Еліміздің төрт дүркін чемпионы БАӘ-де өтетін жаттығу жиынын алдағы жұма күні Болгария маманының жетекшілігімен бастайтын болыпты. Бұл ақпаратты «Астана» футбол клубының ресми сайты таратты. Елорда клубын Еуропа лигасының 1/16-финалына Станимир Стойлов дайындайды екен.
– Мен әу бастан бастап «Астана» клубымен жұмыс жасауды жалғастырғым келетінін жасырған емеспін. Біз соңғы жылдарда ерен жетістіктерге қол жеткізіп, мен жанкүйерлер сүйіспеншілігіне бөлендім. Астана мен Қазақстан менің екінші Отаным сияқты болып кетті. Біз «Спортингпен» өтетін ойындарда өз клубымыздың беделін абыройын қорғаймыз деп үміттенемін. Алда маңызды жаттығу жиындары күтіп тұр, команда сапындағы жігіттерге дайындыққа құлшына кірісіп, тезірек спорттық бабтарына келуге тырысу қажет – депті Станимир Стоилов клубтың баспасөз қызметіне.