Вернуться к списку статей

Еуро-2016: Біздің болжамшылар Францияға сенеді

Футбол
2K
«Еуро-2016» чемпионатында «А» тобының ойындарына Амангелді Сейітхан, Дастан Кенжалин, Руслан Меделбек және Роза Әрен сынды журналистер болжам жасайды.

Ертең кешкісін Францияда Еуропаның футбол тойы басталады. Алғаш болып жасыл алаңға Франция мен Румыния құрамалары шықса, одан кейін Швейцария мен Албания арасындағы матчты тамашалайтын боламыз. Бұл «А» тобының командалары.

Қазақстан журналистері арасында ұйымдастырылған «Болжам-бәйгеде» жеребе қорытындысы бойынша «А» тобының ойындарына топшылау жасау мүмкіндігі Амангелді Сейітхан, Дастан Кенжалин, Руслан Меделбек және Роза Әренге берілген еді.

Амангелді Сейітхан («Хабар» телеарнасы)

 

Франция – Румыния 3:1

Баяғының шалдарынан қалған сөз.. «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді». Әуелі келген ой осы болды. Бәйге басталмас бұрын байбалам салу емес, біздің болжам кейде шындықпен жанаспай жатады. Аяқты алдымен, абайлап басайын. Франция мықты. Мықты болғанда қазір кезіккен қарсылас қақпасына топырлатып гол соғуға машықтанып алды. Бұрын ғой әлем біріншілігінің беташар ойынында осалдауы мықтысының шаужайынан алып, кейде екпетінен түсіретін. Румынияда екпін бар. Украинамен өткен ойынын қарадық. Шабуылы тегеурінді. Демек Франция қақпасын назарда ұстайды. Гол соғуы да әбден мүмкін. Болжам мынау, «үшжолақтылар» «сары балапандарды» екі доп айырмасымен жеңеді. Есеп – 3:1.

Албания – Швейцария 0:1

Жанарбек Әшімжан алғашқыларының жеңіске жеткенін қалайтын шығар. Бірақ сағаты сапалы елдің футболшылары да қазір сын көтереді. Қос қарсылас үш жыл бұрын ойнаған. Швейцария 2:1 есебімен басым түскен. Сол нәтиже тағы қайталану мүмкін. Албандар мерген. Бір гол соғуға қауқарлы. Швейцария қайтер екен? Жеңетін болар. Мысалы, 1:0 есебімен.

Дастан Кенжалин («Егемен Қазақстан» газеті)

 

Франция – Румыния 1:1

Биылғы Францияда өтетін Еуропа чемпионаты қызықты және тартысты болады деп ойлаймын. Еуро додасы өткізіле бастаған кезден бері алғаш рет 24 елдің ұлттық құрама командалары бақ сынасады. Бұған дейін әр жылдары 8, 16 елдің командалары топ-топқа бөлініп бөлініп, қарт құрлықтың басты кубогына таласқанын білеміз. Енді, 24 елдің құрамалары бір ай бойы Еуропаның көкмайса алаңдарында жарыстың көрігін қыздырады. Бұл бір жағынан бұрын іріктеуден сүрініп, Еуропа чемпионатына қатыса алмай жатқан командаларға өздерін көрсетуге жақсы мүмкіндік. Бірақ қазір Еуропада осал команда бар деп айта алмаймын. Өздеріңіз байқасаңыздар, Еуро болсын, әлем чемпионаты болсын осы құрлықтан 2000 жылдарға дейін бұрын көзге түспей жүрген елдің құрамалары жақсы өнер көрсеткен болатын. Мысалы, 1992 жылғы Еуропа чемпионатында Данияны, 1994 жылғы әлемдік додада Болгария, 1996 жылғы Еурода Чехия сияқты командаларды айтуға болады. Қазір Еуропада футбол жақсы дамыған. Сондықтан биылғы додада Солтүстік Ирландия секілді алғаш рет қатысатын командадан көп нәрсені күтуге болады. Қысқасы, бәрін ойын көрсетеді.

Франция мен Румыния арасында өтетін беташар ойын тең аяқталады. Әрине, алаң иелері алғашқы ойында жеңу үшін барын салады. Егер жеңіп жатса Француз Республикасына тілектеспін. Дегенмен, биылғы Еурода топтық турнирде жақсы ойнап, келесі айналымға шыққысы келетін командалар көп. «А» тобында Дидье Дешамның жасағынан басқа, Румыния мен Швейцарияның 1/8 финалға шыға алады.

Албания – Швейцария 0:2

Ал Албания олармен иық теңестіріп бәсекелесе алмайды. Сондықтан Швейцариямен ойында албандар жеңіледі. Матчта Швейцария 2:0 есебімен жеңуі тиіс.

Руслан Меделбек («alaman.kz» спорттық сайты)

Руслан Меделбек 

Франция-Румыния 2:0.

Алаң иелері Еуро доданың беташар матчын еш қиындықсыз жеңіспен бастауы тиіс. Мен үшін Франция биылғы жарыстың басты фавориттерінің бірі. Сондықтан Францияның жартылай финалға жолы осы Румынияны жеңуден басталады деп ойлаймын. Бір қызығы, Румыния Францияны соңғы рет 1970 жылдары жеңіпті. Содан бері Франция румындардан жеңілмеген.  2012 жылғы ЕЧ іріктеуінде бір топқа түскенде Франция Париждегі “Сен Дениде” Румынияның қақпасына жауапсыз қос гол соққан. Демек, бұл жолы да “Сен Дениде” дәл осы есеп тіркелуі мүмкін.  Есептен сәл қателесуім мүмкін. Бірақ жарыс қожайындары бұл матчта үш ұпайды қиналмай алады.

Швейцария – Албания 2:1

Статистикаға сүйенсек, бұл екі елдің құрамасы алты рет кездесіп, бесеуінде Швейцария жеңіске жеткен. Тек бір ойын тең аяқталған. Соңғы үш ойында Швейцария Албаниямен ойында тұрақты түрде үш ұпай иеленіп отырған. Демек, бұл матчта Швейцария фаворит. Албания өзінің алғашқы қатысқалы отырған Еуропа чемпионатында ұпай таратушы қызметте болады. Сондықтан бұл матчта Швейцарияның жеңісіне қоямын. Матчта ірі есеп тіркелуі екіталай. Албания алғашқы матчта өз фанаттарына және көрерменге өздерінің Францияға жеңілу үшін келмегенін дәлелдеу үшін барын салар. Бірақ Албанияға Еуропа чемпионатына қатысудың өзі үлкен жетістік.

Роза Әрен («el.kz» интернет жобасы)

Роза Әрен

Франция – Румыния 2:1

Іріктеу кезеңінде Румыния өз тобынан екінші орынмен шыққан. Cоңғы жолдастық кездесулеріне мән берсек, Ангел Йордэнеску шәкірттері азулы Испаниямен тең түскен. Соңғы матчында Грузияны 5:1 есебімен ойсырата жеңген. Ал сол Грузия күні кеше Испания тізе бүктіре алды. Демек бұл ойында олар міндетті түрде гол соғады деп ойлаймын. Дегенмен француздар өз жерінде өтіп жатқан чемпионатта румындардан жеңіле қоймас. FIFA рейтингісінде екі құраманың арасы соншалықты алыс емес. Атап айтқанда, француздар - 17, Румыния – 22-ші орында. Есеп 2:1 болады деп болжап отырмын. Франция жеңіске жетеді.

Албания – Швейцария 1:1

Италиялық Джанни де Бьязи жаттықтыратын албандар мұндай ірі турнирге алғаш рет қатысып отыр. Өз тобында жолдаманы Португалиямен бөліскен «тау қырандары» швейцариялық аяқдопшылармен бір деңгейде өнер көрсетеді. Өз кезегінде Швейцария елінің футболшылары соңғы жолдастық кездесудің көбінде 1, 2 доп айырмасымен қарсыластарына жол берген команда ғой. Шакири, Джака бастаған жігіттер мұндай 4 жылда бір келетін «кәрі құрлық» бәсекесіндегі алғашқы ойындарында жеңіске жетпесе де, 1 ұпай еншілейтін шамалары бар. Есеп 1-1.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика