Вернуться к списку статей

Сауд Арабиясының футболы жайлы жеті қызық немесе Кабанангаға енді шашын дұрыстауға тура келеді

Футбол
1K
Сауд Арабиясының футболы жайлы жеті қызық немесе Кабанангаға енді шашын дұрыстауға тура келеді
Бүгін таңертең «Астана» футбол клубының шабуылшысы Жуниор Кабананганың Сауд-Арабиясы чемпионатындағы «Әл-Наср» командасына ауысқаны белгілі болды. Бұл неғылған клуб? Жалпы, Сауд Арабиясының футболы қай деңгейде? Келесі материалымызды осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Алдымен жалпылама деректерді ұсынайық. 18 турдан кейін «Әл-Наср» 27 ұпаймен төртінші орында келеді. Көш басындағы «Әл-Хилалдан» 12 ұпайға артта. Чемпионатта барлығы 12 команда бар. Жалпы, Сауд Арабиясыны өздерінің чемпионаттарын Жапонияның “Джей лигасынан» кейінгі Азияда екінші санайды. Қытай футболына мұрын шүйіріп қарайтыны да бар. Ал енді осы елдегі футбол жайлы сіз бен бізге қызықты жеті деректі ұсынамыз.

«Әл-Наср» соңғы рет қалай чемпион атанды?

Кабананганың жаңа командасы Сауд Арабиясының 8 дүркін чемпионы. Соңғы рет бас жүлдеге 2015 жылы қол жеткізіпті. 26 турдың жиырмасында жеңіске жетіп, төртеуінде тең түскен және екеуінде ұтылып қалған. Бірақ, бір қызығы, мәреге екінші болып жеткен «Әл-Ахли» сол маусымда бірде-бір ойында ұтылмаған. Сонда да 4 ұпайға қалып қойды. Футбол тарихында бірде-бір кездесуде ұтылмай, жеңімпаз атана алмаған жағдай өте сирек.

Шаш үлгісіне ерекше назар

Сауд арабиясында спортшылар үшін шаш үлгісіне де арнайы ереже бар. Ол ислам дініне, жергілікті халықтың көзқарасына, салтқа тағысын тағыға қайшы келмеуі керек. Мысалға, 2016 жылдың көктемінде осы үшін төреші матчты тоқтатып тастауға мәжбүр болған. Бұл «Әл-Шаабаб» пен «Әл-Кадисия» арасындағы ойын еді. Қонақтар қақпашысы Валид Абдулланың шаш үлгісінен Ислам қағидаттарына қайшылықты байқаған алаң иелерінің шабуылшысы төрешіге шағымданып, матчты тоқтатып тастайды. Арбитр «Әл-Кадисияның» бапкерлер алқасына «қақпашыны ауыстыр немесе шашын қиып таста» деп екі вариант ұсынады. Бапкерлер екінші нұсқаны таңдап, дәл сол жерде Валид Абдулланың шашын қиып, ретке келтірген екен. Сондықтан, ай сайын шашын ақ немесе сары түске бояп тұрғанды жақсы көретін Жуниор Кабанангаға «Әл-Насрда» қиындау болайын деп тұр.


Дуа жасады деп айыпталған

Содан бері «Әл-Наср» чемпиондыққа қол жеткізе алмай келеді. Үнемі екінші немесе үшінші орында қалып қойып жатыр. Ал 2016 жылы 22 турдан кейін турнир кестесінде небәрі 8-ші орында келе жатты. Сегіз дүркін чемпион үшін бұл өте төмен көрсеткіш еді. Себепті жан-жақтан іздеді. Тіпті, тәртіп сақшыларын да іске қосты. Сөйтіп, бір күні ойын кезінде стадионнан африкалық бір адамды ұстап алды да, түрмеге қамап, командаға дуа жасады деп айыптады. Айта кетейік, Сауд Арабиясында сиқыршылықпен ұсталған адам өлім жазасына кесіледі. Әлгі «қылмыскердің» кейінгі тағдыры белгісіз. Айтпақшы, сол маусымда «Әл-Насрды» әйгілі Фабио Канаварро жаттықтырған болатын. Ал сол матчта команда тағы да ұтылып қалды.

Әйелдерге футбол көруге енді ғана рұқсат берді

2018 жылға дейін Сауд Арабиясында әйелдерге футболды стадионнан тамашалауға рұқсат болмаған. Бірақ өткен жылдың қарашасында елде «Көзқарас – 2030» бағдарламасы қабылданып, соған байланысты билік басшылары заманауи экономикалық модельді ұстана бастады. Ал осы жылдың 13 қаңтарында әйелдерге алғаш рет футбол ойынын стадионнан көруге рұқсат етіліп, нәзік жандылар «Әл-Ахли» мен «Әл-Батин» арасындағы ойынды трибунадан тамашалапты. Дегенмен, оларға ер адамдардан бөлек, оқшау жерден орын бөліп берген. Тек кәмелеттік жасқа толмаған ұлдарын ғана алып кіре алады.


Ішкі чемпионатта төрт-ақ легионерге рұқсат бар

Ел чемпионатының регламенті бойынша команданың қақпашысы міндетті түрде жергілікті түлек болуы қажет. Ал алаңға команда төрт-ақ легионерін шығара алады. Онда да соның біреуі Азия елдерінің өкілі болуы керек. Дәл қазір «Әл-Насрда» Кабананганы қосқанда сегіз легионер бар. Transfermarkt.de сайтының мәліметіне сүйенсек, команданың ең қымбат ойыншысы – бразилиялық жартылай қорғаушы Леонардо Перейра. Оның бағасы – 2,7 млн. евро. Екінші орында 1,8 миллионмен Жуниор Кабананга тұр.

Әлем чемпионаты үшін ойыншыларын Испанияға жіберді

Сауд Арабиясының ұлттық құрамасы өз тарихында бесінші рет әлем чемпионатының финалдық додасына жолдама алып отыр. Бұған дейінгі мундиальдарда арабтар аса жақсы нәтиже көрсете алған жоқ. Осы жолғысына ерекше дайындалуда. Тіпті, Испаниямен серіктестік орнатып, ұлттық құрамасының 9 ойыншысын Ла лиганың клубтарына жарты жылға жалға берді. Бұлардың арасында «Әл-Насрдың» жартылай қорғаушысы Яхья Аль-Шехри де бар. Бір қызығы, бұған дейін ешқашан Сауд арабиясының футболшылары шетелде доп теппеген еді.


Футбол футболымен намаз өз уақытымен

Сауд Арабиясында ислам шарттарын өте берік ұстанады. Бұл спортта да қатты байқалады. Мәселен, бапкерлер жаттығу кестесін жасағанда оның уақыты намазбен сәйкес келіп қалмауын қатты қадағалайды. Тіпті, ойындар кезінде де солай. Егер басқаша мүмкіндік болмай жатса, ақшам намазын матчтағы үзіліспен сәйкестендіреді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика