Вернуться к списку статей

«Ертістің» екінші жаттығу жиыны. Бұл жолы Жерард Нустан не күтеміз?

Футбол
1K
«Ертістің» екінші жаттығу жиыны. Бұл жолы Жерард Нустан не күтеміз?
Ертең Павлодардың «Ертісі» маусым алдындағы екінші оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияның Анталиясына аттанады. Бұл жолы испан маманы Жерард Нус неше футболшымен келісімшартқа отырар екен?

Павлодарлықтардың бірінші жаттығу жиыны да Жерорта теңізінің жағалауында өткен. Айдың басында «Ертіс» екі аптадай Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екі жолдастық кездесу өткізген болатын. Біріншісінде Украинаның «Черноморец» клубын 1:0 есебімен ұтып, екіншісінде ресейлік «Краснодардың» жастарымен тең түскен. Есеп – 1:1.

Бұл жолы да «Ертіс» Белекті таңдап отыр. Жалпы, Қазақстан клубтарының жаттығу өткізетін басты ордасы осы Белек қой. Төрт жолдастық кездесу өткізбек екен. Алайда, әзірге бір ғана спарринг-қарсыласы белгілі. Қаңтардың 31-і күні Болгарияның «Лудогорец» клубымен кездеседі. Айта кетейік, бұл клубты «Ертістің» экс-бас бапкері Димитар Димитров жаттықтырады.

Жалпы, Жерард Нус өзіне қажет футболшылармен бірден келісімшартқа отыратын жаттықтырушылардың санатынан екен. Бірінші жиыннан кейін-ақ нигериялық Гболахан Салами, испаниялық Адриан Гомес, румын Дору Попадюк сынды легионерлермен келісімшартқа отырды. «Ертіске» енді ғана қосылған Рахымжан Розыбакиев, Кирилл Шестаков, Мақсат Әмірханов сынды қазақстандықтар да бар. Енді екінші оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша тағы неше ойыншы павлодарлықтардың сапын толықтырар екен.

«Ертіс» футбол клубының екінші оқу-жаттығу жиынындағы құрамы:

Қақпашылар: Серікбол Қапанов, Никита Калмыков, Давид Лория.

Қорғаушылар: Адриан Аврамия (Румыния), Берік Айтбаев, Мақсат Әмірханов, Евгений Горячий, Руслан Есімов, Александр Кислицын, Рахымжан Розыбакиев, Милош Стаменкович (Сербия), Дмитртий Шмидт.

Жартылай қорғаушылар: Әлібек Аяғанов, Владимир Воменко, Илья Калинин, Сергей Кисляк (Беларусь), Дору Попадюк (Румыния), Артем Попов, Мадияр Рамазанов, Карлуш Фонсека (Португалия), Павел Шабалин, Кирилл Шестаков, Адриан Гомес (Испания).

Шабуылшылар: Тимур Байжанов, Мидат Галбаев, Гболахан Салами (Нигерия), Арман Смаилов.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика