«Hilton Garden Inn Astana» қонақ үйінің жиын залында өткен ҚФФ конференциясына аталған ұйымның Атқарушы комитеті мүшелері, УЕФА өкілдері, аймақтық футбол федерацияларының делегаттары, қазақ футболының ардагерлері, федерация қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары тілшілері қатысты.
Кезектен тыс конференцияда ҚФФ президенті Сейілдә Байшақов қызметінен ресми түрде отставкаға кетіп, оған «Қазақстан футбол федерациясының құрметті қайраткері» деген атақ берілді. Атқарған жүмыстары мен ел футболына сіңірген еңбектері үшін алғыс айтылды.
Жаңа президенттік лауазымға Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы атынан футбол клубтарының өкілдері, сонымен қатар, аймақтық футбол федерацияларының өкілдері, ардагерлер ҚФФ қызметіне Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын ұсынды. Н.Панин, М.Гурман, А.Жамантаев сынды мамандар мен ардагерлер сөз сөйледі.
Бұдан кейін жалғыз үміткердің кандидатурасы дауысқа салынып, конференция делегаттары бірауыздан Әділбек Жақсыбековті қолдап, дауыс берді. Қалыс қалғандар мен қарсы болғандар жоқ. Сөйтіп, дауыс беру қорытындысы бойынша Әділбек Жақсыбеков төрт жылға Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.