Вернуться к списку статей

UEFA футболды дамыту үшін Қазақ еліне 14,1 миллион еуро береді

Футбол
1K
Братиславада өткен 42-інші УЕФА Конгресінде бірнеше маңызды шешімдер қабылданып, рекорды сомада гранттар бөлінетіндігі жарияланған болатын.

42-інші УЕФА Конгресінен бір күн бұрын UEFA Атқару комитетінің басқосуы өтіп, онда маңызды шешімдер қабылданған екен. Соның бәрі Конресс барысында Еуропа футбол қауымдастықтары одағының құрамына кіретін 55 мемлекеттің өкілдері алдында жария етілген.

Мәселен, 2020-2024 жылдары UEFA ұлттық федерацияларға жалпы сомасы 777,5 миллион еуро қаржыны бөліп бермек. Сонда, HatTrick V деп аталатын футболды дамыту жобасы аясында әрбір елге 14,1 миллион еуро көлемінде қомақты қаржы бөлінбек. Бірақ қазір емес, жоғарыда жазғанымыздай, енді екі жылдан кейін (2020-2024 жылдар аралығында).

Бұл сома, яғни 775,5 миллион еуро қаражат – 2016-2020 жылдар аралығын қамтитын HatTrick ІV жобасының бюджетінен (600 миллион еуродан) 30% артық. Жалпы, HatTrick жобасы жүзеге асырыла бастағалы, яғни 2004 жылдан бері Еуропа футболына 1,8 миллиард еуро қаржы құйылған көрінеді.

UEFA-ның ресми сайты бұл қаржының бәрі де Еуропадағы ұлттық футбол федерацияларының спорттық және әкімшіліктік инфрақұрылымдарын жетілдіруге жұмсалады деп жазған. Осы ретте айта кетейік, HatTrick жобасы аясында Қазақстан футбол федерациясына да көмек көрсетілген. 

Естеріңізге сала кетейік, HatTrick жобасы аясында Астанада «Футбол үйі» салынып жатыр. Осы жоба негізінде төбесі жабық толық қанды футбол манежі (105х68 м), төбесі ашық үш шағын футбол алаңы, әкімшіліктік ғимарат және автотұрақ орындары салынуы керек. Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі ҚФФ президенті Е.Қожағапанов «UEFA 8 миллион еуро аударды, ал Астана әкімдігі ауданы 3,5 га жер берді» деген болатын.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика