Екінші турдың ойындары қызықты болды. Өткен турда Қызылордада екі ұпай жоғалтқан «Тараз» бұл жолы «Каспий» клубынан басым түсті. Бірақ бұл ойын Ақтауда емес, Шымкентте өтті. Маңғыстаулықтар да әзірше қонақтарын өз алаңында қабылдай алмайды.
«Оқжетпес» екінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы Жетісайда «Мақтааралды» тізе бүктірді. Әзірше «ақыран жүріп, анық бас» қағидасын ұстанып, әр ойында бір гол ғана соғып жүр. Үш ұпай олжалауға сол да жетіп тұр. Қорғанысы сыр берере емес. Ал «Мақтаарал» өз алаңында екінші рет жеңіске жете алмады...
«Қыран» қырандай қанатын қомдап, көш бастап келеді. Екінші турда азулы «Алтайдан» айласын асырды. Ал тізгінін С.Тимофеевке ұстатқан Шығыс Қазақстан клубы Шымкентте сүрініп, екінші турда-ақ ұпай жоғалтты. Ойлану керек сияқты.
«Қайраттың» жастары «Ақтөбенің» жастарын ұтып, ағаларына үлгі көрсетті. Естеріңізде болар, премеьер-лигадағы «Қайрат» пен «Ақтөбе» үшінші турда Шымкентте ойнап, «итжығыс» түскен болатын.
«Жетісудың» жас таланттары да «Шахтердің» фарм-клубын ұтып, премьер-лигадағы негізгі құрамдарына кеншілерді қалай жеңу керек екендігін көрсетіп берді (премьер-лиганың үшінші турында Қарағанды мен Талдықорған клубтары да тең түскен-ді).
Бірінші турда «Таразбен» тең түсіп, көпшілікті тәнті қылған «Байқоңыр» бұл жолы «Екібастұзбен» де ұпай бөлісті. Қызылорданың бұл командасы да «Қайсар» секілді гол соғуға шорқақ сияқты. Екі турда бірде-бір доп сала алмады.
«Каспий» – «Тараз» – 1:2
Голдар: Шипицин, 4 (0:1). Узденов, 87 (1:1). Тұрсынбай, 90+4 (1:2).
«Мақтаарал» – «Оқжетпес» – 0:1
Гол: Жұмаханов, 66.
Алаңнан қуылды: Камбіл, 88.
«Қыран» – «Алтай» – 1:0
Гол: Махамбетов, 21.
«Қайрат А» – «Ақтөбе-Жас» – 2:1
Голдар: Сабыров, 58 (0:1). Әбікен, 68 (1:1). Шушеначев, 81 (2:1).
«Жетісу Б» – «Шахтер-Болат» – 2:0
Голдар: Жақсылықов, 33. Балтабеков, 36.
«Байқоңыр» – «Екібастұз» – 0:0