Вернуться к списку статей

Еуро-2016: Болжамшыларымыз Уэльске сенеді

Футбол
1K
Еуро-2016: Журналистер болжам-бәйгесі
1/8-финал аясындағы Уэльс - Солтүстік Ирландия арасындағы кездесуге Ардақ Тоғымов пен Дастан Кенжалин болжам жасайды.

Париж. "Парк-де-Пренс" стадионы. Бүгін осы алаңда 1/8-финал аясында Уэльс пен Солтүстік Ирландия құрамалары кездеседі. Қайсысы жеңіске жетер екен. "Болжамшыларымыздың" екеуі де Уэльс дейді. Екеуі де 2:0 есебін алып отыр. Ал матч қалай аяқталар екен?

Ардақ Тоғымов (Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының баспасөз қызметі): Солтүстік Ирландия сенсация жасап қойды

Ардақ Тоғымов

Уэльс – Солтүстік Ирландия 2:0 (1:0)

Өз тобынан бірінші орынмен шыққан Уэльс жігіттері 1/8-финалда тағы да өз көршілестерімен кездеседі. Тағы да британдық ұжыммен. Сенсацияға толы топтық ойындарда Солтүстік Ирландия тұңғыш рет Еуро додадсына қатысып, плей-офф кезеніне шығып отыр. Оларға осы нәтиже де ұлкен жетістік деп санаймын. Уэльс болса қазір бабында. Қатарында осы чемпионаттың әзірше сүрмергені Гаррэт Бэйл сияқты жұлдыздары да бар. Ойын негізгі уақытта бітеді. Соғылмаған пенальти де болуы мүмкін. Сары қағаздар болады, бірақ көп емес. Қызыл қағаз алған ойыншылар болмайды-ау, шамасымен. 

Қорытынды есеп – 2:0

Бірінші таймның есебі – 1:0

Экстра тайм – болмайды

Гол соғуы мүмкін 3 ойыншы – Бэйл

Пенальти – бар

Қызыл қағаз – болмайды

Сары қағаз – 2-2

Дастан Кенжалин, «Егемен Қазақстан» газеті: Еуропа чемпионаты – тарихи ұғым

Дастан Кенжалин

Уэльс пен Солтүстік Ирландия 2:0

Уэльс пен Солтүстік Ирландия құрамаларының арасындағы ойын 2:0 есебімен негізгі уақытта аяқталады. Кездесуде голдардың бірі пенальтиден немесе айып добынан соғылуы мүмкін. Бұл болжам ғана. Голдардың қалай болатынын ойын көрсете жатар. Уэльс Еуропа додасына алғаш рет қатысып жатқан командаға ұқсамайды. Ешкімнен сескенбейді, қорықпай ойнайды, тартынбайды. Ресеймен екеуінің арасы жер мен көктей. Мұны командалардың кешегі ойыны да көрсетті. Бұл құрама финалдың 1/8-бөлігіне үшінші орынмен де шығатын еді. Алайда, ойыншылардың жеңіске деген жігері команданы бірінші орынмен келесі айналымға алып шықты. Қазір Бейл, Ремзи, Воукс, Ледли, Аллен сияқты жігіттер құраманың қозғаушы күші болып тұр. Ал Гарет Бейл болса, бұл жеке әңгіме. Ол 1980 жылдары жасыл алаңда жасындай жарқылдаған Марк Хьюз бен Иан Раш, 1990-2000 жылдары өнер көрсеткен Райан Гиггз сияқты команданың лидері бола алады. Бейлдің аты аталған ойыншылардан бір ерекшелігі, оның жанында Аарон Ремзи, Джо Ледли, Хел Робсон-Кану, Сэм Воукс, Нил Тейлор, Джо Аллен, Энди Кинг секілді шабуыл ұйымдастырып, көмекке келетін жігіттер бар. Демек, Уэльсте командалық ойын бар деген сөз. Команданың орташа жасы – 30 жас. Соған қарағанда келесі Еуро додасына Уэльстің қазіргі құрамындағы көп ойыншылар қатыспауы мүмкін. Бас жаттықтырушы Крис Коулман да жаттығуда, матч арасындағы үзілісте "Жігіттер, бұл сендердің соңғы мүмкіндіктерін. Жастарын келе жатыр. Ертең менің орныма басқа адам келуі мүмкін. Сонда сендерді осы құрамда командаға ала ма, алмай ма, оны бір Құдай біледі", дейтін шығар. Мұны әрине, ойнышылардың барлығы жақсы түсінеді. Өйткені, биылғы Еуропа чемпионаты Уэльс үшін тарихи мүмкіндік. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, өздерін жақсы қырынан көрсетсе, команданың аты тасқа қашалып жазылып қалады. Сол үшін Уэльс топтық турнирде барын салып ойнады. Топтағы матчтарын қарасақ, Бейл бастаған ойнышылар қарсыластары әлсіздік танытса аямайды екен. Шабуылдан-шабуылға шығып, гол соғуға ұмтылады да тұрады. Ойыншылары жылдам, алаңда тез жүгіреді. Ең бастысы тез ойлайды. Сондықтан олар Солтүстік Ирландиямен кездесуде ширек финалға шығу үшін барын салады. Кездесуде Бейл-Ремзи тандемі, Робсон-Кану, Ледли, Воукс, Тейлор доп соғады. Финалдың ширек финал бөлігі алақандай ел үшін арман болып тұр. Бұл матчта Уэльсте ешкім алаңнан қуылмайды. Бір адам ескерту алады. Жалпы, олар ескеруді көп алмайтын команда. Топтық турнирде үш ойында үш ескерту ғана алды. Бұл жолы да солай болуы мүмкін.

Солтүстік Ирландияның ширек финалға шығуға мүмкіндігі аз. Бұл елдің командасы келесі айналымға Украинаны жеңіп қана шықты. Оның өзінде соңғы минутта ғана екінші голды соқты. Польшадан 0:1 есебімен жеңілгенімен, лайықты өнер көрсете алмады. Осы матчта поляктар бір емес, бірнеше гол соғатын еді. Өздері көп мүмкіндікті жіберіп алды. Ал Германиямен ойында Солтүстік Ирландия намысқа тырысты. Бұл кездесуде де немістер біраз мүмкіндікті жіберіп алды. Сонда бұл не? Солтүстік Ирландияның 10 ойыншысы бар қорғанысы мықты ма әлде қарсылас команданың шабуылы нашар ма? Меніңше, мәселе қорғаныста емес. Егер олардың қарсыластары алыстан қақпаны дәл көздеп отырса, айып алаңына келгенде жылдам қимылдап соққы жасаса, Солтүстік Ирландияға бір емес, бірнеше гол соғуға болады. Бұл команданың қорғанысы шашыраңқы. Кездесуде алаңдағы ойнышылары нысананы алыстан көздеп отырады. Уэльске айып добы берілсе, соны да пайдалануға тырысады. Солтүстік Ирландия сапында біреу гол соғады деп айта алмаймын. Бірақ, бәрі де болуы мүмкін. Ал ескертуді екі адам алады. Қызыл қағаз алмайды. Мұндай жауапты ойында төреші командаларға тең мүмкіндік береді. Пенальти де бола қоймас. Матчта бірінші таймда гол соғылады. Голды Уэльс салады.

Қорытынды есеп – 2:0

Бірінші таймның есебі – 1:0

Экстра тайм – болмайды

Гол соғуы мүмкін 3 ойыншы – Бэйл, Рэмзи, Робсон

Пенальти – болмайды

Қызыл қағаз – болмайды

Сары қағаз – 1-2

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика