түсіп отыр. Сонда бұл тұрақтылық жоқ екендігін білдіре ме? Қалай десек те, құрамын көп «сапырылыстыратыны» – анық. Әрине, кейбір ойыншыларының жарақатанып қалғандарын білеміз. Десек те, соңғы орыннан жоғары көтерілу үшін команда негізін қалап алу керек пе?..

5-орын. Атырау

«Атырау» атына заты сай болмай жүрген командаларымыздың бірі сықылды. Мұнай бағасы түсіп кетіп, тербеліп тұрғанымен, «қара алтын» өндіретін облыстың командасы осал емес. Мүмкіндігі, қабілеті, тіпті әлеуеті де зор сияқты. Тәжірибелі ойыншылары да баршылық. Қызық болғанда, бұл команда сегіз ойында 17 футболшысын жасыл алаңға шығарған. Бұл – керісінше, премьер-лига клубтары ішіндегі ең аз көрсеткіш. Сонда қалай? Сенім үдесінен шыға алмай жүрген ойыншыларға мүмкіндік бере беруді доғару қажет пе?..

6-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» әзірше Қазақстан премьер-лигасындағы ең көп (17) гол соққан және өз қақпасына ең аз (3) доп жіберген команда ғана емес... Сондай-ақ түзде ең көп гол соққан ұжым болып тұр. Сырт алаңдағы ойындарда бақандай тоғыз гол соқты! Премьер-лигағадағы командалардың тең жартысының маусым басталғалы соққан голдары – бұдан аз. Шет елден шабуылшы шақыртқанға құмар «Қайраттың» өзінің сегіз ойында соққаны – жеті-ақ доп.

7-орын. Шахтер (Қарағанды)

«Ертіс» сегіз ойында 17 гол соғып үлгерсе, «Шахтер» өз алаңында әлі бірде-бір гол соққан жоқ. Әзірше соққаны – екі-ақ доп. Біріншісін Уббинк Астанада, ал екіншісін Финонченко Оралда соққан. Кеншілер клубы өз алаңында төрт ойын өткізді (үшеуін Теміртауда, біреуін Қарағандыда). Бірақ әлі көрермендерін дүр сілкіндіре алар емес. Сегізінші турда команда капитаны тіпті пенальтиден мүлт кетті. Ерден Халилинді шақыртып, 2013 жылғыдай құрбан шалу керек пе?

8-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

Гол соқпасаң ұпай жоқ! Нағыз Көкше командасына арналып айтылған – сөз. «Оқжетпес» бірінші турда «Ертіске» 0:1 есебімен есе жіберіп алды, сегізінші турда тура осындай есеппен Ақтөбеде сүрінді. Қалған алты турда гол соғып, екінші турда бір, ал қалған бес матчта үш ұпайдан еншілеп жүрді. Ал өздері гол соқпаған ойында ауызды қу шөппен сүртуге мәжбүр болып жүр. Бәлкім, Ақтөбедегі пенальти күмәнді болған да шығар. Бірақ өздеріне де гол соғу керек еді ғой. Ал мүмкіндіктер болды...

9-орын. Ақжайық (Орал)

Қазақстан премьер-лигасының турнир кестесіндегі үш команданың техникалық көрсеткіштерінен «0» (нөль) деген санды кездестіре аласыз. Оның екеуі «Астана» мен «Ертістің» әлі ұтылмай келе жатқандықтарын білдіреді. Яғни осы екі команданың «жеңіліс» деген бағанасында «0» саны тұр. Сондай-ақ «Ақжайықтың» жоғарыда айтылған кестедегі «тең ойын» деген бағанасында да нөль деп жазылып тұр. Яғни Орал командас «итжығыс» түсуді әлі білмейді. Не жеңеді, не жеңіледі. Өкінішке қарай, жеңілісі жеңісінен үш есе көп (екі рет ұтып, алты рет ұтылды).

10-орын. Жетісу (Талдықорған)

«Жетісу» сегіз ойында өз қақпасына 13 гол жіберіп алды. Екі қақпашысын да тексеріп көрді. Әйтсе де, Шабанов пен Пасеченконың қайсысы негізгі қақпашысы екенін қарапайым жанкүйер тұрмақ, осы екі голкиперлердің өздері де әлі білмей жүрген секілді. Әлде, гәптің бәрі қорғаушыларында ма? Әйтеуір «Шахтерден» басқасының бәрі (әзірше жеті команда) Талдықорған клубының қорғанысын бұзып-жарып өтіп кетіп жүр...

11-орын. Ақтөбе

Қазақстан премьер-лигасында атың шықпаса, Ақтөбеге бару керек, не «Ақтөбемен» ойнау керек. Осы команданың өз алаңындағы ойынында бір журналисті құқық қорғаушылар стадионнан шығарып жіберген. Осы команданың бір ойыншысы қарсыласын ішінен қойып қалып, жалп еткізген. Осы команданың футболшысы екі ойыншы қақтығысып қалғанда, алаңнан қуылмаған. Осы командаға әзірше пенальти соғу мүмкіндігі жиі туындап отыр. Осы команданың басшысы матчтан кейінгі баспасөз жиынына кіріп, өзіне ұнамайтын басылымдардың тілшілері жоқ екендігіне көз жеткізіп шыққан...

12-орын. Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» қақпашысын ауыстырып, көзге сөкет көрінер гол жіберіп алғанды қойды. Әрі қосалқы құрам орындығында отырған жергілікті шабуылшылары екінші таймда алаңға шығып, гол соға бастады. Ал шетелдік мергендері мүлт кетіп жүр. Премьер-лигадағы кейбір командаларымыздың бас бапкерлері алаңға кімді шығарарын білмей бастары қатып жүрсе, «Ордабасы» клубында бәрі де керісінше сияқты. Бақтияр Байсейітов қайсысын шығарарын білмей, ойға бататын тәрізді. Бәсекелестік жақсы, әрине. Тек бес-алты шабуылшысының қайсысының қай командаға гол соға алатындығын дөп басып табу оңай емес.

Тоғызыншы және алдағы турларда қай командалардың кездесетінін, сондай-ақ өткен сегіз турдағы ойындар нәтижесін білгілеріңіз келсе, мына сілтемені басыңыз

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика