– Бұл ойында «Астана» сізге несімен ұнады, несімен көңілден шықпады?
– Ұнағаны – соңына дейін арпалысып, жеңіс үшін барын салды. Дегенмен, алаң иелерінің жылдам қарымта шабуылдарына тосқауыл қойып үлгермей жатты. Алға жүгіріп кетеміз де, артты ұмыт қалдырамыз. Футбол қазір бұрынғыдай баяу ойын емес, жылдам ойлап, тез шешім қабылдау керек. Динамикасы зор. Сондықтан, осы жағынан жұмыс жасау қажет.
– Қалай ойлайсыз, егер бұл бірінші ойын болып, жауапты матчты өз алаңымызда өткізгенімізде, 3:3 есебінен кейін «Астананың» келесі кезеңге шығатын мүмкіндігі молырақ болар ма еді?
– Әлбетте, қонақта 3:3 есебімен ойнап қайтқаннан кейін өз алаңыңда мүмкіндігің молая түседі ғой. Алайда, Жоржи Жезуш те кешегі кездесуге ойындары қанбай жүрген жігіттерін шығарды. «Астанада» ойнағандарының бірқатарына демалыс берді. Егер текетірестің тағдыры шешілмей тұрған болса, ол бұлайша тәуекелге бармас еді. Алайда, «Астананың» қарқынынан өзі де қорқып кеткен сияқты. Өз жанкүйерлерінің алдында масқара болмауды ойлап, үзілістен кейін ойынға мықтыларын қосты. Соның өзінде жігіттер жарады.
– Осы ойыннан кейін жартылай қорғаушы Патрик Твумаси «Астанадан» кетеді деген сыбыс бар. Оған алғыс айтып, шығарып салу керек пе, әлде ол әлі де командаға қажет болады ма?
– Өте қиын сұрақ. Патрик сияқты тағы бір ойыншыны табу қиын болады. Оның үстіне, «Астана» әлі де күшейтуді қажет ететін команда. Бірақ, бір жағынан Твумасиді дәл қазір жібермесең, ойынға деген құштарлығын да жоғалтып алуы мүмкін. Кеше де ол өзінің толық әлеуетін көрсетпеді. Рас, жаман ойнаған жоқ. Гол соқты, алдады, пас берді, қорғаушыларды үнемі қысымда ұстады. Алайда, оның деңгейі бұдан да жоғары. Оның әлеуетін білеміз. Твумаси одан да жақсы ойнай алады.
– Ендеше Марин Томасовтың ойынына бағаңызды берсеңіз? Ол команданың жаңа лидеріне айналған сияқты ма?
– «Астана-Аренадағы» ойында да, кешегі кездесуде де Марин Томасов өте жоғары деңгейде ойнады. Команданың моторы болды. Гол соқты, өзгенің гол соғуына жағдай жасады. Былтырғыдай емес, қазір хорват нағыз бабына келген сияқты. Рас айтасыз, ол команданың жаңа көшбасшысына айналды.
– «Астана» енді жақын болашақта бұл жетістігін қайталай ала ма?
– Қазір Станимир Стойловтың төңірегінде әңгіме қызып тұр ғой. Мен де өз пікірімді білдіре кетсем. Оған ұлттық құрамаға барудың қажеті жоқ. Ол жақта Стойлов мұндай жетістікке жете алмайды.Өйткені, футболшылар басқа, легионерлер жоқ. Құр босқа бар жинаған абыройынан айрылуы мүмкін. Оған одан да «Астанадағы» жұмысына жағдай жасау қажет. Әлі де команда күшейтулерді қажет етеді. Патрик Твумаси, Жуниор Кабананга, Марин Томасов сияқты кем дегенде үш-төрт жоғары деңгейлі ойыншылар керек. Былайша айтқанда әр позициясы күшейтуді қажет етеді.
– Биыл еурокубокта Қазақстанның намысын «Астанадан» бөлек, «Қайрат», «Ордабасы» және «Ертіс» қорғайды. Бұлардан не күтесіз?
– Шынын айтқанда, олардың қандай футболшылармен күшейіп жатқанын жақсы білеміз. Бірақ, бұл туралы кейінірек әңгімелесу керек шығар. Болжам жасауға әлі ерте. Әлбетте, Алматының «Қайратынан» жыл сайын ерлік күтеміз. Бірақ, жолдары болмай келеді. Ең бастысы, басшылық тарапынан қолдау болса, онда еурокубокте де неғұрлым алысқа барады.