Еуропа чемпионатында топтық кезеңнің бірінші тур ойындары соңына тақап қалды. Бүгін кешкісін «Е» тобының ойындары өтеді. Алдымен Сен Дениде Ирландия және Швеция ойыны өтсе, одан кейін Лионда Бельгия мен Италия құрамалары алаңға шығады. Бұл топтағы ойындарға «Алматы ақшамының» өкілі Сәкен Сыбанбай, «қазспорттық» Ермұхамед Мәулен, «аламандық» Рауан Оқас және маңғыстаулық Асқар Ағатаев өз топшылауларын жасады.
Сәкен СЫБАНБАЙ («Алматы ақшамы» газеті)
Ирландия – Швеция 1:2
Қос команданың шеберлік деңгейі, жалпы алғанда, шамалас деп ойлаймын. Алайда шведтердің сапында Златан Ибрагимович бар ғой. Спорттық бабында болса, оны тоқтату қиын-ақ. Жетекші жұлдызының шабытты ойынының арқасында бір доп айырмасымен Швеция жеңеді деп ойлаймын.
Бельгия – Италия 1:1
Бельгияның көз қарықтырар жұлдызды құрамын елдің бәрі біледі. Бірақ сол жұлдыздар жеке-жеке жарқырай ма, әлде жұдырықтай жұмылып, жүйелі ойын көрсете ме? Көп нәрсе осыған байланысты. Италияда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар ұйымшыл команда бар. Ірі турнирлерді олардың ұтылып бастауы өте сирек. Оның үстіне, доданың бірінші ойыны болған соң, екі жақ та сақ қимылдауы мүмкін. Яғни, тең нәтижені күтемін.
Ермұхамед Мәулен («КазСпорт» телеарнасы)
Ирландия – Швеция 0:1
Ирландия Еуропа немесе әлем чемпионаты сынды дүниежүзілік додалардың финалдық кезеңдеріне әрдайым тұрақты түрде шығып жүрген команда емес. Рас, Швеция да сондай. Бірақ шведтер сапында бір мықты ойыншы бар. Ол – Златан Ибрагимович. Златан міндетті түрде бірінші ойында гол соғады. Сондықтан, шведтердің міндетті түрде гол соғатын өз адамы болса, ирландиялықтардың гол соғатын қауқары жоқ. Демек, есеп қандай? Есеп – 0:1.
Бельгия – Италия 1:1
Бельгия – Италия матчына тоқталар болсақ, Марк Вильмотс командасы өте мықты. Ойыншыларының дерлігі ағылшын Премьер-лигасында өнер көрсетеді. Кілең «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Сондықтан, соңғы кездері нашар ойнап жүрген, іріктеу кезеңінен іркіліп барып, финалдық сынға зорығып шыққан Италия құрамасын жеңуі тиіс. Бірақ бірінші кездесуде ойыншыларына тәжірибе аздық етуі мүмкін. Оның үстіне, «Скуадра Адзурра» қақпасын Джанлуиджи Буффон қорғайды. Меніңше ойын тең аяқталады.
Рауан Оқас («Аламан.кз» спорттық сайты)
Ирландия – Швеция 0:2
«Еуро-2016» турнирі Швецияның үздік сұрмергені Ибрагимович үшін соңғы чемпионат болуы мүмкін. Әлемнің үздік футболшыларының бірі Златан, Францияда доп теуіп жүрген соң, осы турнирде бір көсіледі деп ойлаймын. Ирландия жақсы команда. Бірақ бұл кездесудегі жеңісті Швецияға бергім келіп тұр. Есеп: 0:2
Бельгия - Италия 1:1
Еуро 2016 турнирінің басты фавориттерінің бірі болып Бельгия құрамасы саналады. Құрамында небір мықты футболшылар жиналған команданың алғашқы қарсыласы Италия болмақ. Ойын қызықты болары сөссіз. Азар бастаған жігіттер Италияның тасқамал қорғанысын бұзып, бір гол соғады деп есептеймін. Италия да бір гол соғуы тиіс. Есеп: 1:1.
Асқар Ағатаев («aktausport.kz» порталы)
Ирландия – Швеция 0:2
Екі құрама өз ара он рет ойнаған екен. Соның бесеуі шведтердің пайдасына, үш кездесу Ирландия еншісіне шешілсе, екі кездесу тең нәтижемен аяқталған. Сапында Златан Ибрагимовичтей сұрмергені бар Швеция құрамасы Ирландиядан бұл кездесуде басым түседі деп ойлаймын. Жалпы Мартин О’нил тізгінін ұстаған Ирландия командасы соңғы жолдастық кездесулерде көңіл толтыртатын жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жоқ, ал шведтер болса керісінше әр ойын сайын Евроға тыңғылықты дайындалғанын көрестіп, өз жанкүйерлерін қуантып жатыр.
Бельгия – Италия 1:0
«Е» тобының басты фавориттері Европа чемпионатының тұсау кесер ойынын өзара өткізеді. «Скуадра Азурра» Европа чемпионаты, Әлем чемпионаты секілді әлемнің мықты футбол жарыстарының чемпиондық атаққа лайықты командаларының бірі. Дегенмен бұл кездесуде мен жеңісті Марк Вильмотс бастаған, яғни Бельгия құрамасына беремін. ФИФА рейтингісінде екінші орынға тұрақтаған Бельгия құрама командасы жарқын шабуылды ойын көрсетіп жүр. Бұл ойында Эден Азар, Кевин Де Брейне секілді футболшылар Италия қомандасының қорғанысына біраз қиындық әкелетіні сөзсіз. Осы тартысты өткен ойында бір доп кездесу тағдырын шешеді деп ойлаймын.
Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.
«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойыншатанысуға болады.