Вернуться к списку статей

Жүлде бұйырмады – Қазақстан футзалшылары Ресей құрамасын ұта алмады

Футбол
1K
Фото uefa.com сайтынан
Футзалдан Словенияда жалауын көтерген ХІ Еуропа чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін өткен матчта Ресей құрамасына есе жіберіп алды.

Жартылай финалда бүкіл әлемді сүйсіндіріп, азуы алты қарыс Испания құрамасына дес бермеген Қазақстан футзалшылары бүгін Ресей құрамасынан ұтылып қалды. Өткен матчта титықтап, шаршап қалған ба, бүгін жылдамдықтары аса жоғары болмады.

Жалпы, Қазақстан футзалшылары Ресей құрамасын әлі ұта алмай жүр. Азулары батпай-ақ қойды. Словениядағы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде кездесіп, тең түскен. Ал оған дейін үш рет ұтылып қалған болатын. Бүгін де жеңілістің кермек дәмін татты...

Қақпашымыз Игита ресейліктердің бірнеше соққыларын тойтарып, қас шеберлік танытты. Көрермендерді тәнті қылды. Ал ойыншыларымыз өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, гол соға алмай, пұшайман болды. Бұған дейінгі ойындарда шиыршық атып тұрған жігіттеріміздің дәл бүгін бақтары жанбады.

Олар екінші таймда Эдер Лиманың шірене теуіп, қақпаны дәл көздеуіне мүмкіндік беріп қойды. Бұдан кейін біздің жігіттер тайлы-таяғымен алға қарай лап қойған. Бірақ ресейліктердің қарсы шабуылдарының бірінде Дуглас ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Өйткені бұған дейін бір ескерту алған болатын.

Қазақстан құрамасы матч соңында екі минут кем құрамда ойнағандықтан, таразы басын теңестіру мүмкін болмады. Ал соңғы минуттарда бесеулеп шабуылдағандарымен, есепті теңестірудің сәті түспеді. Ресей футзалшылары гол жіберіп алмауды ойлап, қорғанысын күшейтті.

Сөйтіп, Сербияда басталған (2016 жылғы Еуропа чемпионаты), Словенияда жалғасын тапқан «қазақ ертегісі» аяқталды. Өкініштісі, бұл жолы – жүлдесіз. Қазақ елі құрамасы Белградта қола медаль олжаласа, Люблянада жүлделі орынға бір сүйем жетпей сүрінді...

Қазақстан – Ресей – 0:1 (0:0)

Голдар: Эдер Лима, 28:51.

Ескертулер: Дуглас, 16 – Абрамов, 7. Ромуло, 19. Робиньо, 40.

Алаңнан қуылды: Дуглас, 33:51 (екінші ескерту)

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Дуглас, Тайнан, Довгань – Нұрғожин, Жаманқұлов, Сүлейменов, Оразов, Тұрсағұлов, Таку, Першин, Шамро.

Ресей: Замтарадзе, Эдер Лима, Робиньо, Давыдов, Чишкала – Ромуло, Милованов, Лысков, Абрамов, Ниязов, Абрамович, Афанасьев, Эскердинья, Путилов.

Төрешілер: Хуан Галлардо (Испания), Алехандро Мартинес Флорес (Испания).

Любляна. «Арена Стожице». 11 ақпан

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 40 – 56
Тура соққы: 14 – 22
Қиыс кеткені: 22 – 20
Тойтарылғаны: 4 – 14
Бұрыштама соққылар: 11 – 14
Ескерту (сары қағаз): 2 – 3
Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 9 – 9

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика