Вернуться к списку статей

Еркебұлан Сейдахметтің «Уфадағы» бәсекелестері. Олар кімдер?

Футбол
1K
Еркебұлан Сейдахметтің «Уфадағы» бәсекелестері. Олар кімдер?
Он күннен бері Ресей мен отандық БАҚ қазақтың дарынды жас ойыншысы Еркебұлан Сейдахметтің «Уфаға» ауысқандығын жарыса жазып, жанкүйерлер оның Ресей футболындағы болашағын жан-жақты талқылап жатыр. Расымен де, бұғансы әлі қатпаған, кәмелеттік жасқа енді ғана толатын бозбаланы Башқұртстанның командасында не күтіп тұр. Біз оның «Уфадағы» басты бәсекелестеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Еркебұлан Сейдахмет – әмбебап футболшы. Шабуылда да, жартылай қорғаныстың оң қапталында да, сол қапталында да, шабуылға жақын шепте де ойнап, плеймейкердің де рөлін атқара алады. Осы орайда, «Уфаның» негізгі құрамында 4 шабуылшы, 11 жартылай қорғаушы бар екенін де айта кетейік. Бірақ, сол 11-дің алтауын есепке алуды жөн көріп тұрған жоқпыз. Себебі, олардың басты міндеті – қорғаныс. Ал Еркебұланның ертеңгі басты бәсекелестері мына футболшылар болмақ.

№39. Дмитрий СТОЦКИЙ – жартылай қорғаушы

19 ойын, 2 гол, 3 сары қағаз


Бас бапкер Сергей Семактың ең сенімді ойыншыларының біріне айналған 28 жасар жартылай қорғаушыны «Уфаның» жанкүйерлері Башқұртстанның Дэвид Бекхэміне балап жүр. Расымен де, айып соққыларын жақсы орындайды. Осы маусымда тек бірінші турға қатыспай қалғаны болмаса, қалған матчтардың барлығында үнемі алаңға шығып келеді.

№19. Иван ПАУРЕВИЧ (Хорватия) – жартылай қорғаушы

19 ойын, 3 сары қағаз


Футболдағы карьерасын Германияда бастаған 26 жасар хорват «Уфада» бұған дейін 2014-2016 жылдар арасында доп тепкен. Алайда, кейін бір жылға Англияның «Хаддерсфилд» командасына барып қайтты. Ағылшындармен үш жылға келісімшартқа отыранымен ол жақта негізгі құрамнан орын ала алмай, Англия Чемпионшибінде алаңға бір-ақ рет шыққан. Бірақ, «Уфаға» қайта оралған Иван Пауревич бірден команданың негізгі ойыншысына айналды.

№7. Дмитрий СЫСУЕВ – жартылай қорғаушы

16 ойын, 2 гол, 4 сары қағаз


Бұл 30-ға толғанына екі-ақ күн болған Дмитрий Сысуевтың «Уфадағы» екінші маусымы. Былтыр алаңға аса көп шыға қоймаған. Биыл Сергей Семак оған әжептеуір сенім артып жүр. Ресей чемпионатында 20 ойынның 16-сына қатысып үлгерді. Жартылай қорғаныстың оң қатпалында да, сол қапталында да жақсы ойнайды. Бірақ, плеймейкер ретінде тіптен шебер.

№98. Иван ОБЛЯКОВ – жартылай қорғаушы

11 ойын, 2 гол, 1 сары қағаз


Еркебұланнан бір-ақ жас үлкендігі бар Иван Обляков «Зенит» футбол клубының түлегі. «Уфада» ойнап жүргеніне екі жылдан асып барады. Сергей Семак оны жартылай қорғаныстың барлық шебіне пайдаланып жүр. Мамандар болашақта Ресей ұлттық құрамасының басты жұлдыздарының бірі болады деп үміт артып отырған футболшы.

№44. Силвестр ИГБУН (Нигерия) – шабуылшы

19 ойын, 6 гол, 5 сары қағаз


27 жасар нигериялық сұрмерген Сергей Семактың басты шабуылшысы. Осы маусымда «Уфаның» Ресей чемпионатындағы 19 кездесуіне қатысып, тек біреуін ғана жіберіп алған. Онда да сары қағазының лимиттен асып кетуіне байланысты.

№21. Кехинде ФАТАЙ (Нигерия) – шабуылшы

14 ойын.


«Уфа» сапындағы тағы бір нигериялық шабуылшы. Бірақ, Игбунмен салыстырғанда көрсеткіші соншалықты мықты емес. Былтыр Ресей чемпионатында 22 матч өткізіп, 6 гол соққан екен. Биыл 14 ойында әлі бірде-бір гол соққан жоқ.

№57. Вячеслав КРОТОВ – шабуылшы

12 ойын, 3 гол.


Соңғы кездері Сергей Семак негізгі құрамда Силвестр Игбунмен бірге Кехинде Фатайды емес, мәскеулік «Динамоның» бойшаң түлегі Вячеслав Кротовты алаңға шығарып жүрді. «Уфада» үшінші маусымын өткізіп жатқан шабуылшы әзірге бас бапкерінің сенімін ақтап жүр.

№99. Исламнур АБДУЛАВОВ – шабуылшы

7 ойын, 1 сары қағаз.


Бозбала шағында Киевтің «Динамосында» доп теуіп қайтқан дағыстандық шабуылшы жоғарыда атап өткен трио секілді соншалықты мықты емес. Сергей Семак та оны көбіне алаңға екінші таймдарда ғана шығарады. Сондықтан, бұл шабуылшы Еркебұланға аса қатты бәсекелес бола қоймас. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика