Вернуться к списку статей

Карлос Алос Исламханды неге жатырқайды?

Футбол
1K
Карлос Алос Исламханды неге жатырқайды?
Биылғы маусым «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан үшін сәтсіз басталды. Жартылай қорғаушы біртіндеп негізгі құрамдағы орнынан айрылып жатқандай көрінеді.

Ел чемпионатының төрт туры өтті. Төрт кездесудің біреуінде ғана 90 минут ойнаған Батори қалған ойындарда алаңдағы орнын өзге ойыншылармен бөлісуге мәжбүр. Мәселен, бірінші турда 69 минут ойнап, орнын 17 жасар Вячеслав Швыревқа босатты. Екінші турда алаңға 72-ші минутта ғана, небәрі 18 минутқа шықты. Одан кейін ел чемпионатында ұлттық құрамамыздың ойынына байланысты үзіліс орын алып, Исламхан Венгрия және Болгария құрамаларына қарсы жақсы ойнады да, Премьер-лиганың 3-ші турында Шымкентте «Ақтөбеге» қарсы 90 минут бойы доп тепті. Дегенмен, өткен турда Бауыржан Исламхан тағы да қосалқы құрамда қалып қойды. Тіпті, испан маманы Карлос Алос Феррер үш мүмкіндігі бола тұрса да, 9-шы нөмірлі ойыншысын алаңға шығарған да жоқ.

Ал былтыр дәл осы уақытта төрт тур және Суперкубоктан кейін Бауыржан Исламханның еншісінде 405 минут бар болатын. Биыл оның алаңдағы уақыттары едәуір азайып, небәрі 193 минутты құрап отыр. Яғни, орташа есеппен әр матчта бар болғаны 39 минуттан ғана ойнады деген сөз, бір таймға да жетпейді.

Бұған Суперкубокты қосыңыз. 2017 жылғы Қазақстан Суперкубогында Бауыржан алаңда 92 минут доп теуіп, тек соңғы минутта ғана орнын Тимур Рудосельскийге босатқан. Биыл Карлос Алос Феррер капитанын ойынға 68-ші минутта ғана қосты.

Иә, капитан демекші, бұлай жалғаса берсе, Батори капитандықтан айрылып қалуы мүмкін. Ол жоқ кезде бұл міндетті «Қайратта» Исламбек Қуат абыроймен атқарып жүр. Ұлттық құрамада да капитандықтан айрылып қалғанын Венгрия және Болгария құрамаларына қарсы кездесуде көрдік.

Жалпы, бәсекелестіктің болғаны жақсы ғой. Алайда, Хуан Фелипе сынды жаңа ойыншылардың келуі Бауыржанның командадағы жағдайын тіптен қиындатып жіберген секілді. Сондай-ақ, Иво Иличевич те жарақатынан жазылып, өткен турда 78-ші минутта алаңға шықты. Демек. Баторикке енді негізгі құрамнан орын алу үшін Магомед Парагульгов, Андрей Аршавин және Георгий Жуковтан ғана емес, әлгі екеуінен де мықты болу қажет.

Расымен де, Бауыржан Исламханға ойланатын уақыт жетті. Бұрынғы позициясынан айрылып барады. Егер өзіне деген талапты күшейтпесе, «Қайраттың» да басшылары бір күні есікті іштен бекітіп алуы әбден мүмкін. Ал одан кейін «Тараз» немесе «Тобыл» деп бәрін басынан бастауға тура келеді. Өз командаңда орын таппасаң, ұлттық құрамаға да шақыртылмайтыныңды Станимир Стойлов қадап айтқан.

Сондықтан, жақсылап ойлан, Бауыржан!

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика