Вернуться к списку статей

UEFA Ұлттар лигасы – Қазақстан соңғы топтың үшінші қоржынында

Футбол
2K
Кесте uefa.com сайтынан алынды
Алдағы сәрсенбіде UEFA Ұлттар лигасының жеребесі тартылады. Әзірше төрт лигадағы (дивизиондағы) құрамалар бірнеше қоржынға жіктеліп қойды.

Қазақстан құрамасының ең төменгі дивизионда, яғни «D» лигасында бақ сынайтынын бұған дейін жазғанбыз. Мұнда UEFA рейтингісінде 40-55 орындарға орналасқан 16 құрама бар. Олар төрт топқа тең бөлінеді. Әзірше осы лигадағы құрамалар төмендегідей төрт қоржынға жіктелді:

1-қоржын: Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия;
2-қоржын: Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург;
3-қоржын: Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта;
4-қоржын: Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар.

UEFA Атқару комитетінің шешімімен, жеребе тартылған кезде Әзірбайжан және Армения құрамаларының бір топқа түсуіне жол берілмейді (екі құрама міндетті түрде әр топқа ажыратылады).

Жағрафиялық ара қашықтықтарының тым алшақтығына байланысты, жол қатынасын жеңілдету үшін, мына тізімдегі төрт жұптың біреуі ғана бір топқа түсетін болады: Андорра және Қазақстан, Фарер аралдары және Қазақстан, Гибралтар және Қазақстан, Гибралтар және Әзірбайжан.

Яғни бір топқа Фарер аралдарымен және Гибралтармен (немесе Андоррамен) бірге түсуіміз мүмкін емес. Тек біреуімен ғана жолымыз түйісуі ықтимал.

Осы «D» лигасындағы төрт топтың жеңімпаздары «C» лигасына көтеріліп, осы лигада соңғы орынға табан тіреген құрамалардың орындарын басады.  

Ең маңыздысы, «D» лигасындағы рейтингісі жоғары төрт құрама (Еуропа чемпионаты жолдамасына қол жеткізе алмағандары) 2020 жылдың наурыз айында «Еуро-2020» додасының бір жолдамасын өзара сарапқа салады.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика