Вернуться к списку статей

Азамат Айтқожин – ҚФФ Жарлығын өзгертіп, билікті қайта президентке береміз

Футбол
1K
Азамат Айтқожин – ҚФФ Жарлығын өзгертіп, билікті қайта президентке береміз
Баспасөз мәслихаты кезінде ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожинге де бірқатар сұрақтар қойып, бас командамыздың, жалпы қазақ футболының қазіргі жайы жөнінде біраз сауалдарға жауап алған едік.

Дәл қазір ҚФФ басшыларының көңілдері тоқ шығар. Енді ше, бұған дейін бас бапкерге жарымаған Қазақстан ұлттық құрамасы ел футболының тарихындағы ең сәтті жаттықтырушы Станимир Стойловпен келісімшартқа отыра алды. 

– Азамат Серікұлы, Стойлов ҚФФ президенті кет десе кез-келген уақытта қызметімді босатамын деп жатыр. Жалпы, келісімшарт мерзімі ресми түрде қанша уақытқа жарамды?

– Маған Стойловтың ұнағаны да осы болды. Кеше ҚФФ президентінің қабылдауында болып, біраз әңгімелескенбіз. Сонда Станимир «Президент мырза, егер жұмысым көңіліңізден шықпай, кет деп жатсаңыз, кез-келген уақытта артық әңгімесіз кетуге дайынмын деді. Осыдан-ақ өз қызметіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтынын білуге болады. Жалпы, келісімшарт мерзімі екі жылға жоспарланған.

– Бұрынғы бапкер Александр Бородюктің орнына құраманы жаңартудан басқа нақты тапсырма қойылмаған еді. Ал Станимир Стойловтың алдында қандай мақсаттар тұр?

– Бородюк маған дейін бас бапкерлікті атқарған маман. Ол туралы артық пікір айтпай-ақ қояйын. Шынын айтсам, келісімшартында да не деп жазылғанын қарамадым. Әйтсе де оның жетістіктері баршаңызға белгілі. Ал Стойловтың алдына нақты мақсаттар тұр. Қалайда Ұлттар лигасында жеңімпаз атану. Бұл тапсырманы Стойлов өз алдына өзі қойды.

– Стойловтың бұған дейінгі сұхбаттарынан ұққанымыз, ол өзінің ұлттық құрамаға бас бапкер болатынын соңғы сәтке дейін білмей келген. Ал сіздер бас команданы осы маман баптайды деген нақты шешімге қашан келдіңіздер?

– «Астанамен» Еуропа лигасының 1/16-финалына дайындалып жатқан кезінде біз Стойловпен сөйлескен де жоқпыз. Бұған дейінгі сұхбаттарымда айтқандай, бізде бірнеше кандидат болды. Олардың арасында Станимирден басқа Талғат Байсуфинов және алыс шетелдерден мамандар бар еді. Ұлттық құраманың бапкерлер алқасымен ақылдаса келе біз бас командамыздың тізгінін Стойловтың ұстағаны жөн деген шешімге келдік. Жалпы, Стойловтың біздің ұсынысымызды қабыл алғаны – бағымыздың жанғаны деп білемін. Әйтпесе, бас тартуына да болар еді. Себебі, «Астанада» Станимир жұлдыз болды. Барша жанкүйерлердің мадағына айналған бапкер еді.

– Биыл күзде Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлттар лигасы күтіп тұр. Оған дейін бас командамыз неше жолдастық кездесу өткізетін болады?

– Наурыз айына екі жолдастық кездесу жоспарланып қойған. Венгрия және Болгариямен ойнаймыз. Бұдан бөлек, жазда тағы екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір осыған байланысты қарсыластар іздеумен айналысып жатырмыз.

– «Астанада» ұзақ жылдан бері Қазақстан паспортымен қақпашы Ненад Эрич ойнап жүр. Оның ұлттық құрамаға шақыртылу мүмкіндігі қандай?

– Біз УЕФА-ның барлық талаптарын орындауымыз керек. Заң аясынан шығып кетуге болмайды. Эричке келер болсақ, біз Сербия футбол федерациясына хат жібердік. Олар қарсы еместігін айтты. Енді УЕФА-дан жауап күтіп отырмыз. Егер ол жақтан да жақсы жаңалық келсе, онда алдағы уақытта бас бапкер Эричті бас командаға шақыра алатын болады. Сол сияқты, «Астананың» тағы бір ойыншысы Евгений Постниковтың да шаруасымен айналысып жатырмыз. Оның да Қазақстан азаматы атанғанына бірнеше жыл болды. Ресей футбол одағы мен УЕФА қарсы болмаса, оны да ұлттық құрамаға шақыртуға болады.

– Қазақстан футбол федерациясының бұған дейінгі басшылығы кезінде ҚФФ Жарғысы өзгеріп, ел футболын қағаз жүзінде Президент басқарғанымен бар билік Бас хатшының қолында еді. Алдағы уақытта Жарғыны өзгерту жоспарда бар ма?

– Иә, кеше ҚФФ президентімен болған кездесуде осы мәселені қатты талқыладық. Расымен де бұған дейінгі басшылық асыра сілтеп, Жарғыны өзгертіп жіберген болатын. Енді алдағы жиында біз билікті қайта Президенттің қолына ұстату жолын қарастырамыз. Өйткені, Президент номиналды басшы емес, қолында билігі бар, шешім қабылдай алатын, бар жағдайды бақылауында ұстайтын тұлға болуы керек.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика