Вернуться к списку статей

Қонаққа барса «қойдан жуас» қалыпқа түсетін ұжым бар – Сәкен Сыбанбай

Футбол
1K
Қазақстан премьер-лигасының ХХVІІІ турына «Алматы ақшамы» газетінің көпшілікке танымал журналисі Сәкен Сыбанбай болжам береді.

"Астана" – "Тараз" – 3:0

«Тараз» өткен турдағы өз алаңындағы масқарадан соң, өкпесі қара қазандай тілеулестерін тағы да жерге қаратпауға барын салары анық. Алайда бұл тұрғыда «Астана» – олар үшін тым қолайсыз қарсылас. Елордалықтар қоржынға нақты түскен ұпай саны бойынша алға шыққан «Қайраттан» қалайда қалмауға тырысады. Қонақтар тағы да ірі есеппен ұтылады-ау.

"Қайрат" – "Тобыл" – 2:0

Көш бастаған «Қайрат» «Астананың» әлі де үш кем ойыны барын жақсы біледі. Ол ойындарда елордалықтардың есе жібере қоюы да екіталай. Дегенмен, «үмітсіз – шайтан», басты қарсыластың сүрінгенін күтумен қатар алматылықтар өздері еншілеуге тиіс үш ұпайдан айрылмауға тырысады.

"Оқжетпес" – "Атырау" – 0:1

Ойын өте қызықты өтеді деп ойламаймын, есесіне, үш ұпай үшін қырқысқан қырғын талас болары анық. Аутсайдерлердің жекпе-жегінде атыраулықтардың жолы болатын секілді сезіледі.

"Ақтөбе" – "Қайсар" – 1:0

Әрине, бүгінгі «Ақтөбе» – бұрынғы «Ақтөбедей» емес. Алайда ол қазір де өз алаңында өзі деңгейлес командаларға оңайлықпен ұпай сыйламайды. «Қайсар» болса, ұпайының денін үйінде алатын, қонаққа барса «қойдан жуас» қалыпқа түсетін ұжым. Бір доп айырмасымен алаң иелері жеңеді деп ойлаймын.

"Ақжайық" – "Шахтер" – 2:2

Оралдықтар кейінгі бірнеше матчты сәтті өткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын сәл де болсын түзей алды. Ала-құла өнер көрсетіп жүрген қарағандылықтар да олардан онша ұзай қойған жоқ: аралары бір-ақ ұпай. Деңгейлес командалардың тең нәтижесіне куә болатын шығармыз.

"Ордабасы" – "Ертіс" – 2:1

Кейінгі ойындағы ірі жеңілісімен жанашырларын қатты ренжітіп алған «Ордабасыға» енді тез арада сол тілеулестерінің бетін бері бұру қажет. Шымкент жұртшылығының көз алдында өтетін бұл кездесу – соған таптырмас мүмкіндік. Әрі Алматыдағы масқараның жәй «кездейсоқ сәтсіздік» екенін дәлелдеуге де болады.


ХХХ турдың қорытындысын кейін жариялаймыз

Осы аптаның ортасында ХХХ турдың үш ойыны өтіп, оған белгілі спорт журналисі және қайраткері Ардақ Тоғымов болжам берген болатын. Бірақ біз бұл турдың қорытындысын ХХХ тур толық аяқталған соң жариялаймыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика