Вернуться к списку статей

«Астана» Қытайдың сегіз дүркін чемпионын күйрете жеңді

Футбол
1K
Фото fca.kz сайтынан
«Астана» Қытайдың «Ляонин Хувин» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 6:0 есебімен тас-талқан қылды.

«Ляонин Хувин» – шежіресі бай команда. Түптеп келгенде, сонау 1953 жылы құрылған. Қытайдың сегіз дүркін чемпионы. Бірақ соңғы рет 1993 жылы чемпион болыпты. Тіпті 1990 жылы Азия чемпиондары лигасын жеңіп алып, 1991 жылы финалына шыққан екен.

Бірақ қазір осы атақ-даңқтары сағымдай бұлдырайды. Құрамында да көпшілікке танымал ешкім жоқ. Былтыр Қытай суперлигасында соңғы, яғни 16-орынға табан тіреп, Бірінші лигасына түсіп қалыпты. Ал бүгін Қазақ елінің төрт дүркін чемпионына төтеп бере алмады.

«Астана» бірінші таймның аяғына қарай төрт гол соғып, басымдық танытты. Сонымен қатар бірнеше гол соғатын тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алды. Ал ойынның екінші бөлігінің басында тізгін тартып, қарқынын бәсеңсітті. Тек матч соңында қамшыны басып, тағы да екі гол салды.

«Астана» Біріккен Араб Әмірлігінде өткізіп жатқан екінші жаттығу жиынында тағы бір жолдастық кездесу өткізеді (8 ақпан күні). Келесі қарсыласы да – Қытай клубы. Бірақ «Шаньдун Лунэн» – азулы команда. Былтыр Қытай суперлигасында 6-орынға ие болған.   

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» бұған дейін төрт жолдастық кездесу өткізген болатын. Ресейдің «Спартагын» 3:2, «Краснодарын» 3:1 есептерімен жеңіп, Словакияның «Жилина» деген командасынан 0:1, ал Швецияның «Хэккен» клубынан 0:2 есептерімен ұтылып қалған.

«Астана» – «Ляонин Хувин» (Қытай) – 6:0 (4:0)

Голдар: Перцух, Зайнутдинов, Щеткин, Муртазаев, Деспотович, Томасов.

«Астана»: Эрич (Павлов), Зайнутдинов (Маевский), Малый (Логвиненко), Постников (Аничич), Бейсебеков (Граховац), Ласло (Құсяпов; Шомко), Станоевич (Жолшиев), Мұжықов, Перцух (Твумаси), Муртазаев (Томасов), Щеткин (Деспотович).

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика