Вернуться к списку статей

«Ордабасы» олжалап үш ұпай – «Шахтер» Шымкентте шалыс басты

Футбол
1K
Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, биылғы маусымды жеңіспен бастады.

Оңтүстік Қазақстан облысының футболшылары бірінші таймда басымдық танытты. Жиі шабуылдап, қонақтарын тықсыра түсті. 22-минутта команда сапына биыл қосылған Тимур Досмағамбетов допты әуелетіп алға асырып, Еркебұлан Тұңғышбаев баспен де гол соға алатындығын көрсетті.

Алайда, осы голдан кейін «Шахтер» ширай түсті. Азулы қарсыласына дес берген жоқ. Ал екінші тайм басталған бетте таразы басын теңестірді де. Дамир Кояшевич айып соққысын мүлтіксіз орындап, ойынның бірінші жартысында, шамамен сол маңайдан мүлт кеткен Мардан Төлебекке өзінің де осындай өнері бар екендігін көрсете білді...

Жанкүйерлер мен мамандар Црна Гора футболшысының тамаша голына сүйсініп отырғанда, екі команда алма-кезек шабуылдап, ойын қыза түсті. Көп ұзамай «Ордабасы» қарқынын үдетіп, тағы бір гол соқты. Жеңіс добын Сергей Хижниченконың орнына шыққан, Өзбекстаннан келген Иван Нагаев соқты. Допты дәлдеп тебе алатындығын дәлелдеді...

Осы голдан кейін екі команданың да ойындары аса жоғары деңгейде үйлеспей қойды. «Ордабасының» жағдайы түсінікті, жеңісті уысынан шығармауды ойлайды. Ал «Шахтердің» есепті екінші рет теңестіруге күш-жігері жетпегендей... Маусым енді басталды, 90 минут бойы тізгін тартпай зыр қағу әлі қиындау сияқты...

«Ордабасы» – «Шахтер» – 2:1 (1:0)

Голдар: Тұңғышбаев, 22 (1:0). Кояшевич, 51 (1:1). Нагаев, 63 (2:1). 

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика