Вернуться к списку статей

«Астана» Қытайдың төрт дүркін чемпионын да тас-талқан қылды

Футбол
1K
«Астана» Біріккен Араб Әмірлігіндегі екінші жаттығу жиынында соңғы  жолдастық кездесуін өткізіп, бүгін Қытайдың «Шаньдун Лунэн» клубынан 3:0 есебімен үстем түсті.

«Шаньдун Лунэн Тайшань» клубы 1988 жылы құрылған. Қытайдың төрт дүркін чемпионы (1999, 2006, 2008 және 2010 жылары). Төрт рет өз елінің кубогын жеңіп алған. Былтыр, яғни 2017 жылы Қытай суперлигасында 6-орынға ие болған. Құрамында Диего Тарделли (Бразилия), Грациано Пелле (Италия) және Папис Сиссе (Сенегал) сынды көпшілікке танымал легионерлері бар.

Бірақ бүгін Қытайдың алтыншы командасы да Қазақ елінің чемпионына, яғни «Астана» клубына төтеп бере алмады. Әрі өздері бірде-бір гол соға алмай, пұшайман болды. Елорда клубының ойыншылары тағы да бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әйтсе де, үш гол соғып, басымдық танытты.  

«Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов бұл ойында Серікжан Мұжықовты негізгі құрамда шығарған жоқ. Себебі, Мұжықов ескертулеріне байланысты «Спортингпен» өтетін елордадағы бірінші ойында жасыл алаңға шыға алмайды. Білікті маман бүгінгі бірінші таймдағы құрамға тоқталғандай, 15 ақпанда көп өзгері бола қоймас...   

Сөйтіп, «Астана» Біріккен Араб Әмірлігінде өткізген екі оқу-жаттығу жиыныны барысында алты рет жолдастық кездесу өткізді. Әуелі Ресей клубтарына басымдық танытып, «Спартакты» 3:2, «Краснодарды» 3:1 есептерімен жеңген болатын.

Алайда, бұдан кейін Словакияның «Жилина» командасынан 0:1, ал Швецияның «Хэккен» клубынан 0:2 есептерімен ұтылып қалды. Еесіне, Қытайдың екі клубын күйрете жеңді. Осыдан екі күн бұрын «Ляонин Хувин» футболшыларын 6:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

«Астана» – «Шаньдун Лунэн» (Қытай) – 3:0 (1:0)

Голдар: Логвиненко, Деспотович, Перцух.

«Астана»: Эрич (Мокин), Шомко (Малый), Логвиненко, Аничич, Шитов (Постников), Маевский (Станоевич), Бейсебеков (Зайнутдинов), Ласло (Мұжықов), Томасов (Муртазаев), Твумаси (Перцух), Деспотович (Щеткин).

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика