Вернуться к списку статей

"Қызыл-Жарды" жеңген "Ақтөбе" минус ұпайдан құтылды

Футбол
1K
Өз алаңында «Қызыл-Жарды» ұтқан «Ақтөбе» турнир кестесінде минустық ұпайдан құтылды. Дегенмен, соңғы орынды тастап кете алған жоқ.

Осының алдында ғана «Ақтөбе» Қазақстан футбол федерациясының жазасына ұшырап, 6 ұпайынан айрылған болатын. Сөйтіп, «-1» ұпаймен соңғы орыннан бір-ақ шықты. Сондықтан, минус ұпайдан құтылу үшін Владимир Муханов шәкірттеріне бар күштерін салу қажет болды. Оның үстіне, «Қызыл-Жар» да оңай шағылар жаңғақ емес. Рас, өткен турда «Астанадан» жауапсыз екі гол жіберіп алып, 0:2 есебімен ұтылып қалған. Бірақ, оның алдындағы кездесулерде петропавлдықтар минимум бір голдан соғып жүрді. Ұтылса да, өзінікін айтып қалатын.

«Ақтөбе» – «Қызыл-Жар» 2:0 (1:0)

Голдар: Айымбетов, 31 (1:0). Радин, 82 (2:0).

Ескертулер: Қайыров 25, Мульдинов 36, Гунченко 38, Нұрмұхаметов 72, Радин 74, Попхадзе 76.

«Ақтөбе»: Нұрмұхаметов, Айымбетов (Шурыгин 80), Қайыров, Кәкімов, Пиззелли (Рейнальдо 85), Марьянович, Милишевич, Симчевич (к), Фабрисио, Радин, Көкеев (Валиуллин 64).

Резерв: Трофимец, Сәулет, Жұмағали, Юрин, Жалмұқан, Темірхан.

«Қызыл-Жар»: Зәкіров, Ступич, Венков (Попхадзе 46), Делич, Григалашвили, Коронель, Пуношевац, Мульдинов (к), Сұлтанов (Әли Әлиев 78), Гунченко (Жанұзақов 38), Аитов.

Резерв: Цирин, Савченко, Алтаев, Шабаев, Мулдаров.

Төрешілер: Фурқат Атажанов (Шымкент), Сергей Калачев (Атырау), Анатолий Ходин (Атырау).

Ақтөбе қаласы, "Орталық" стадион. 11 000 көрермен.

Алайда, ашулы «Ақтөбені» тоқтату мүмкін болмады. Алдымен 31-минутта Маркос Пиззеллидің сол қапталдан әуелете асырған пасынан кейін Абат Айымбетов есеп ашқан. Екінші голды алаң иелері матчтың аяқталуына 10 минуттай қалғанда соқты. «Ақтөбенің» сериялық соққыларынан кейін қонақтар қауіптің бетін қайтарғандай болған. Кенет, шабуылға араласқан серб қорғаушысы Милан Радин 30 метрдей жерден допты қақпаға қақырата теуіп, дәл тоғыздықты көздеді.

Қорытынды есеп – 2:0, дәл қазір турнир кестесінде «Ақтөбенің» еншісінде 2 ұпай. Ал егер ҚФФ санкциясы болмағанда Владимир Муханов командасының еншісінде 8 ұпай болып, 7-ші орынға көтерілер еді.

– Бірінші рет өз командамның осындай қауқарсыз күйін көрдім. Бәлкім, бұл футболшылардың жергілікті ауа-райына үйрене алмағандығынан шығар. Петропавлда қазір -5, ал Ақтөбеде +25 градус. Соған қарамастан екінші таймда жақсы ойнадық. Кем дегенде бір гол соғуға лайықты болған едік, - деп матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Қызыл-Жардың» бас бапкері Никола Спасов ағынан жарылды.

Келесі турда «Ақтөбе» «Атырауға» қонаққа барса, «Қызыл-Жар» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдайды.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика