Вернуться к списку статей

Еуропа барамыз деген арманымыз Афиныда аяқталды

Футбол
2K

Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропаға бара ма деген аз-кем үміт болған. Былтырдан бері екі рет мүмкіндік алдық. Ең оңай жолы сырт алаңда Словенияны жеңу керек еді. Ол бұйырмады. Екіншісі Афиныда Грекияны, сосын Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазын қапы қалдыру еді. Оңай емес екенін бәрі түсінді. Бірақ бұйырған бақ болса кетпейді деп едік. Алайда ежелгі Эллада елінедегі жорығымыз сәтсіз аяқталды.

Бас бапкер Магомед Адиев негізгі құрамда екі жылдан бері еліміздің бас командасында ойнамаған Эльхан Астановты шығарды. Қорғаныста алғаш рет Темірлан Ерлановты ойнатты. Оның тактикасы жемісін бермеді. Матчтың алғашқы 15-минутында бірден екі гол жіберді.

Үзіліске дейін есеп 4:0-ге жетті. Екінші таймда алаң иелері тағы бір мәрте мергендік танытып, ойсырата жеңді.

Енді біздің футболшылар құрлықтық додаға қатыса алмайды. Десе де тағы бір кездесу өткізеді. Яғни, Грузия құрамасынан ұтылған Люксембургпен жолығуы қажет.
Магомед Адиев қызметінен кете ме не қала ма – әзірге белгісіз. Ұлттық құраманың бас бапкері бұл мәселені Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұовтпен бірге ақылдасып шешетінін жеткізді. Қазақстан мен Грекия арасындағы матчтан кейін әлеуметтік желіде бас бапкерді алып тастауды талап еткен жазбалар көбейді. Өйткені қазақстандық жанкүйерлерге команданың дайындығы және жаттықтырушының такитикасы ұнай қойған жоқ. Матч соңындағы баспасөз мәслихатында ресейлік маман Магомед Адиев 26 наурыздағы ойынға дейін, яғни, Қазақстан-Люксюмбург кездесуіне дейін қызметте қалатынын қадап айтты. Ал ары қарай шешімді федерация басшысы қабылдайды.

13174

Ол сондай-ақ өз шәкірттерінің алаңда өте көп қателескенін мойындады. Мұндай ойынмен жеңіс туралы айтудың өзі ұят деп отыр. Барлық кінә мен жауапкершілікті өз мойнына алды.

«Сыншыларға не деп жауап берем? Бізді өте көп мақтады және қолдау көрсетті, сол үшін бәріне разылығымды айтам. Қазақстан мен үшін өте көп жақсылық істеді. Айтылатын барлық сынды тура қабылдаймын, ақталмаймын. Жеңіліске басты кінәлі адам – мен. Бүгін-ақ отставкаға кетер ем. Алайда, федерацияға деген көзқарасыммен бұлай жасай алмайм, яғни мен олармен ақылдаспай өзім шешім қабылдамаймын», - деді Магомед Адиев.

Отандық жанкүйерлерге бұл жеңіліс ауыр тиді. Желіде түрлі жазбалар жүр. Әркім өзінше себеп іздеп жатыр. Біз осы ретте негізі факторларға тоқталып өтсек.

Тактикалық қателік

Ең бірінші кезекте бас бапкер Магомед Адиев тактикалық тұрғыда қате жіберді. Мұны өзі де баспасөз мәжілісінде мойындағандай болды.

Ойын алдында Грекия бапкері Густава Пайет Қазақстанның қалай ойнайтынын білемін деген. Соған орай, Адиев тактиканы өзгертсе керек. Бірақ қарсыласты алдап соғамын деп, өзі жаңылсса керек.

Өйткені көптен ұлттық құрамада негізгі құрамда шықпағандар осындай ең маңыздыматчта алғашқы минуттан ойын көрсетті.

Алдымен қорғаныс шебінен бастасақ,Нұрәлі Әліптің жоқтығы бас бапкердің жоспарын күл талқан етті.

Нұрәлінің орнын Темірлан Ерланов басты. Бірақ ол сенімді ақтай алған жоқ. Голдардың көбісі соның позициясынан кіріп, өзі де шабуылға шығар тұста пас беруден қателесіп жатты.

Магомед Адиев Қазақстан құрамасына бас бапкер болғалы Темірлан Ерлановты ешқашан ресми матчта негізгі құрамда шығармаған. Енді ең шешуші ойында тексерілмеген эксприментке баруы түсініксіз.

Бұл позицияға Бактиер Зайнутдиновтің ойнауы мүмкін екені де айтылған. Өйткені «Бешикташтағы» кейбір матчтарда қорғаушы міндетін атқарып жүр. Сосын «Тобыл» капитаны Роман Асранкулов қазір бабында еді.

Эльхан Астанов былтыр соңғы матчтардың ешқайсысында құрамаға шақырылмаған болатын. Биыл «Астанадағы» алғашқы екі турдағы ойыны бас бапкердің сенімін оятса керек. Алайда Астанов бастапқы 30 минутта допқа аяғы мүлдем тиген жоқ. Осы кездесудегі ең нашар ойын өткізгендердің бірі.

Көшбасшының жоқтығы

Еуропаның ортанқол құрамаларында кемі бір көшбасшы ойыншы болады. Егер команданың ойыны жүрмей жатса, сол тізгінді өз қолына алады. Мысалы, Грузияда қазір Хвича Кварацхелия бар. Бізде шабуылда ойынды ширататын, керек кезде өзі де гол соға алатын футболшы жетіспейді.

Дубайдағы оқу-жаттығу жиын

Дубайдағы оқу-жаттығу жиынының мақсаты сәл түсініксіз болып қалды. Қыс бойы отандық командалардың көбісі Түркияда жаттықты. Енді күн жылығында Біріккен Араб Әмірліктеріне барудың мәнісі бар ма еді? Оның үстіне, Абат Айымбетов, Бактиер Зайнутдинов, Нұрәлі Әліп бұл жиынға қатыса алмады.

Афиныда ойнайтын болғандықтан бәлкім Түркияны таңдау салу қажет пе еді? Адаптация жасау сол кезде оңайға түсуші еді.

13175

Жылдам гол

Матчтың 15-минутында есеп 2:0 болып жатты. Бұл команданы психологиялық тұрғыда сындырды. Ең болмаса, осыдан кейін бір гол салғанда жағдай өзгеруі мүмкін еді. Оған гректер мүмкіндік берген жоқ. Қайта өздері қарқындарын үдетіп, үзіліске дейін есепті 4:0-ге жеткізді.

Үлкен матчтарға дайын болмау

Магомед Адиев Қазақстанға келгелі бастапқы ойындарда жақсы нәтиже көрсетуді әдетке айналдырды.

Ол мысалы, 2021 жылы Қарағандының «Шахтер» клубымен Еуропа Конференция лигасынының бірнеше іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Азулы Румыняның «Стяуа» сияқты клубтарын қапы қалдырды. Алайда топтық кезеңге жолдама беретін соңғы ойында Израильдің «Маккаби Тель-Авив» клубына төтеп бере алмады.

Ұлттық құрама тізгінін ұстаған тұста да Адиевке де көп ешкім сенген жоқ. Бірақ ол біраз сенсация жасады. Ұлттар лигасында Словакияны артқа тастады. Еуро-2024 іріктеу турнирінде Астанада Дания мен Солтүстік Ирландияны, сырт алаңда Финлядния мен тағы сол Солтүстік Ирландияны қапы қалдырды. Алайда финалдық ойын саналған Словениямен кездесуде есе жіберді. Бұл жолы екінші мүмкіндігінде Грекияға шамасы жетпеді. Демек, екі финалда ұтылып отыр.

Қазақстан футболшылары да әзірге мұндай үлкен матчтарға дайын еместігін байқатты.

Сонымен қатар көп футболшылардың ораза ұстауы да әсер еткендей көрінді. Ерекше мотивациямен шыққан Грекия футболшыларына 90 минут төтеп беру әл-қуаты аз жігіттерге оңайға соқпады.

Бұл күні оның үстіне Грекия футболшыларының тепкен доптарының бәрі қақпаға кірді. Реализация тұрғысынан оларда проблема болмады.

Аналитикалық SofaScore сайты жариялаған бағалауда Қазақстан сапынан ең жақсы ойынды Ислам Чесноков көрсеткен (7.0). Ең әлсізі - Ян Вороговский (5.5) мен Бағдат Қайыров (5.6).

Грекия – Қазақстан – 5:0 (4:0)

Голдар: Бакасетас. 9-пенальтиден (1:0). Пелкас, 15 (2:0). Яннидис, 37 (3:0). Курбелис, 40 (4:0). Тапалов, 86-автогол (5:0).

Грекия: Одиссей Влаходимос, Джордж Болдок (Лазарос Рота, 67), Пантелис Хацидиакос (Панайотис Ретсос, 46), Константинос Мавропанос, Костас Цимикас, Анастасио Бакасетас (Андреас Бухалакис, 75), Димитриос Курбелис, Петрос Мандалос, Георгиос Масурас, Димитриос Пелкас (Гиоргос Якумакис, 63), Фотис Иоаннидис (Яннис Константелиас, 63);

Қазақстан: Игорь Шацкий, Ян Вороговский, Темирлан Ерланов, Александр Марочкин, Марат Быстров, Бағдат Қайыров (Еркін Тапалов, 46), Абзал Бейсебеков (К) (Әділет Садыбеков, 46), Бактиер Зайнутдинов, Ислам Чесноков (Александр Зуев, 67), Эльхан Астанов (Рамазан Оразов, 46), Максим Самородов (Абат Айымбетов, 77);

Рефери: Данни Маккели;

Грекия, Афины, «Айя-София» стадионы.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика