Вернуться к списку статей

«Астана» «Қайсарды» қатарынан алтыншы рет жеңді

Футбол
1K
«Астана» «Қайсарды» қатарынан алтыншы рет жеңді
Премьер-лиганың үшінші турында «Қайсарды» қабылдаған елорданың «Астанасы» қонақтардың қақпасына жауапсыз екі гол соғып, турнир кестесінде «Ордабасымен» бірге көш бастады.

«Астана» – «Қайсар» (Қызылорда) 2:0 (2:0)

Голдар: Твумаси, 9 (1:0). Муртазаев. 15 (2:0).

Ескертулер: Курьор 12, Томасов 63, Коробкин 76, Граф 81.

«Астана»: Эрич (к), Аничич, Кляйнхайслер, Маевский (Щеткин 46), Твумаси (Зайнутдинов 90+1), Станоевич, Томасов, Шомко, Бейсебеков, Постников, Муртазаев (Перцух 67).

Резерв: Мокин, Шитов, Логвиненко, Мужиков, Малый, Прокопенко.

«Қайсар»: Григоренко, Граф, Ламанж, Курьор (Гурман 83), Вере, Коробкин, Әмірсейітов, Евстигнеев, Жаңғылышбай (Аркин 61), Байжанов (к), Тағыберген (Камара 61).

Резерв: Исламқұлов, Джа Джедже, Аржанов, Марочкин, Нәрзілдаев, Чуреев.

Төрешілер: Игорь ЧЕСНОКОВ (Өскемен), Анатолий ХОДИН (Атырау), Ринат ЯКБАРОВ (Семей).

Астана, «Астана Арена» стадионы. 3500 көрермен.

«Астана-Аренада» өткен ойынды 15 минуттан кейін-ақ аяқтап тастауға болар еді. Өйткені, екі гол соғып алғаннан кейін алаң иелері де доп тебуді қойды, «Қайсар» да қарсыласқан жоқ. Ал голдарды Патрик Твумаси мен Роман Муртазаев соқты. Екеуінде де әріптестеріне нәтижелі пасты шығарып берген Марин Томасов. Алдымен оң қаптал арқылы қонақтардың қорғанысына ентелей кірген хорват легионері допты Патриктің басына асыра салса, екіншісінде қызылордалықтардың қорғаушысы Азиз Абдель Ламанждан допты «кішкентай баладан қуыршақты тартып алғандай» алып қойды да, қатарласа жүгіріп келе жатқан Роман Муртазаевтың аяғына тастай салды. Осылайша жылдам екі гол соғып алған елордалықтар ары қарай қолдарын қалталарына салды да, патшалардай маңғазданып жүріп-ақ ойынды соңына жеткізді. Тіпті, екінші таймда қонақтарды өз айып алаңдарынан шығарған да жоқ.

Қорытынды есеп – 2:0, «Астана» алғашқы үш турда да гол жібермеген Премьер-лигадағы жалғыз команда. Дегенмен, шәкірттерінің ойыны бас бапкері Григорий Бабаянның көңілінен шықпапты. «Иә, түсінем, 15 футболшымыз ұлттық құрама сапында екі ойыннан өткізіп қайтты. Бірақ, бұл сылтау емес. Екінші таймда жөнді ойнаған да жоқпыз. Егер алдағы уақытта кімде-кім өз жұмысына салғырттық танытар болса, онда оны алаңға да шығармаймын. Бұл әсіресе Роман Муртазаевқа қатысты. Ұлттық құрамада қалай ойнаса, «Астанада» да солай жанын салуы тиіс», - деп ашуланды баспасөз мәслихатында Григорий Бабаян.

 Ал «Қайсар» жалқы ұпаймен турнир кестесінде 9-шы орында тұр. Стойчо Младеновтың жағдайы да ауыр. Егер келесі турда түзде «Жетісудан» да жеңілер болса, онда оны Қызылорда облысының басшылығы кешірмеуі де мүмкін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика