Вернуться к списку статей

UMBRO Futsal Awards – Игита мен Какау екінші, Тайеби бесінші

Футбол
1K
UMBRO Futsal Awards – Игита мен Какау екінші, Тайеби бесінші
Футзалдан 2017 жылдың қорытындысы шығарылып, өткен маусымның барлық үздіктері анықталды.

UMBRO Futsal Awards – бұл футзал әлемінің өзіндік «алтын добы». Мұнда 200-ден астам сарапшылар дауыс беру арқылы әр номинацияның үздіктерін анықтайды. Қазақстан футзалына қатыстыларын айтар болсақ, «Қайрат» қақпашысы Игита «Үздік қақпашы» номинациясынан, бас бапкері Какау «Үздік жаттықтырушы» және шабуылшысы Хоссейн Тайеби «Үздік ойыншы» номинациясынан үміткер болған. Алайда, ешқайсысы да үздік бола алмады.

Бұған дейін екі жыл қатарынан әлемнің үздік қақпашысы атанып келген Игита бұл жолы 562 ұпай жинап, 2-ші орынмен шектелді. Ал бірінші орында Испанияның «Барселонасында» ойнайтын Франсиско «Пако» Седано. Ол 639 балл еншілеген. Үздік үштікте тағы бір испан Хесус Герреро (Интер).

«Үздік клубтық жаттықтырушы» номинациясында Какау басты бәсекелесі испаниялық Хесус Веласкодан 150-ге жуық ұпайға қалып қойды. 2014 жылдан бастап әлемнің таңдаулы бапкері атанып жүрген Веласконың осы жолы да үздік атанатындай жөні бар. Өткен маусымда оның командасы «Интер» өзі қатысқан барлық бәйгеде топ жарды. Ал Какау осымен үшінші жыл қатарынан аталмыш номинацияда Веласконың алдын орай алмай жүр.

«Қайратқа» 2016 жылдың күзінде келген ирандық Хоссейн Тайебидің үздік ойыншы атағынан үміткер екені кеш белгілі болды. Бірақ, португалиялық Рикардиньодан артық ұпай жинай алмайтыны түсінікті еді. Осымен бесінші рет әлем үздігі атанған «Интер» шабуылшысы басты бәсекелесі, әрі өзінің командаласы Карлос Ортистен 400-ден астам ұпайға озып кетті. Яғни, 917 ұпай жинаған. Ал Хоссейн Тайеби 299 баллмен үздік бестікті қорытындылады.   

UMBRO Futsal Awards – 2017 үздіктері:

Үздік ойыншы – Рикардиньо (Португалия), «Интер» (Испания)

Үздік қақпашы – Франсиско «Пако» Седано («Интер», Испания)

Үздік жас ойыншы – Фернан («Мурсия, Испания)

Үздік құрама жаттықтырушысы – Хосе Венансио Лопес (Испания)

Үздік клубтық жаттықтырушы – Хесус Веласко («Интер», Испания)

Әлемнің үздік құрамасы – Бразилия

Әлемнің үздік клубы – «Интер» (Испания)

Әйелдер арасындағы үздік ойыншы – Амандинья («Леоас де Серра», Бразилия)

Әйелдер арасындағы үздік қақпашы – Естела Гарсия («Атлетико», Испания)

Үздік рефери – Саша Томич (Хорватия)

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика