Вернуться к списку статей

«Астана» Ресейдің төртінші клубын тізе бүктірді

Футбол
1K
«Астана» – «Краснодар» (Ресей) – 3:1. Фото: fca.kz
Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Астана» Ресей чемпионатында төртінші орынды иемденіп тұрған «Краснодар» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:1 есебімен тізе бүктірді.

«Астана» Біріккен Араб Әмірлігінде Ресейдің тағы бір клубымен кездесіп, басым түсті. Әрі бүгін де көрші елдің көшбасшыларының бірін қиналмай ұтып, үш гол соқты. Өздеріңіз білесіздер, елордалықтар осыдан төрт күн бұрын Мәскеудің «Спартагын» 3:2 есебімен ұтқан болатын.

Әрине, бұл – жолдастық кездесу. Біріккен Араб Әмірлігіндегі оқу-жаттығу жиынын аяқтауға айналған «Кранодар» клубының ойыншылары үйлеріне қайтатын кезде босаңсып та қалған болар. Әйтеуір қазақ елінің төрт дүркін чемпионы Игорь Шалимовтың шәкірттерін шыр айналдырды. Басымдық танытты.

Матч басында «Астана» ойыншылары ширақ қимылдап, ресейлік команданың ойыншыларынан асып түсті. Бірінші таймда-ақ үш гол соқты. Әсіресе, Марин Томасовтың бірінші голы өткен маусымда Еуропа лигасының 1/8-финалына дейін жеткен команда жіберетін доп емес сияқты...

Осы голдан кейін «Краснодар» клубының футболшылары намысқа жүгініп, есепті қысқартты. Бірақ «Астана» үзіліске дейін тағы бір гол соғып, жеңісті уысынан шығармайтындығын сездірді. Үшінші голды да Марин томасов соғып, Ресей мамандарының назарын өзіне аудара түсті.

Екінші таймда екі команданың бас бапкері де құрамдарын толықтай өзгертіп, басқа ойыншыларын да сынап көрді. «Краснодар» қақпашысына бірнеше рет өз шеберлігін паш етіп, Қазақстан чемпионының шабуылдарын тойтаруға тура келді. Ал Станислав Павловта ондай мүмкіндіктер болған да жоқ деуге болады...

Бұл ойында да «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов өз қарамағындағы футболшыларды ауыстырып, тіпті қайсыбіреулерін (мысалы, Бахтиер Зайнутдиновті) басқа шепке қойып, қабілеттерін тексеріп көрді. Талғт Құсяповтан басқа жігіттердің бәрін алаңға шығарып, тактикалық ойларын жүзеге асыруға тырысты.   

«Астана» – «Краснодар» (Ресей) – 3:1

Голдар: Малый, 9 (1:0). Томасов, 24 (2:0). Классон, 35 (2:1). Томасов, 44 (3:1).

Ескертулер: Рамирес, 8. Кляйнхайслер, 33. Мұжықов, 87.

«Астана»: Эрич (Павлов, 46), Шомко (Зайнутдинов, 72), Логвиненко (Постников, 46), Малый (Аничич, 46), Шитов (Бейсебеков, 46), Кляйнхайслер (Мұжықов, 46), Маевский (Граховац, 46), Зайнутдинов (Станоевич, 46), Деспоточич (Муртазаев, 46), Томасов (Перцух, 46), Кабананга (Щеткин, 46).

«Краснодар» (Ресей): Крицюк (Синицын, 46), Рамирес (Янбаев, 46), Гранквист (Мартынович, 46), Стежко (Нестеренко, 46), Петров (Калинин, 46), Каборе (Шишкин, 46) Жигулёв (Газинский, 60), Перейра (Ристич, 46), Мамаев (Вандерсон, 46), Классон (Жоаозиньо 46), Иван (Воробьёв, 46).

Төрешілер: Ахмед, А.Аль-Блуши, Яхья (бәрі де – Катар).

26 января 2018 года. ОАЭ. Абу-Даби. Стадион New York University Abu Dhabi. Стадион «Ny University Abu-Dhabi». 26 градус жылы. 150 көрермен.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика