Қылмыстық іс...
Бүгін, осы ойынның қарсаңында, Қазақстан футбол федерациясы мен ҚР Кәсіпқой футбол лигасы Астанада шұғыл жиын өткізіп, көпшілікті елең еткізді. Себеп, «Қайсар» мен «Ордабасы» матчының бас төрешісіне белгісіз, беймәлім біреулер қысым көрсеткен. Қандай қияпат қылық көрсетілгені жарияланбады...
Осыған байланысты ҚФФ мен КФЛ аталмыш матчтың бас төрешісі Алексей Бобровты FIFA төрешісі Денис Лобашовқа ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Әрі дәл осы жағдай бойынша Қызылорда облысының Ішкі істер департаментінде қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдеді...
... қозғалғанымен, есеп ашылған жоқ
Екі командаға да жеңіс ауадай қажет еді. «Ордабасы» клубына ұзап бара жатқан көшбасшылардан қалмау керек, тіпті қуып жету қажет. Әрі ҚФФ Сертификация комиссиясы Еуропа лигасынан шеттеткен соң, еңселерін тіктеп, команда атына дақ түсірмеуге тырысу қажет-ақ.
«Қайсар» соңғы орында тұрған. Рас, алты ұпайынан айырылған «Ақтөбе» төмен сырғып, бір саты жоғары көтерілген. Әйтсе де, әлі жеңіске жете алмай, жанкүйерлерін жасытып жүр. Сондықтан, Еуропа лигасына қатысу құқығынан айырылып, көңілдеріне қаяу түскен «Ордабасыны» жеңудің сәті түскендей еді...
Бірақ екі команда да гол соға алмады. Қызық болғанда, «Қайсардың» ойыншылары дағарадай қақпаны емес, оның маңдайшасы мен қос бағанын «көздеп», бірнеше рет «мергендік» танытты. Қалай десек те, қарқындары біршама жоғары болғанымен, қос команда да гол соға алмай, пұшайман болды.
Сөйтіп, бұл ойын тең аяқталды. Есеп ашылған жоқ. «Қайсар» өз алаңындағы төрт ойынның үшеуінде осылай гол соға алмай, жанкүйерлерінің жігерін құм қылды. Ал «Ордабасы» үшінші рет жеңіске жете алмады. Мұның алдындағы екі ойында ұтылып қалған болатын.
«Қайсар» – «Ордабасы» – 0:0
Ескертулер: Бертольо, 30. Коробкин, 68. Граф, 88.
«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Евстигнеев, Гурман (Байжанов, 55), Коробкин, Нарзілдаев (к) (Камара, 73), Курьор, Вере (Аржанов, 67), Жаңғылышбай.
Қосалқы құрам: Григоренко, Джа Джедже, Аркин, Тәжімбетов, Балтаев, Жақаев.
«Ордабасы»: Нарзикулов, Төлебек (к), Жақсыбаев, Фонтанелло, Шәмші, Диакате, Ковальчук, Бочаров (Әшірбеков, 90+3), Досмағамбетов, Бертольо (Нагаев, 62), Тұңғышбаев (Джигаури, 79).
Қосалқы құрам: Шайзада, Адырбеков, Зұлпықаров, Әбдірахман, Ли, Сүлей.
Төрешілер: Лабашов (Атырау), Якбаров (Семей), Жақсылық (Қызылорда).
28 сәуір, 2018. Қызылорда, Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы. 3000 көрермен.