Вернуться к списку статей

Еуро-2016. Доптың домалақ екенін ұмытып кетіп жатамыз

Футбол
2K
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі
«Еуро-2016» чемпионатында «F» тобының ойындарына Төлеубек Қадырмолла, Арай Ізбай, Бек Төлеуов және Ғабит Сапарбек сынды журналистер болжам жасайды.

Бүгін Францияның Марсель және Париж қалаларында Исландия – Венгрия және Португалия – Аустрия кездесулерімен топтық кезеңнің екінші туры қорытындыланады. F тобының ойындарына «Қазақ спорты» газетінен Төлеубек Қадырмолла, «National geographic» журналынан Арай Ізбай, «Бақ.кз» сайтынан Бек Төлеуов және шымкенттік «Оңтүстік Қазақстан» газетінен Ғабит Сапарбек болжам жасап, өз топшылауларын білдірген болатын.

Бірінші турдан кейін 3 ұпаймен Арай Ізбай көш бастап келе жатса, қалған үшеуінің әзірге қоржындары бос.

Төлеубек Әділбекұлы  («Қазақ спорты» газеті)

Төлеубек Әділбекұлы

Исландия – Венгрия – 0:0

1-турдың басты қаһармандары арасындағы өзара ойын менің ойымша тең жағдайда өтеді. Австрияны аттан аударып тастаған Венгрияның бұл жолы Исландияны жеңуге шамасы келе қоймас. Менің есебім – 0:0.

Португалия – Австрия – 3:0

Алғашқы ойында Исландияны ұта алмаған Криштиану Роналдудың командасы сол ойыннан сабақ алуы тиіс. Бірінші ойында Австрия футболшылары Венгрия құрамасына еш қарсылық көрсете алмады. Бұл жолы олардың Португалиядан ұпай алуы екіталай. Оның үстіне Александр Драгович сынды орталық қорғаушылары өткен ойында алаңнан қуылды. Негізгі қорғаушының алаңда болмауы португалиялықтардың жұмысын жеңілдететіні сөзсіз. Қысқасы, Португалия ірі есеппен жеңіске жетеді – 3:0.

Арай Ізбай («National geographic Kazakhstan» журналы)

Арай Ізбай

Исландия – Венгрия 1:0

Барша жұртты жаңылдырған статистика кейді дос, кейде қас. Ойын компоненттері мен бұрынғы нәтижелерге сүйене отырып болжам жасау жеңістің кепілі емес екенін көзбен жеткізгендер қаншама. Жаңылдық та, сүріндік, таптық та, қуана шаптық... Бұл ойынды жақсы көретін азаматтардың барлығы осындай бір толғаныс сәттерді басынан өткізгені анық. Доптың домалақ екеніне көз жұмып жатамыз біз кейде. Ал теңбіл доп ақ-қарасын өзі таңдайды. Осыны ұмытпаған абзал! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынадай, біз бұл байқауға құмар ойынды насихаттау үшін емес, керісінше футбол деген ойынның кереметін, спорт журналисттерінің салауатты өмір салтын ұстанатынын көрсету үшін қатысып отырмыз! Пәлсапалап болдық, енді таза түйсікке ерік берсек.

Бұл байқауға қатыспас бұрын «F» тобындағы бүкіл ойындарды шамалап болжап қойған едім. Венгрияның жеңісі пікірімді өзгерткен жоқ. Исландия бүгін қалай да жеңіске жету керек деп ойлаймын. Әлемнің үздік футболшысын өз қақпасының маңына жолатпаған мұз қабақты елдің ойыншылары, өздерімен шамалас мажарлардың ұжымын ұзақ шаптырмас.

Португалия – Аустрия 1:1

Алғашқы ойындағы сәтсіздіктен кейін Аустрия бүгін қорғанысқа көп көңіл бөлу керек. Ал, Португалия ұятқа қалмас үшін тайлы-тұяғымен алдыға ұмтылады. Бұл енді қарапайым логика. Алайда, Алаба бастаған жігіттердің 1 гол соғуға шамасы жетеді деп ойлаймын. Осы орайда, нәтижелі ойын күтуге болатын шығар.

Бек Төлеуов («Бақ.кз» сайты)

Бек Төлеуов 

Исландия – Венгрия – 1:1

Исландияның Венгрияны жеңбегеніне 21 жыл болыпты. Соңғы төрт ойында Венгрияның жолы болған екен. Бірінші турда Исландия бір ұпай еншілесе, Венгрия күтпеген жерден Австрияны ұтып кетті. Бұл жолы екі құрама тең ойнайтын шығар. 1992 жылдан бергі ойындарды есепке алатын болсақ, екі команда арасында тең ойын тіркелмеген. Осы жолы сол олқылықтың орны толатын шығар.

Португалия – Австрия – 2:1

Екінші турда екі команда да барын салары сөзсіз. Бұл ойында міндетті түрде біреуі жеңіске жетуі тиіс. Сондықтан тең ойын болады деп ойлаймын.Оның үстіне осы жолы Криштиану көзге түсуі мүмкін. Болжам – 2:1. Австрияның алғашқы турдағы ойыны көңілден шыққан жоқ. Дегенмен бір доп салуы тиіс.

Ғабит Сапарбек («Оңтүстік Қазақстан» газеті)

Ғабит Сапарбек

Исландия – Венгрия 0:1

Қазақ жанкүйерлері аса менсіне бермейтін Шторк бапкер өз командасын енді тапқан сияқты. Венгрлердің қорғаныс шебі өте мықты. Жекелей кездесулерде бұрын Исландияны жиі ұтқан. Оның үстіне Австрияны жеңіп, қанаттанып алды. Бұл жолы тәжірибесіне сүйеніп, Исландияны жеңетін шығар.

Португалия – Австрия 2:1

Өткен турда португалиялықтар сәтсіз ойнап, ұпай жоғалтты. Енді «есін жимаса» кеш болады. Роналду бастаған жігіттер қай турнир болмасын, бірінші турға қарағанда екінші турда сәтті ойнайды. Португалияның да, Австрияның да қорғанысы орташалау. Алғашқы ойындарында анық байқалды. Демек, қос мықты тартысты бәсекеде голдан сусатпас деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика