Вернуться к списку статей

Сәкен Сыбанбай – "Жетісу" – Премьер-лиганың "үйкүшік" командасы

Футбол
2K
Сәкен Сыбанбай Премьер-лиганың 28-турына болжам жасайды
Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы ХХVІІІ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын бірінші кезеңде 6 ұпай жинап, финалға шыққан «Алматы ақшамы» газетінің журналисі Сәкен Сыбанбай ұсынады.

«Тобыл» – «Жетісу» 3:1

Қостанайлықтар әдетте өз алаңында өте сәтті ойнайды. «Жетісуды» жеңу – олардың қолынан әбден келетін іс. Талдықорғандық клуб та біздің Премьер-лигадағы «үйкүшік» командалардың қатарынан: қонаққа барса-ақ ылғи құрқол қайтады. Өткен турда ол тіпті өз алаңында да сүрінді. Бас бапкер Алмас Құлшынбаев пен оның шәкірттері сол сәтсіздіктен қорытынды шығаруға тырысары анық, алайда «Тобыл» өз жанкүйерлерінің алдындағы жеңісті жолын жалғастырады деп ойлаймын.

«Ақжайық» – «Шахтер» 0:0

Қос команда да өткен турда сырт алаңда жеңіске жетті. Премьер-лигадағы өз орындарын сақтап қалуға барын сала кіріскен сыңайлары бар. Мұндайда ойындар «үйдегі» және «қонақтағы» деп бөлінбесе керек. Екеуінің кезекті бәсекесі де өліспей-беріспес қиян-кескі тартыспен өтетін шығар. Бірақ биылғы чемпионатта допты ең аз соғатын командалардың жанкүйер қауымды голмен қуанта қоярына күмәнім зор.

«Ордабасы» – «Астана» 2:2

Шымкенттіктер кейінгі уақытта жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жиі қол жеткізіп жүр. Турнир кестесінде, міне, үшінші орынға да көтерілді. «Қайраттан» ойсырай ұтылғанын есепке алмасақ, «Астананың» да жалпы адымы ширақ. Турдағы ең қызықты матч осы болатын шығар. Командалар жанкүйер жұртшылықты бірнеше голмен риза етеді деп үміттенемін. Алайда ойын тең нәтижемен аяқталады.

«Атырау» – «Тараз» 0:1

Чемпионаттың екінші кезеңінде «Атырау» әлі жеңіске жеткен жоқ, тек екі рет тең түсті. Ал «Тараз», керісінше, кейінгі бес матчтың өз алаңындағы екеуінде жеңіп, сырттағы үшеуінде ұтылды. Осы қисынға салсақ, Юрий Максимов жетекшілігіндегі команданың «жеңілетін кезегі» келгендей көрінуі мүмкін. Әйтсе де, футбол кейде ешбір қисынның шеңберіне сыя бермейді. Атыраулықтар жеңісті тағы біраз күтеді-ау.

«Оқжетпес» – «Ертіс» 1:1

Деңгейі шамалас, турнир кестесіндегі көрсеткіштері ұқсас командалардың бұл кездесуі тең аяқталады.

«Ақтөбе» – «Қайрат» 1:2

«Астананың» соңынан өкшелей салған «Қайраттың» көшбасшыны қуып жетуі үшін мүлде ұпай жоғалтпағаны жөн. Мұны алматылықтардың өздері де өте жақсы түсінеді. Олар үшін ендігі әрбір ойын – финал іспетті. Елордалық клуб әлі Алматыға, Павлодарға сапар шегеді, демек, сүрінуі әбден мүмкін. Ал «Қайраттың» қателесуге хақысы жоқ.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 27-тур ойындарына National Geographic журналисі Арай Ізбай болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 2 ұпай жазды.

Арай Ізбай ХХVІІ турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

А.Ізбайдың болжамы

Ұпай

Ордабасы – Оқжетпес 1:0

1:1

0

Қайрат – Ертіс 2&1

3:1

1

Ақтөбе – Астана 1:2

1:1

0

Атырау – Ақжайық 1:2

2:0

0

Тобыл – Тараз 3:1

1:0

1

Жетісу – Шахтер 1:2

1:0

0

«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Түгелбай Бисен

6

ХХV

2

Ермек Төрениязов

5

ХХVI

3

Әділбек Жақанов

4

ХХІV

4-5

Рауан Оқас

2

ХХV

4-5

Арай Ізбай

2

ХХVIІ

«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика