28 жастағы орталық қорғаушы – Загребтің «Динамосының» түлегі. Аталған командадан бөлек «Истра 1961», «Локомотива», «Сплит», «Рудеш», «Штурм» (Австрия), «Сараево» (Босния) және «Кортрейк» (Бельгия) клубтарында ойнаған. Бойы – 190 см. Қорғаушы болса да, әзірше 13 гол соғыпты.
«Атырау» хорват қыранына ерекше сенім артып отыр. Томислав Барбарич қорғанысының орта тұсында тас қамал қорғаушыға айналады деп үміттенеді. Осы ретте айта кетейік, мұнайлы өлкенің клубы былтырғы легионер қорғаушыларының бәрімен еңбек қатынасын үзген.
Жалпы, Барбарич – әзірше, «Атыраудың» үшінші жаңа ойыншысы. Бұған дейін былтыр «Ертістің» намысын қорғаған серб қорғаушысы Стефан Живковичпен, одан кейін өткен маусымда «Ақтөбеде» ойнаған, шабыулшы Игорь Зеньковичпен келісімшартқа отырған болатын.
Өздеріңіз білесіздер, «Атырау» биылғы маусым аралығында бас бапкерін де жаңадан тағайындады. Тізгінді Вахид Масудовқа сеніп тапсырды. Дәл қазір «мұнайшылар» Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әзірше екі жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Әуелі Албанияның «Фламуртари» клубымен 1:1 есебімен, ал кеше осы елдің «Теута» командасымен 0:0 нәтижесімен тең түсті.