Вернуться к списку статей

«Елімай» премьер-лигада көш бастады

Футбол
8K
Қазақстан преьмер-лигасының 21-турының қорытындысы бойынша «Елімай» көш басына шықты. Дегенмен ойналмаған матчтарын ескерсек, «Ордабасы» мен «Астананың» алға шығатын мүмкіндігі бар.

«Атырау» - «Жеңіс» - 2:1
 Голдар: Қалдыбеков, 38 минутта автогол (0:1), Хусрав Тоиров, 64 минут (1:1), Әділбек Жұмаханов, 91 минутта пенальти (2:1)
 
Атырау қаласында өткен матч толықтай алаң иелерінің үстемдігімен өтсе де, 38-ші минутта қонақтар есеп ашып кетті. Екінші таймда да «Атырау» алға ұмтылды. Тек 62-ші минутта алаңға шыққан Хусрав Тоиров ойынға серпіліс әкелді. Оның шеберлігінің арқасында тараз басын теңестірсе, қосымша минутта пенальти әперді. Нәтижесінде алаң иелері жеңісті жұлып алды. Айта кететіні, дәл осы футболшы 2022 жылы БАҚ-ты шулатып, Украинаның «Шахтер» клубына ауысқан еді. Міне ол жақтағы сәтсіздіктен кейін Хусрав қайта Қазақстанға оралды.
 
«Қайрат» - «Қайсар» - 1:0
 Гол: Гиорги Зария, 86 минут (1:0)
 
Бір аптаның ішінде 3 матч өткізген «Қайсар» клубы барлығында қарсыластарға ұпай берді. Фавориттер секілді қосалқы құрамында мықты футболшысы жоқ қызылордалықтардың екінші нөмірде ойнайтыны бастапқыдан түсінікті еді. Нәтижесінде алаң иелері қонақтарды 90 минут бойы қыспаққа алып, «Қайсардың» мардымды шабуыл жасауына мүмкіндік бермеді. Ал «Қайрат» 22 мәрте соққы жасаса да, Жоао Пауло, Андрей Ульшинге дәлдік жетіспей жатты. Тек Валерий Громыконың шиыра тепкен добын қонақтардың қақпашысы қайтара білді. Ал екінші таймның соңғы минуттарында белгіленген айып соққысын қосалқы құрамнан шыққан Гиорги Зария сәтті орындап, заңды жеңістеріне қол жеткізді.
 
«Шахтер» - «Елімай» - 1:2
 Голдар:
Никита Корзун, 15 минут (0:1), Никита Корзун, 29 минут (0:2), Евгений Козлов, 90+4 минут (1:2)
 
Қарағанды қаласындағы ойынның алғашқы минуттарында кеншілер жинақталып, бірінші голды да соғып еді. Бірақ бұл гол есептелмеді. Осы сәттен кейін семейліктер алдыңғы шепте белсенді қимылдап, команда капитаны Никита Корзун жарты сағаттың ішінде кездесудің тағдырын шешіп тастады. Одан кейінгі сәттерде де алаң иелерінен қарағанда «Елімайдың» шабуылы қауіптірек болды. Ал «Шахтер» тек соңғы минутта ғана есепті бір голға дейін қысқартты. Әр тур өткен сайын алаң иелерінің жағдайы ушығып барады. Керісінше, Бірінші лигадан көтерілген «Елімай» турнир кестесінің бірінші сатысына шығып кетті. Семей қаласының туған күніне арналған керемет сыйлық!
 
«Тұран» - «Қызылжар» - 1:0
 Гол:
Никола Цуцкич, 5 минут (1:0)
 
Түркістанға оралғалы «Тұран» клубы екінші мәрте қатарынан жеңіске жетті. Өткен турдағыдай стадион жанкүйерлерге лық толмаса да, 6 мың көрермен жиналды. Нәтижесінде Никола Цуцкичтың соққысы рикошетпен голға айналып кетті. Қалған 85 минут «Қызылжардың» басымдығымен өтіп, түркістандықтан мүлдем жауап қатпады. Бірақ қонақтар қанша ұмтылғанымен, футболшыларының сапасы жоғары болғанымен тіпті бір де гол соға алмады. Есеп: 1:0.
 
«Ордабасы» - «Астана» - 2:4
 Голдар:
Ян Вороговский, 24 минут (0:1), Жасурбек Яхшибоев, 26 минут (1:1), Чинеду Джеффри, 45+2 минут (1:2), Жасурбек Яхшибоев, 45+3 минут (2:2), Чинеду Джеффри, 60 минут (2:3), Назми Грипши, 74 минутта пенальти (2:4)
 
Конференция лигасындағы камбэктен кейін «Астана» адам танымастай өзгеріп кетті. Қандай алаң болмасын, елордалықтар өте сенімді ойнайды. Тіпті ел чемпиондарының жерінде, мыңдаған жанкүйердің алдында «Астана» футболшылары керемет шеберліктерін көрсетті. Әсіресе Усман Камара, Чинеду Джеффри белсенділігінен қорғаушылар қайта-қайта көз жазып қалды. «Ордабасы» сапынан Жасурбек Яхшибоевтың ойыны жүріп, дубль авторы атанғанымен, 2 гол тең есепке де жеткіліксіз болды. 4 матч қатарынан жеңіске жеткен «Астана» клубы турнир кестесінде жүлделі үштікке жақындап қалды.
 
«Тобыл» - «Ақтөбе» - 3:0
 Гол:
Ислам Чесноков, 33 минут (1:0), Ахмед Эль-Мессауди, 64 минут (2:0), Руй Кошта, 86 минут (3:0)
 Алаңнан қуылды: Уче Агбо, 44 минут («Ақтөбе»)
 
Қостанай стадионы және жалпы «Тобыл» клубы ақтөбеліктер үшін өте ыңғайсыз болуда. Осы матчта да чемпиондыққа үміткер қонақтар маңызды сәтте есе жіберіп, турнир кестесіндегі бірінші орынынан айырылып қалды. Алаң иелері сапынан үздік ойынымен көзге түсіп жүрген Ислам Чесноков 33-ші минутта қорғанысты жарып кіріп, есеп ашты. Ал шешуші сәт 44-ші минутта тіркеліп, «Ақтөбе» футболшысы Уче Агбо алаңнан қуылды. Екінші таймда шабуыл шебі онсыз да мықты «Тобыл» тағы да 2 гол соғып, күтпеген жерден қарсыласын талқандады.
Яндекс.Метрика