Вернуться к списку статей

Вайссты көрсе “Қайраттың” жанкүйерлері жылап көрісетіндей болды

Футбол
2K
Фото fckairat.kz сайтынан
Уақыт зырлап өтіп жатыр. Қазақстан премьер-лигасындағы доп додасы бірінші айналымның бел ортасынан да асты. Яғни, әрбір команданың ойын өрнегіне қарап, баға беруге де болатындай. Әрбір тур қарсаңындағы әзіл-оспақ рейтингіміз бүгін осы сарында құрастырылды.

1-орын. Қайрат (Алматы)

Владимир Вайссты көрсе, «Қайраттың» жанкүйерлері жылап көрісетіндей болды. «Байтал түгілі, бас қайғы» дегендей, осылай ұтыла берсе, биылғы маусымда чемпион болу қайда, жүлделі орындарға ілігудің өзі мұң болатын түрі бар.

Айтпақшы, Алматы клубының «Ли гол соқса ұтыламыз, Гоу гол соқса ұпай аламыз» деген «қағидасының» бұзылғанына да екі тур болды. Бұл командада басқа ойыншылар гол соққан емес.

2-орын. Астана

Стойлов – ертеңін ойлайтын сыралғы маман. Үнемі баспасөз жиындарында «құрамымызды күшейтпесек, Чемпиондар лигасы тұрмақ, Қазақстан премьер-лигасында нәтижелі ойын үлгісін көрсету қиын болады» деп, байбалам салады да жүреді. Өйткені «жыламаған балаға емшек жоқ екенін» біледі.

Сондықтан «журналистер сендерге айтам, басшыларым сен тыңда» деп отыратындай. Әрі ел біріншілігінде футболшыларын, әсіресе қорғаушыларын, жиі сапырылыстырып, ұжымдық ойын өрнегін әр түрлі сипатта өрбітуге тырысады.

«Астана» алты турда де жеңіске жетті. Бірақ еш команданы ірі есеппен, ойсырата ұтқан жоқ. Стойловқа ондай жеңіс керек те емес сияқты. Болгар бапкері ақырын жүріп, анық басып, ұзақ «шабуды», алысқа жетуді ойлайды. Ал ол үшін ойыншыларын зорықтырып алмауы керек.

3-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

Көкше клубының қазіргі аяқ алысына адам қызығады. Әр тур сайын ойыны ширап келе жатқандай. Алғашқы турда «Ертістен» ұтылып қалды (0:1), іле-шала «Қайратпен» ұпай бөлісті (1:1). Содан кейін үй демей, түз демей, төрт рет қатарынан жеңіске жетті.

Құрамына қарасаң, бірде-бір «жарық жұлдыз» жоқ. Шет елден келген футболшыларын да жыға танымаймыз. Десек те, сапына көпшілікке танымал ойыншыларды жинап алған бірқатар командадан осы «Оқжетпес» озып тұр. Гол соғып жүрген сұрмергені – кезінде премьер-лига клубтарына қажет болмай қалған Әлібек Бөлешев.

Еріксіз, бас бапкері Владимир Мухановтың біліктілігіне бас иесің. Былтыр ғана премьер-лигаға оралған команданы түлетіп, қазақ додасында ойран салып жүр.

4-орын. Ақтөбе

Тағы да бір команданың бас бапкеріне қайран қаласың. Ол – «Ақтөбенің» бауырын жазған Юрий Уткульбаев мырза. Осы маман еліміздің бес дүркін чемпионына «бас бапкер болып тағайындалды» дегенді естігенде, шегімізді тартып, басымызды шайқағанбыз. Енді ше... Тек Ресейдегі «Рубин» клубының қосалқы құрамын, жастарын баптаған. КАМАЗ командасында директор болған. Татарстаннан аттап баспаған...

Алайда Уткульбаев па, әлде оның айналасындағылар ма, «Ақтөбенің» адымын еркін ашқызып, қадамын батыл басқызды. Бұл команда – қазір бесінші орында. Қайыров, Кәкімов, Бочаров, Сорокин, Ситдиков, Петролай, Цвейба деген ойыншылар “Арсенал” мен “Бавариядан” келген жоқ. Қазақстан мен Ресейдің бірінші лигаларында доп тепкен – жігіттер. Қалайша таң қалмайсың... Самат Отарбаев пен Тоқтар Жаңғылышбайға қай команда сенім артып, мүмкіндік беріп еді.

5-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайықты» да ерекше атап өтуге тиіспіз. Өйткені бұл команда құрамын өздеріне ұнайтын футболшылармен емес, қазіргі жағдайларымен санасатын ойыншылармен жасақтады. Енді тек «барымен базар» болуы керек.

Әйтсе де, асау Жайықтай бұлқынып, «кенересінен» асып-тасып кететіні де бар. Мысалы, үшінші турда қаһарлы «Қайратты» тізе бүктіріп, тақырға отырғызып кетті.

Иә, Орал командасының бар сенері – бас бапкері. Барлық бапкерлер тактикалық тұрғыда, жасыл алаң «тақтасында» математикалық есептер мен алгебралық өрнектерді орындап жүр десек, Талғат Байсуфиновқа тригонометриялық және логарифмдік теңдеулерді шығарып, түбір астынан мән (ұпай) алуы керек.

6-орын. Ордабасы (Шымкент)

Одыр мінез «Ордабасы»! Бірде құйындай орап соғып, дауылдай қопарып тастайды. Ал енді бірде кежегесі кейін тартып, кібіртіктеп қалады. Қорғанысында Еуродода көрігін қыздырып, тәжірибе жинақтаған Симчевичтей саңлақ пен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнаған бірнеше (!) қорғаушы бар. Жартылай қорғанысында тіпті Қайрат Әшірбековке де орын жоқ.

Қазақстан премьер-лигасында шабуылы шымкенттіктердікіндей шәлкес команда жоқ шығар, сірә. Юнузович, Касалица, Тұңғышбаев, Тәжімбетов – шаш ал десе, бас алатын шабуылшылар. Гейнрих пен Трифунович те бар. Бірақ бұл команданың әлі барлық шебі бірдей жұмыс жасай алмай келе жатқандай.

7-орын. Тобыл (Қостанай)

Тойтаңдаған тоңмойын «Тобыл»! Бұл командада керісінше, қорғаушыларының саны өте көп. Бас бапкері де – тылда бекініс құрып «жатып алып», қарсыласын қарсы шабуылмен шалып түскенді ұнататын маман.

Қостанай клубы әзірше жеті ұпаймен 6-орында тұр. Бес ойын өткізіп, екі рет жеңіске жетті. Бір ойында тең түсіп, екі ре жеңілістің кермек дәмін татты. Жеті гол соғып, өз қақпасына бес гол жіберіп алды. Қорғанысқа иек артқан команда үшін әр ойында орта есепен бір гол жіберіп алу (отыру), мардымды көрсеткіш емес, әрине.

Десек те, «Тобылдың» дәл қазіргі көрсеткіштері мен орналасқан орны өзіне сай сияқты. Биылғы ел чемпионатын дәл осы орынмен аяқтаса, бәрі де риза, құда да, құдағи да тиыш болар.

8-орын. Жетісу (Талдықорған)

Өз әлеуетін әлі толықтай жүзеге асыра алмай келе жатқан клубтарымыздың бірі. Маусым басындағы ойындар күнтізбесі жетісулықтар үшін қолайсыз емес сияқты еді. Әйтсе де, бес ұпаймен 8-орында тұр. Негізі, ұпайларының саны екі таңбалы санға жетіп қойса да, таң қалмас едік.

Бірақ алғашқы жеңістеріне тек алтыншы турда қол жеткізді. Талдықорған төрінде «Ордабасы» командасынан, бейтарап алаңда «Ақтөбеден» ұтылып қалып, өзектері өртенді. Осы екі ойында өз қақпасына бес гол жіберіп алды. Өткен турда «Таразды» тізерлеткен, бәлкім, енді тыныстары ашылар...

9-орын. Атырау

«Атырау» да – ел чемпионаты кестесінде өзіне лайық орында тұрмаған команда. Бар болғаны төрт ұпаймен 11-орынға жайғасқан. Рас, бір ойындары өтпей қалып, кейінге шегерілді. Жалпы, құрамы да осал емес. Әсіресе жартылай қорғаушыларына қайсыбір командалар қызыға қарайтындай-ақ.

Айтпақшы, осы команданың сапында Ги Стефан Эссаме деген Камерун футболшысы бар. Өз елінің ұлттық құрамасы сапында бір ойын өткізген. 2014 жылы «Астана» клубы қызығып, жалға алған. Сөз жоқ, деңгейі жоғары ойыншы.

Бірақ биыл осы ойыншы салмағы ауырлап, шеберлігі шау тартып қалғандай. Бесінші турдағы «Оқжетпес» – «Атырау» кездесуін «Астана-Арена» стадионынан тамашаладық. Сол ойында Эссаменің пайдасынан зияны асып түскендей болып көрінді. Не өзі жүгірмейді, сонысымен қоймай, әріптестеріне көңілі толмай, қапаланумен болды.

Қырағы көз Владимир Никитенко мұны қалт жібермей, жадына түйіп алған сықылды. Келесі, яғни алтыншы турда Эссаме-жұлдыз алаңға шыққан жоқ. Ал «Атырау» алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

10-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» – ел чемпионатында әзірше ең көп гол соққан (12) және өз қақпасына ең аз доп жіберген команда. Маусым аралығындағы дайындықтары саналы түрде жүргізілген сияқты. Әлі ұтылған жоқ. Екі-ақ ұпай жоғалтты.

Қақпашысы – сенімді, қорғаушылары – тәжірибелі, қорғанысы – берік. Бірақ жартылай қорғаушылары мен шабуылшыларына қарап, құраманың басқа командалардан соншалықты артық емес екендігіне көз жеткізуге болады. Ендеше, «Ертістің» көктемгі екпіні мен өрнекті ойын үлгісін көрсетуінің сыры бас бапкерінің жұдырықтай жұмылдыра білуінде сияқты.

11-орын. Тараз

Әзірше, Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең көп гол жіберген – команда. Алты ойында қақпа торынан 10 рет доп қармады. Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қорғаушысы Илья Воротников бастаған қорғанысының «топсасы» осалдау болып тұр.

Шабуылшыларынан именбейтін команда жоқ шығар. Қақпа торын «көзге атқан» – Игорь Зенькович, екі аяғын тең басқан – Малик Мане. Допты қақпаға тебе білетін соққылары пәрменді жартылай қорғаушылары да жетерлік. Бірақ-бірақ қорғаныс шебінің жігін бітеп алу керек-ақ.

12-орын. Шахтер (Қарағанды)

Кеншілер клубы керісінше, әзірше, Қазақстан премьер-лигасында ең аз гол соққан – команда. Гол соққанның қандай қуаныш екенін алты ойында бір-ақ рет сезінді. Бірінші турда Нидерланды футболшысы Деслей Уббинк «Астана» қақпасының торын бүлк еткізген. Болды. Содан бері – тыныштық.

Андрей Финонченко мен жас шабуылшылары әлі гол соға алмай жүр. Жартылай қорғаушы Уббинктің шабуыл өтінде жүргені де осыдан. Бірақ ол да «жыртыққа жамау» бола алмай жүрген секілді.

Бірақ қорғанысы жаман емес. Әсіресе армян Арзуманян ойнаған күні «Шахтердің» бекінісін бұзып-жарып өту қиын. Тіпті «Қайраттың» мақтаулы жарық жұлдыздарының да тауы шағылған. Осы ретте, «үшінші турда “Тобыл” үш гол соғып еді ғой» дерсіздер. Дұрыс, бірақ ол ойында Роберт Арзуманян алаңға шықпаған болатын.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика