Вернуться к списку статей

Еуро-2016: Әділбек Жақановты кім қуып жетеді

Футбол
2K
Еуро-2016. Журналистер
«Еуро-2016» чемпионатында «С» тобының ойындарына Есей Жеңісұлы, Еркін Шәкір, Шалқар Естен және Әділбек Жақанов сынды журналистер болжам жасайды.

Ертең Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының «С» тобында екінші тур ойындары өтеді. Алаңға Украина мен Солтүстік Ирландия және Германия мен Польша құрамалары шығады. «Болжам-бәйге» бәсекесінде бұл топта бірінші турдан кейін 5 ұпаймен қызылордалық Әділбек Жақанов алға шыққан болатын. Өзгелерден оқ бойы озып кеткен Әділбектің бұл жолғы пікірлері бәсекелестерінікімен ұқсас па, қалай?

Есей Жеңісұлы («Айқын» газеті)

Есей Жеңісұлы

Украина – Солтүстік Ирландия 3:1.

Екі құрама үшін де шегінер жер жоқ. Ал бетпе-бет айқаста Украина мықты болуға тиіс.

Германия – Польша 2:0.

Германия «қанның» дәмін татып көрді, енді тоқтауы қиындау. Ол Польшаны да екі доп айырмасымен ұтып, келесі турдағы украиндер мен поляктар қырқысына алғышарт жасап беретін сияқты.

Еркін Шәкір («Қазақстан» телеарнасы)

Еркін Шәкір 

Украина – Солтүстік Ирландия 2:1

Украинаның екінші ойыны Солтүстік Ирландияға қарсы өтеді. Бірінші турда Германиядан жеңіліп қалған олар үшін қалайда Солтүстік Ирландияны жеңу керек. Дегенмен ауыр ойын болатыны сөзсіз. Өйткені Еуропа чемпионатына жолдама алған команданың осалы жоқ. Оның үстіне, Еурододаны Аргентина мен Бразилия қатыспайтын Әлем біріншілігі дейді.

Германия – Польша 3:1

Германия әлем чемпионы атағынан кейін Еуропа чемпионы болу үшін барын салады. Йоахимм Лев шәкірттерінің мүмкіндігі мол. 2014 жылғы құрама негізінен көп өзгерген жоқ. Қорғаныста Филипп Ламның жоқтығын білдірмейтін ойыншылар жетерлік. Ендеше Германия Левандовскийды тұсап ұстай алады. Ал поляктарға Мюллер мен Гомес, Подольскиді ұстау қиын болады ау...

Шалқар Естен («ҚазСпорт» телеарнасы)

Шалқар Естен

Украина – Солтүстік Ирландия 1:0

Бұл ойын өте тартысты өтуге тиіс. Фоменко жаттықтыратын команда үшін үш ұпай ұстанатын тамаша мүмкіндік осы ойында туады деп ойлаймын. Солтүстік Ирландия құрамасының бет бейнесін алғашқы турда көрдік және аса жақсы пікірде емеспіз. Есесіне украиндар таң қалдырды. Ел басшысы Петр Порошенко айтып өткендей, Украина құрамасы әлем чемпиондарымен тең дәрежеде бәсекелесті. Сол кездесуде Нойер қорғаған қақпаға қаншама рет қауіп төнді?! Демек украиналықтар тек қорғаныста емес, алдыңғы шепте де сауатты ойнай біледі. Есей Жеңісұлы сенім артқан Коноплянканың оқтаулы мылтығы осы жолы атылатын шығар? Менің болжамым: Украина - Солтүстік Ирландия - 1:0.

Германия – Польша 3:1

Бұл кездесудің фавориті белгілі. Йоахим Лев баптайтын ұжымның жеңісіне крикет немесе бейсбол жанкүйерлері ғана күмән келтіретін болар? «Неміс мәшинесі» елден шыққанда оталып келген екен, алғашқы турдың өзінде жүрісінен жаңылған жоқ. Швайнштайгерлер шау тарта қоймапты, поляктардың шаужайына жақсылап тұрып, жармасатын сияқты. Немістер сапында гол соғатындар жетеді. Бұл кездесуде ірі есеп тіркелетін шығар.

Әділбек Жақанов («Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы)

Әділбек Жақанов

Украина – Солтүстік Ирландия 1:0

Алғашқы ойыннан-ақ Солтүстік Ирландияның шама-шарқын байқадық. Физикалық әлеуеті жоғары болғанымен ирландықтар Еуропа біріншілігіндегі матчтарын тек қорғаныста өткізетін секілді. Себебі, шабуыл шебі бәсекеге қабілетсіз. Польшамен өткен кездесуде қарсылас қақпасына жасаған шабуылдары саусақпен санарлықтай болды. Енді Украинаға қарсы да дәл сол тактикасын ұстанбасқа амалы жоқ. Әйтсе де, «неміс машинасына» айтарлықтай тойтарыс берген «сары жиделілер» бұл матчта маңызды бір голын соғады деген үміт басым.

Германия – Польша 2:1

Бірінші турда сүрінбеген қос команда топтан шығу мәселесін осы ойында шешуге тырысатыны анық. Иохим Лев шәкірттері іріктеу кезеңінде поляктардан бір рет сүрінген еді. Бұл жолы «неміс машинасы» ондай олқылыққа жол бермеуі тиіс. Томас Мюллер еуродағы алғашқы голын Щесныйға соғуы әбден мүмкін. Талас-тарысқа толы өтетін текетіресте 2:1 есебі тіркелетін секілді. 

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика