Вернуться к списку статей

«Ордабасының» жаңа бапкері жанкүйерлерін желпіндірді

Футбол
1K
Фото fcordabasy.kz сайтынан
«Ордабасы» футбол клубы Түркияда жаңа бас бапкері Георги Дерменджиевтің жетекшілік етуімен жаттығу жұмыстарына белсене кірісті.

Біріншіден, футболшылардың былтырғы жалақылары толықтай төленген сияқты. Мұны «Ордабасы» клубының ойыншылары отандық басылымдар мен клуб сайтына берген қысқа сұхбаттарында айтып өткен.

Екіншіден, еңбек өтілі адам қызығарлықтай, тәжірибесі мол, беделі жоғары Болгария маманы бас бапкер болып тағайындалды. Оның жаттығу жұмыстарының өзін ерекше өткізетіндігіне «Ордабасы» клубының ойыншылары дән риза сияқты.

Үшіншіден, команда сапы екшеліп, жиырма шақты ойыншы жаңадан жасақталып жатқан құрамға ілікпей қалды. Олардың көбісі – жастары келіп қалған ойыншылар мен орта деңгейлі легионерлер. Есесіне, оңтүстікқазақстандық жанкүйерлердің көбісіне ұнайтын Абдулай Диакате ұжым құрамына таяу күндері қосылады екен.

Төртіншіден, Георги Дерменджиевтің сөздері шымкенттік жанкүйерлерді желпіндірді:

«Ордабасы» қарымды команда, былтыр қола жүлдегер атанған, биыл Еуропа лигасында ойнайды. Осы клубтың тізгінін ұстағаныма қуаныштымын. Шымкенттің өте жақсы қала екенін білемін, командаға жан-тәнімен берілген жанкүйерлері – өте көп. Мен команданың өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, тағы да жоғары жетістікке қол жеткізіп, келесі жылы Еурокубок додаларының бірінде ойнағанын қалаймын. Командадағы ойыншылардың бәрі де мен үшін – жаңа футболшылар. Былтырғы құрамнан біраз ойыншы кетті. Енді олардың орындарын толықтырып, ұжым ішіндегі бәселестікті күшейту керек. Команда құрамын күшейте алатын, өзімнің қойын дәптеріме түртіп алған ойыншыларым бар. Бірақ чемпионат басталғанша әлі уақыт бар. Қазір алғашқы оқу-жаттығу жиынындағы футболшылардың деңгейін анықтап алу керек. Ең бастысы – команданы чемпионат басталғанша дайындап, жігіттерді спорттық баптарына келтіру.

Айтпақшы, қазір «Ордабасы» сапында Украинаның жартылай қорғаушысы Игорь Сикорский мен Павлодар футболының түлегі Дамир Дәуітов сынақтан өтіп жүрген көрінеді. Жаңа ойыншылар мұнымен шектелмесі айдан анық. Әзірше Дерменджиев көпшілік көңілінен шығып отырғандай...

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика