«Ертіс» футбол клубының ресми сайты педагогика ғылымының кандидаты және “PRO” санатындағы білікті маманның Павлодардағы футбол орталығына бас бапкер болып тағайындалғандығын жариялады.
Владимир Фомичёв – өз карьерасында жас таланттардың бағын аша білетін маман ретінде көзге түскен жаттықтырушы. 1999 жылы Қазақстан жастарымен Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысқан. Осы ерен жетістігі үшін Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағы берілген.
Владимир Александрұлы соңғы жылдары «Қызылжар» футбол клубының бас бапкері болды. Петропавл клубымен Бірінші лигада өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, 2016 жылы Қазақстан біріншілігінің қола, ал былтыр күміс жүлдегері атанды. Әрі өткен маусымның қорытындысы бойынша премьер-лига жолдамасына ие болды.
Алайда, «Қызылжар» премьер-лигаға шығып алған соң басқа бапкерге сенім артқанды жөн санады. Ал Фомичёв жұмыссыз көп отырған жоқ. Мұндай тәжірибелі мамандар тасада қалсын ба?! Жас таланттарды жазбай танитын жаттықтырушы енді Павлодар облысының дарынды аяқдопшыларын тәрбиелейтін болады.