Еуропа чемпионаттарының көбісінде қысқы трансферлік терезе 31 қаңтарда жабылады. Сондықтан, бәрі де құрамдарын айдың соңына дейін күшейтіп қалуға тырысып жатыр. Бұлардың қатарында түріктердің «Бурсаспоры» да болған. Басты көздегендері «Астана» сапындағы Патрик Твумаси мен Біріккен Араб Әмірліктерінде доп тепкен сенегалдық Мусса Соу еді. Екеуі де алғы шептің ойыншысы. Алайда, Муссаға қолдары жеткенімен түріктер Твумасиді «Астанадан» тартып ала алмады. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, «Бурсаспор» басшылығы Патрикке алғашқы жарты жыл 450 мың евро жалақы ұсыныпты. Ал келесі маусымнан бастап қолына тұп-тура 1 миллион евродан алып отыруы тиіс болған. «Астананы» да пайдасыз қалдырмауды ойлаған. Ганалық «қара маржан» үшін жалпы құны 1,5 миллион евро төлеуге дайын болыпты. Бірақ оның 750 мыңын бірден төлеп, қалған жартысын екіге бөліп аударуға әзір екендіктерін айтқан. «Астана» келіскен жоқ. Өздерінің 23-ші нөмірлі ойыншысын 1,5 миллионнан екі есе көп бағаға бағалапты елордалықтар. Осы жерден келіссөздер үзілген. Оның үстіне, бүгін 32 жасқа толған Мусса Соуды сатып алған «Бурсаспор» басшылығы екінші шабуылшы қажет емес деп тапқан секілді.
Алайда, Патрик Твумасиге қызығып жатқандар әлі де көп. Солардың бірі Францияның жоғарғы чемпионатында өнер көрсететін «Кан». Дәл қазір бұл клуб Франция чемпионатында 27 ұпаймен 10-шы орында келеді. Еуропа лигасынан 7-ақ ұпай бөліп тұр. Дегенмен, «Бурсаспордың» ұсынысына келіспеген «Астана» басшылығы Твумасиді «Канға» бере салады дегенге сену қиын. Өйткені, франциялықтардың түріктерден артық төлей қоюы екіталай. Transfermarkt.de сайтының мәліметіне сүйенсек, «Канның» ең қымбат футболшысының өзі 4 миллион евро тұрады екен. Осыдан кейін 3 миллионға Твумасиді сатып алады дегенге сеніп көр...
Енді Патрик Твумасиге не істеу керек? Оның «Астанамен» келісімшарты 2019 жылдың желтоқсанына дейін жарамды. Елордалықтар оны қазір емес, жазғы трансферлік кезеңде сатуы мүмкін. Себебі, «Спортингпен» болатын кездесудің қарсаңында «Астанаға» Твумасидің орнын алмастырар басқа ойыншы табу өте қиын болады. Станимир Стойлов та өзінің негізгі ойыншыларының бірінен айрылып қалғысы келмейтін шығар.