Вернуться к списку статей

“Қайсар” “Қайраттан” қалай ұпай алуға болатынын көрсеткен – Әнуар Әбдірахменов

Футбол
1K
Отандық sports.kz сайтының шолушысы – Әнуар Әбдірахманов
Қазақстан премьер-лигасының ХІV турына еліміздегі беделді басылымдардың бірі, sports.kz сайтының шолушысы Әнуар Әбдірахманов болжам жасайды.

27 мамыр (сенбі)

«Ақтөбе» – «Ертіс» – 1:2

«Ақтөбенің» жаңа-бұрынғы жаттықтырушысы Владимир Муханов үшін бірінші ойын болғалы тұр. Сол себепті «Ақтөбе» футболшылары жаңа бапкерлеріне өздеріне сенім артуға болатындығын аянбай, қолдарынан келгенінше дәлелдеуге тырысады. Әйтпесе алдағы трансфер кезеңінде командадағы жылы орындарынан айырылады. Оның үстіне, өз алаңында ойнайды, жанкүйерлері де қамшылайды. Бұл қалаға қонаққа келген командалардың бәрі де «Ақтөбеден» ұпай алу қиямет-қайым екенін біледі. Десек те, «Ертіс» – ойыны қалыптасып қалған, ойыншылары да сайдың тасындай іріктелінген команда. Сондықтан мен Павлодар командасы айласын асырады деп ойлаймын.

«Тараз» – «Тобыл» – 0:3

«Тараз» чемпионат басында премьер-лига додасына дайын емес болып шыққан команда ретінде “көзге түсті”. Бірақ оңтүстіктік команда көшбасшылардың жүйкелерін жұқарта алады. Бірақ одан әріге шамалары жетіңкіремейді. «Тобыл» қазір екпін алды. Әрі бірнеше жылдан кейін қайтадан жүлделі орындарға таласуға ниетті екендерін де жасырып жүрген жоқ.

28 мамыр (жексенбі)

«Атырау» – «Ақжайық» – 1:0

«Атырауға» Сергей Павлов келгелі команданың ойыны түбегейлі болмаса да, әжептәуір өзгерді – мұқият және сауатты ойын өрнегін көрсете бастады. Дегенмен, шабуылды сәтті аяқтаудың қисыны әлі келіңкіремей жүр. Оралдың «Ақжайығымен» өтетін матчта «Атыраудың» үш ұпай олжалауға күш-жігерлері толықтай жетуі керек.

«Оқжетпес» – «Ордабасы» – 1:2

Ойын нәтижесіне болжам айтуға – өте күрделі ойын. Былай қарағанда, «Оқжетпес» клубында жүзеге асып жатқан өзгерістер мен күрмеуі күрделі мәселелерін ескерсек, «Ордабасы» қиналмай ұтуы керек, әрине. Бірақ Көкше клубының тізгінін Виктор Пасулько қолына алғанын ұмытпайық. Ол өзінің бұрынғы командасын жеңуге мейілінше тырысатын шығар. Әйтсе де, «Ордабасы» клубына бәс тігемін. 

«Қайсар» – «Қайрат» – 1:3

«Арландар» ел чемпионатын өте жоғары қарқында бастады. Бірақ кейіннен төмен сырғи бастады. Биыл «Қайсар» дұрыс тактика таңдап, шектен тыс сақ ойнаудың арқасында «Қайраттан» қалай ұпай алуға болатынын бір мәрте көрсеткен-де. Алматыдағы ойын «Қайсардың» түзде прессинг қолдана отырып, атойлап алға шығудан қаймықпағандығымен де есте қалған. Бұл ойында «Қайратқа» оңай болмайды, әйтсе де, Алматы клубының спорттық бабына келген көшбасшылары өздерінің шеберліктерін паш ете отырып, серіктерін жеңіске жетелей біледі деп ойлаймын. 

«Астана» – «Шахтер» – 3:0

«Астананың» ойындарына божам жасау аса қиын емес. Өйткені Станимир Стоиловтың шәкірттері көп ұпай жоғалтпай, өздеріне сенімді кейіпте, алға қарай нық адымдап келеді. Бұл ойында да ешқандай тосын, кездейсоқ нәтиженің куәсі болмаймыз деп ойлаймын.


Ұпайлары бірдейлер көбейіп келеді

Өткен, ХІІІ турдың ойындарына «Қазспорт» телеарнасының редакторы Тұрлыжан Әйтенов болжам жасаған болатын. Төмендегі кестеден әріптесіміздің болжамы мен алты матчтың нақты нәтижелерін салыстарып көре аласыздар.

Тұрлыжан Әйтеновтің ХІІІ турға берген болжамының қорытындысы


Ескерту:

* – Әділжан Үмбет бір матчтың нәтижесін дәл тапты, ал Уәлихан Қосанбай бес ойынның жалпы есебін (екі ойынның доп айырмасын) болжап шықты. 

** – Тұрлыжан Әйтенов бес ойынның жалпы есебін тапты, ал Асқар Ағатаев үш ойынның есебін (екі ойынның доп айырмасын) шешті.

*** – VІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика