Вернуться к списку статей

"Астананы" асқақтатқан Стойлов ұлттық құраманы ұшпаққа шығара ала ма?

Футбол
1K
Ұлттық құраманы Станимир Стойлов жаттықтырады, ал
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын Станимир Стойлов жаттықтыратын болды. Бүгін ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин бас бапкерді журналистерге ресми түрде таныстырды.

Станимир Стойловтың «Астанаға», жалпы қазақ футболына сіңірген еңбегін тәптіштеп жату артық болар. Көзі қарақты жанкүйер оны бізден де жақсы біледі. Сондықтан, оның бұл қадамы ұлттық құрамаға, қазақ футболына үлкен серпін береді деген үміттеміз. Келісімшарт екі жылға жоспарланған. Алайда, «егер маған ҚФФ Президенті кет десе, мен заттарымды жинап, бірауыз қарсы сөз айтпастан кете берем», - деп отыр Станимирдің өзі.

– Маған келісімшарттың мерзімі маңызды емес. Жалақы жағы да солай. Өзімді Қазақстанға шақырған азаматтарға алғыс ретінде олардың ұсынысын қабылдап, ұлттық құраманың тізгінін ұстауға келісім беріп отырмын. Егер атқарған шаруаларым жанкүйерлердің, басшылардың көңілдерінен шықпаса, кез-келген уақытта қызметімді босатуға дайынмын. Дегенмен, қазақ футболының жай-жапсарымен жақсы таныспын. Қандай проблемалардың бар екенін бүге-шігесіне дейін білемін. Сондықтан, бұл қызметке толық дайындықпен келдім. Алда бізді маңызды ойындар күтіп тұр. Күзде Ұлттар лигасы бар. Сол турнирде топ жаруды көздейміз. Бас командаға тек ұлттық құрама үшін барымды саламын дейтін ойыншыларды ғана шақыратын боламын, - деп ағынан жарылды Станимир Стойлов.

Ұлттық құраманың бапкерлер алқасында үлкен өзгерістер жоқ. Бұрынғы жаттықтырушылар секілді Стойлов өзінің бүкіл атқосшыларын ертпеген. Бұған дейін Александр Бородюктің ассистенті болған мамандардың басым бөлігі өз қызметтерін жалғастыра беретін болады. Олардың қатарында «Астананың» және Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов те бар. Тек Болгариядан бері бірге келе жатқан көмекшілері Цанко Цветанов пен Саид Ибраимовты ғана қасына алдыртыпты. Баспасөз мәслихатында сөз алған Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин неліктен таңдаудың Стойловқа түскені жайлы айтып берді.

– Бізде басқа да варианттар болды. Оны мен бұған дейін де айтып жүрдім. Дегенмен, Станимир Стойловқа тоқталдық. Кеше ҚФФ Президенті Әділбек Жақсыбековпен кездесіп, сол жерде Станимир өз ойларын айтты. Қазақстан ұлттықтқұрамасын қалай түлетуге болатынын жеткізді. Оның қарапайымдылығы ұнады. Әйтпесе, бізде басқа да кандидаттар болған, - деді Азамат Серікұлы.
Ал «Астана» ше? Бұл клубты кемі жазға дейін Григорий Бабаян баптайтын секілді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика