Вернуться к списку статей

2018 жылғы футбол бәсекелеренің кестесі

Футбол
2K
2018 жылы футбол жанкүйерлерін қандай қызықты бәсекелер күтіп тұр
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы екінші Еуропа чемпионатына қатысады. «Астана» ел футболының тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының 1/16-финалында ойнайды. Жазда әлем чемпионатын тамашалаймыз. Күзде «Кәртамыс құрлықты» жаңа жоба Ұлттар лигасы күтіп тұр. 2018 жылдың алғашқы жұмыс күнінде оқырмандарымызды осы маусымның ең ірі аяқдоп додалары мен жаңалықтары кестесін ұсынамыз.

Ұлттар лигасының жеребесі

(24 қаңтар, Швейцария)


Биылдан бастап УЕФА-ның жаңа жобасы Ұлттар лигасы өтеді. Ереже бойынша ұйымға мүше 55 ел 4 лигаға бөлінген. Рейтингіміздің төмендігіне байланысты, біздің құрама тағы 15 командамен бірге соңғы D лигасында. Енді осы лигадағы 16 ел төрт топқа бөлінеді. Егер D лигасында жеңімпаз атанып жатсақ, С лигасының лицензиясынан бөлек, Еуро-2020 финалдық додасының жолдамасын жеңіп аламыз.

24 қаңтарда Швейцарияның Лозанна қаласында алғашқы Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімі өтеді. D лигасындағы командалар төрт себетке бөлінген.

Бірінші себет. Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия.

Екінші себет. Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург.

Үшінші себет. Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта.

Төртінші себет. Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар. 

Футзалдан Еуропа чемпионаты

(30 қаңтар – 10 ақпан, Словения)


Қаңтардың 30-ы мен ақпанның 10-ы аралығында Словения астанасы Люблянада футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі өтеді. Бұл сынға өз тарихында екінші рет Қазақстан ұлттық құрамасы да қатыспақ. 2016 жылы Белградта өткен бәсекеде Какау бастаған жерлестеріміз қола жүлдегер атанған. Осы жолы да кем дегенде сол межеден көрінсе дейміз. Топтық кезеңдегі қарсыластарымыз – Ресей мен Польша. Бірінші ойынды 1 ақпан күні Польшаға қарсы өткіземіз. Ақпанның 3-і күні Ресейге қарсы ойнаймыз.

Еуропа лигасы, 1/16-финал

(15 – 22 ақпан)


Ел чемпионы «Астана» сенсация жасап, Еуропа лигасының 1/16-финалына шықты. Енді келесі кезеңде жерлестерімізге Португалияның «Спортингі» қарсылас болады. Бірінш ойын ақпанның 15-і күні «Астана-Аренада» өтсе, жауапты матч 22 ақпанға Лиссабонға жоспарланған.

Қазақстан Премьер-лигасы

(наурыз – қараша)


Наурыз айында әдеттегідей кезекті ел чемпионаты басталады. Премьер-лигада чемпиондыққа «Астана», «Қайрат», «Ордабасы», «Ертіс», «Тобыл», «Қайсар», «Шахтер», «Атырау», «Ақтөбе», «Ақжайық», «Жетісу» және «Қызыл-Жар» командалары таласады.

Футзалдан УЕФА кубогының финалдық кезеңі

(19-22 сәуір, Испания)


Биыл футзалдан УЕФА кубогының финалдық кезеңі Испанияның Сарагоса қаласында өтеді. «Төртеудің додасына» Испанияның екі командасы «Барселона» мен «Интер» және Португалияның «Спортингі» мен Венгрияның «Дьері» қатысады. Өкінішке қарай, Алматының «Қайраты» элиталық кезеңде жоғарыда атап өткен «Интерге» жол берген.

Еуропа лигасының финалы

(16 мамыр, Франция)


Еуропа лигасының финалы биыл Францияның Лион қаласындағы сиымдылығы 59 186 көрерменді құрайтын «Олимпик парк» стадионында өтеді. Дәл қазір Еуропа лигасында 32 команда қалды. Олардың арасында Қазақстан чемпионы «Астана» да бар.

Чемпиондар лигасының финалы

(26 мамыр, Украина)


Ал Чемпиондар лигасының финалдық матчы Украина астанасы Киевтің «Олимпийский» стадионына жоспарланған. Стадионға 70 050 көрермен сияды. Дәл қазір Чемпиондар лигасында 16 команда қалды.

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі

(шілде-тамыз)


«Астана» ел чемпионы ретінде тағы да Қазақстан намысын Чемпиондар лигасында қорғайтын болады. Бірақ, биылдан бастап УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне өзгерістер енгізді. Енді «Астанаға» топтық кезеңге шығу үшін бұрынғыдай үш кезеңді емес, төрт кезеңді өту керек болады. Елордалықтар Чемпиондар лигасын бірінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Еуропа лигасының іріктеу кезеңі

(маусым-тамыз)


Еуропа лигасының іріктеу додасына Қазақстан атынан Алматының «Қайраты», Шымкенттің «Ордабасы» командасы және Павлодардың «Ертісі» қатысады. Топтық кезеңге шығу үшін біздің командаларға төрт іріктеу кезеңінен өту керек. Еуропа лигасын төрт командамыз да бірінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Әлем чемпионаты

(14 маусым – 15 шілде, Ресей)


Маусым мен шілде айларында теледидар алдына телміріп, Ресейдегі әлем чемпионатын тамашалаймыз. Жеребе тартылып, 32 команда сегіз топқа бөлініп қойған. Финал 15 шілде күні Мәскеудің «Лужники» стадионында өтеді.

Чемпиондар лигасының топтық кезеңі

(қыркүйек-желтоқсан)


Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін бір ай үзіліс алатын жанкүйерлерді әдеттегідей Чемпиондар лигасының топтық кезеңі күтіп тұр. «Астана» 2015 жылы топтық кезеңде өнер көрсеткен. Биыл да сол мақсатты көздейді.

Еуропа лигасының топтық кезеңі

(қыркүйек-желтоқсан)


Чемпиондар лигасымен қатар Еуропа лигасына да көз тігеміз. Үш командамыздың тым болмаса, біреуі Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алады деп үміттенеміз.

Ұлттар лигасы

(қыркүйек-қараша)


УЕФА-ның жаңа жобасында D лигасында бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасы С лигасына жолдама алу үшін және «Еуро-2020» финалдық кезеңіне шығу үшін барын салады. Қарсыластарымыз жеребе тарту рәсімінен кейін анықталады. Ал топтық кезеңнің ойындары қыркүйек пен қараша айларында өтеді.

1-тур. 6-8 қыркүйек,

2-тур. 9-11 қыркүйек,

3-тур. 11-13 қазан,

4-тур. 14-16 қазан,

5-тур. 15-17 қапаша,

6-тур. 18-20 қараша.

Клубтық әлем чемпионаты

(12-22 желтоқсан, БАӘ)


Клубтық әлем чемпионаты биыл да желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді. Оған алаң иелерінен бөлек, алты құрлықтық қауымдастықтың жеңімпаздары қатысады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика