Вернуться к списку статей

«Қайрат» қайран қалдырды – «Қызыл-Жарға» қажырлық жетпеді

Футбол
1K
Фото: fckairat.com
Бүгін футболдан 2018 жылғы Қазақстан чемпионаты басталып, премьер-лигада бірінші турдың ойындары өтті.

«Қайрат» Алматыда «Қызыл-Жар» клубын қабылдаған. Тоғыз жылдан кейін Қазақстан премьер-лигасына оралған команда еді. Көпшілік «Қайраттың» қарсыласын “қалпақпен ұрып” алатындығына күмән келтірмегендей еді. Бірақ іс жүзінде бәрі де басқаша болды. Еліміздің күміс жүлдегері 87 минут бойы жанкүйерлерін әбден қобалжытты.

Ойын басталмай тұрып-ақ «Қайраттың» испаниялық бас бапкері тағы таң қалдырды. Негізгі құрамда алаңға бірнеше ойыншысын шығарған жоқ. Әрі қандай ойыншылар еді десеңізші?! Ұстараның жүзіндей лыпылдаған – Исаэль, алға атойлап шауып, қарсы команданың зәре-құтын алатын –Ғафуржан Сүйімбаев, Ресейден былтыр ғана қалап әкелген – Григорий Жуков... Бәлкім, бұларға кейбіреулер ардагер Андрей Аршавинді де қосар...

Бірінші таймның басында алаң иелері бірнеше шабуыл ұйымдастырды, бірақ голды қонақтар соқты. Серб шабуылшысы Братислав Пуношевач қазақ додасындағы алғашқы добын салып, «Қызыл-Жар» алға шықты. Ал «Қайрат» үзіліске дейін таразы басын теңестіре алмай, пұшайман болды.

Сондықтан екінші таймда Карлос Алос екі ойыншысын алмастырды. Сөйтіп «Қайрат» қонақтарын қыспаққа ала түсті. «Қызыл-Жар» еліміздің күміс жүлдегеріне 80 минут төтеп берді. Матч соңында ойыншылары шаршап қалды ма, екі доп жіберіп алып, қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Тым болмаса, бір ұпай олжалап кету бақыты бұйырмады.

Есепті теңестірген Исаэль болатын. Ол айып соққысын да тәп-тәуір орындай алатындығын да паш етіп, қызыжарлықтарды қапы қалдырды. Ал матчтың аяқталуына үш минут қалғанда Ян Вороговский қонақтардың екі ойыншысын алдап өтіп, допты Аршавинге бере қойды. Бағы бірнеше елі легионерге бұл ойынның нүктесін қою бақыты бұйырды. Есеп – 2:1

«Қайрат» – «Қызыл-Жар» – 2:1 (0:1)

Голдар: Пуношевач, 26 (0:1). Исаэль, 80 (1:1). Аршавин, 87 (2:1).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика