«Ертіс» – «Қайрат» – 1:2
Осы турдағы басты әрі тартысты ойындарының бірі Павлодарда өтпек. Бұл жолы Шымкенттен еңселі оралған «ертістіктер» барынша «Қайратқа» қарсылық көрсететіні белгілі. Десек те, чемпиондықтан үмітін үзбеген алматылықтардың ұпай жоғалтуға еш қақысы жоқ.
«Ордабасы» – «Ақжайық» – 2:0
Соңғы ойындарда ұпай жоғалтып жүрген шымкенттік клуб бұл жолы жанкүйерлерді жерге қаратпауы керек. Оның үстіне бұл маусымда Петрушин шәкірттері оралдық командадан ұтылып көрген жоқ. Алаң иелері жеңіске жетіп, жанашырларын қуантады.
«Қайсар» – «Оқжетпес» – 2:0
Соңғы орында келе жатқан көкшетаулықтардың жағдайы – тым мүшкіл. Оның үстіне, «Қайсар» – өз алаңында кез-келген командаға азу көрсететін клуб. Сондықтан да, олардың жеңісіне шүбә келтірмеймін.
«Атырау» – «Шахтер» – 1:1
Соңғы турда екі клуб та қонақта болып, үш ұпай еншілеп қайтқан. Менің ойымша, бұл кездесуде екі команданың да қоржыны бір-бір ұпайдан толығады.
«Тобыл» – «Астана» – 0:2
Бұлы кездесу ел чемпиондары үшін оңайға соқпасы анық. Еуропа лигасымен қатар келіп жатқан, премьер-лига олардың қарқындарын аздап бәсеңсітеді. Десек те, ойын астаналықтардың жеңісімен аяқталуы керек.
«Тараз» – «Ақтөбе» – 0:0
Бұған дейін Таразда өткен кездесуде екі клуб ұпай бөліскен. Осы дәстүр жалғасын тауып, бір-бірінің қақпасының кілттерін таба алмайды деп болжам жасаймын.
Алты ойыннан – алты ұпай...
Өткен ХХVІІІ турдың ойындарына «Алматы ақшамы» газетінің көпшілікке танымал журналисі Сәкен Сыбанбай болжам берген болатын. Төмендегі кестеден әріптесіміздің болжамы мен алты ойынның нақты нәтижесін салыстарып көре аласыздар.
Сәкен Сыбанбайдың ХХVІІІ турға берген болжамының қорытындысы
Ескерту:
* – Ермек пен Толқын екі ойынның нәтижесін дәл тапты. Әрі кейінге шегерілген бір ойындары бар, әлі. Негізі, Нағи Бақытбеков те екі матчтың нәтижесін тура тапқан. Бірақ төрешілердің қателігінен екі ұпайынан айырылды (төреші таза соғылған голды есепке алмай). Мадина Асылбек пен Фархат Әміренов бір ойынның нәтижесін дәл тауып, бір-ақ ойынның есебінен жаңылысты (төрт рет бір ұпайдан иеленді). Әділжан Үмбет бір матчтың нәтижесін дәл тауып, екі ойынның есебінен жаңылды. Ал Уәлихан Қосанбай бес ойынның жалпы есебін, әрі екі ойынның доп айырмасын болжап шықты;
** – Алмас Манап бір ойынның есебін дәл тапты, сондай-ақ екі ойынның қалай аяқталатындығын болжап шықты. Тұрлыжан Әйтенов бес ойынның жалпы есебін тапты (қайсысы жеңетіндігін немесе матчтың тең аяқталатындығын), ал Асқар Ағатаев үш ойынның есебін (әрі екі ойынның доп айырмасын) болжап шықты;
*** – Дүрәлі Дүйсебай, Әлібек Байшүленов, Талғат Садықов және Әли Битөре үш ойынның жалпы есебін тапты, Ришад Тұрғанбай мен Қуаныш Бажақ екі ойынның есебін (бір ойынның доп айырмасын) болжап шықты.