ҚФФ сайтының хабарлауынша, бүгін Атқару комитетінің мәжілісі өтіп, ел футболының басшылығына байланысты бірнеше шешімдер шығарылған.
- Ұйымның бірінші вице-президенті және бас хатшысы Әубәкіров Қаныш Қайдарұлының өкілеттігі отбасылық жағдайына байланысты жазған мәлімдемесі бойынша тоқтатылды.
- Бірінші вице-президент және бас хатшы қызметіне Айтқожин Азамат Серікұлы тағайындалды. Ол вице-президент қызметінен босатылды.
- Вице-президент қызметіне Абраев Олжас Шәкенұлы тағайындалды.
Бірақ, басты жаңалық бұл емес. Атқару комитетінің отырысында Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов қызметінен кету туралы арыз жазыпты. Бұл мәселе 10 ақпанда Астанада өтетін ҚФФ-тың Кезектен тыс сайлау конференциясында қаралып, жаңа басшының есімі анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, Сейілдә Байшақов 2007 жылдан бері Қазақстан футбол федерациясында. Ұзақ жыл вице-президент болған ол 2016 жылдың 28 қарашасында ҚФФ президенті болып сайланған. Алайда, сол кезде қабылданған Жарлық бойынша, президенттің бар билігі бас хатшының қолына өтіп, Сейілдә Икрамұлының қолында аса бір билік болған жоқ.